Елімізде коммуналдық қызметтер, ақылы қызметтер, азық-түлік қымбаттады. Енді тұрғындар жарық, су үшін жаңа тариф бойынша төлей бастайды. Қызметтер бағасы қанша пайызға өсті және оған не себеп?

Жасыратыны жоқ, қазір екі адамның басы қосылса қымбатшылықты сөз қылады. Себебі, айлық азық-түліктен артылмай тұр. Қалтаны қаққан нарық бағасы халықтың ырқына бағынар емес.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2025 жылғы қаңтардағы инфляция деңгейі 1,1 пайызды құрады. Азық-түлік тауарларының бағасы 1,4, ақылы қызметтер 1,1, азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасы 0,6 пайызға өсті. Жылдық инфляция мәні 8,9 пайыз болды. Оның ішінде ақылы қызметтер бағасы 13,8 пайыз, азық-түлікке жатпайтын тауарлар 8,4 пайыз, азық-түлік тауарларының бағасы 5,8 пайыз өсті.

Бағаның күрт көтерілуіне не себеп? Бұл жөнінде Үкімет басшысының орынбасары Серік Жұманғарин:

– Қазір жарықтың бағасы қымбаттады. Газдың бағасы қымбаттайын деп жатыр. Жылу, бүкіл коммуналдық тарифтер қымбаттады. Ол, әрине, ертең әсер етеді. Оны жабу керек қой?! Қалай жабамыз? Әлеуметтік көмекті, бюджет қызметкерлеріне айлықты көтереміз. Алдымызда 2029 жылға дейін Ұлттық қордағы қаражатты 100 млрд. АҚШ долларына жеткізу керек деген тапсырма бар. Сол себепті біз бүгін жариялаған реформа осы сұраққа – жауап. Ертең бүкіл кірістер мен шығындарды қамтамасыз ету, барлығын қалпына келтіру үшін қазір осындай реформа қажет. Реформа болса қалғанының бәрін біз жабамыз. Әлеуметтік осал топтарға көмектесеміз. Айлықтарды көтереміз. Бизнеске дамуға арналған қаражатты береміз. Дұрыстап көмектесеміз. Ұлттық қордан қосымша қаражат сұрамаймыз. Оның бәрін жасау үшін осындай реформа қажет, – дейді.

Қаңтарда азық-түлік бағасы күрт көтеріліп халықты әбден әбігерге түсірді. Азық-түлік тауарларынан: картоп 16,4, қырыққабат  8,8, сарымсақ  6,4, қияр 5,4, жүзім 4,1, тәтті бұрыш 3,9, қызанақ 3,5, сары май 4,1, күнбағыс майы 3,9, тұздалған майшабақ 3,4 пайызға өсті.

Асқақтаған бағаны тұрақтандыру үшін облыс басшылығы жедел шара қолданды. «Жетісу» ӘКК» ӨДИ» АҚ Талдықорған қаласы аумағында шағын дүкендер құрды. Соның нәтижесінде қаладағы 7 әлеуметтік дүкенде және қосымша 5 сауда нүктесінде азық-түліктер тұрақтандыру қоры белгілеген бағамен сатылуда. Мәселен, қаңтар айының басында келісі 450 теңгеден сатылған картоптың бағасы әлеуметтік дүкендерде 180 теңгеден саудаланады. Ал күріштің келісі 390, пияздың келісі 112, сәбіздің келісі 144, тұздың келісі 65 теңгеден. Бағасы шарықтап тұрған азық-түлік тауарлары әлеуметтік базар, дүкендер мен коммуналдық базарларда әлдеқайда арзан.

«Жетісу» ӘКК» ӨДИ» АҚ-на бағаларды тұрақтандыру үшін 2023-2024 жылдары бюджеттен 9,2 млрд. теңге бөлініп, биыл 31,2 мың тонна әдеуметтік тауарларды жеткізуге шарттар жасалған.

Айдар ҚАЛИЕВ
Фото: east-fruit.com 

By karatal

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *