Нашақорлық күллі әлемнің өзекті мәселесіне айналды. Қоғамда есірткі шегем деп есінен танып, ел-жұртын таппай жүргендер көбейіп келеді. Ең сорақысы, синтетикпен сенделіп, есірткіден есі кетіп жүргендердің басым бөлігі оң-солын танып үлгермеген жастар. Бірі жеңіл ақшаға қызықса, екіншісі көгілдір экраннан көрген киноларға еліктеп наша шеккеніне мәз.Есірткі сатумен айналысатындар да ақша көрсе тез алданатын, ерке, шолжаң болып өскен топтарды торуылдайтын көрінеді. Бүйте берсе өскелең ұрпақ бір сәттік қызық үшін есірткінің құрсауына шырмалып, өмірін құрдымға кетіреді. Сондықтан біз болашақ жастарды ғасыр дертінен қайтсек аман сақтаймыз деген сауалға жауап іздеуіміз керек.

«ШАБАҚ» ТҰТЫЛЫП, «ШОРТАН» ҚҰТЫЛАДЫ

Қаншама тағдырды талқандаған нәубетке жастардың көптеп шырмалып жатқанына көңіл жүдейді. Ең сорақысы, күн өткен сайын есірткі тектес заттардың формасы түрленіп, жастарды улауда. Полиция қызметкерлері де синтетикалық есірткі болашақ ұрпақты сенделтіп жатқанына алаңдаулы.

Облыста нашамен ұсталғандардың көбі 18-25 жас аралығындағы жастар екен. Облыс бойынша былтыр 150-ге жуық қылмыс тіркеліп, 85 қылмыскер ұсталған. Оның бесеуі кәмелет жасқа толмаған бала. Құрықталғандардың 80 пайызы «мефедрон», «скорость» сынды синтетикалық есірткі қолданған. Тіркелген қылмыстың 53-і нашаны сатумен айналысқандар болса, 12-сі аса ірі көлемде сақтағандар. 250-ге жуық азамат диспансерлік бақылауда тұр. Ал жыл басынан бері 7 азамат ұсталған. Оның біреуі жасы 20-дан асқан бұрымды. Ең ірі көлемде нашамен құрықталған да нәзік жанды. Ол былтыр 1 келі синтетикалық есірткімен тұтылды.

Облыста нашамен ұсталғандардың көбі 18-25 жас аралығындағы жастар екен. Облыс бойынша былтыр 150-ге жуық қылмыс тіркеліп, 85 қылмыскер ұсталған. Оның бесеуі кәмелет жасқа
толмаған бала.

– Нашамен ұсталған кәмелетке толмаған 5 баланың біреуіне қылмыстық сот жүріп жатыр. Көксу ауданының азаматын бір күндік жалдамалы пәтерде 500 грамм «мефедронды» сатпақшы болған жерінен құрықтадық. Оң-солын білмейтін бала есірткіні жасырумен айналысады екен. Онымен қоса өзі де шегіп алыпты. Былтыр есірткі сатумен айналысатын қылмыскерлер күніне 50-ге жуық наша жасыратынын айтқан. Әр жасырғанына ақша алады екен. Сөйтіп, жеңіл ақша табуға тырысады. Бірақ жеңіл ақшаның ауыр азабы боларын ұмытпаған абзал, – дейді облыстық полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының басшысы Нұржан Сейсенбеков.

Жаңбырдан кейінгі қаулаған саңырауқұлақтай өрісі кеңейіп келе жатқан кеселмен құзырлы органдар аянбай күресіп келеді. Алайда есірткі сатып, мол ақша табамын деушілер азаяр емес. Ал оны өткізуде заманауи технологияның ықпалы зор. Әлеуметтік желілер, бақылаусыз мессенджерлер, құпия төлем құралдары бар. Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, наша сатумен айналысатындар көбіне Telegram әлеуметтік желісі арқылы жұмыс істейді екен. Оларды тереңірек тексергенде  көп жағдайда шет елдерде тіркелген боп шығады. Өкінішке қарай, адамды улап, қыруар ақшаны қалтасына басқан «шортан» құтылып, жеңіл ақша табамыз деп алданып қалған «шабақтар» тұтылып жатыр.

ЕСІРТКІ ӨСІРУ  АУЫЛҒА ДА КЕЛДІ

Жеткен жеріміз осы ма?! Сұмдық қой бұл. Қаймана қазақтың қаймағы бұзылмаған  елді мекендерінде есірткі өсіріп, сататындар да көбейіп келеді. Полиция департаментінің мәліметінше, қылмыскерлер өзге елден 60 күнде өсетін анашаның тұқымын әкеліп егеді екен. Оны бағып-қағып, түптеп өсіреді.

– Былтыр Сарқан ауданында үйдің ауласында есірткі өсіріп,  табысқа кенелемін деген қызылордалық азаматтарды құрықтадық. Үйдің ауласы ағаштан көрінбейді екен. Тексеріс барысында 400 келі анаша тәркіленді. Сонымен қатар, Үштөбе қаласында да қираған үйде анаша өсіргендер ұсталды. Бұлар да қызылордалықтар. Үштөбеде құмның астында бұрынғы кеңес дәуірінен қалып кеткен құдықтар бар екен. Қылмыскерлер құдыққа насос тастап есірткіні суғарып жүріпті, – дейді басқарма басшысы.

Ең сорақысы, Ескелді ауданынан есірткі қоймасы ретінде пайдаланылған пәтерді анықтаған. Молдова елінен келген азамат пен қазақстандық азамат «мефедрон» дайындайтын қойма ашып, есірткі сатқан. Құқық қорғау органдары үйді тінту барысында 8 келі «мефедрон» тәркілеген.

Алақандай елді мекенде ескірткі өндірумен шұғылданған күдіктілерді енді  қатаң жаза күтіп тұр. Бұрын тас қаладағы түнгі клубтардан қорқушы едік, бүгінде бұйығы тірлік кешіп жатқан ауылдағы бір үйде есірткінің егесі отыруы бек мүмкін. Есірткі саудалап есіріп алғандар енді алтын бесік саналатын ауыл жастарына қол салары анық. Жемқорлықты түбімен жоймасақ  түбімізге жететін түрі бар. Сондықтан бізге бұл дертпен қоғам болып күресу қажет. Ауылдан қылмыскер, есірткіге есі кеткен жастар шықпасын десек ең алдымен біз бала тәрбиесіне көңіл бөлуіміз керек.

Жастар арасындағы есірткі секілді жаман әдеттерге үйірсектік, ата-аналарынан безіну оларға көңіл бөлудің аздығы мен тәрбие беру жүйеміздің нашарлағандығында. Қадағалаусыз бала ғаламтордан көрген ақпараттарға тез алданып, соның жетегінде кетеді. Дана халқымыз: «Ел боламын десең, бесігіңді түзе», – деп текке айтпаған. Әрбір ата-ана өз баласының тәртібі мен тәрбиесіне аса мән беріп, бос уақытта немен айналысатынына қатаң бақылау жасаса, жастар арасындағы құқықбұзушылық пен қылмыстың төмендеуіне көп септігін тигізер еді, – дейді облыстық полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының басшысы Нұржан Сейсенбеков.

ЖАЗА НЕГЕ ЖЕҢІЛДЕДІ? 

Жуырда есірткінің заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша заңға қол қойылды. Заңдағы өзгертулер наурыз айының 3-інде күшіне енеді.

Заңда есірткі бизнесін ұйымдастырушылар және есірткі таратушылар, оның ішінде «есірткі жасырушылар» үшін қылмыстық жауапкершілік бөлінген. Бұрын қылмыскерлер үшін Қылмыстық кодекстің 297-бабы бойынша бірыңғай жаза қолданылған болса, енді есірткі жасырушылар Қылмыстық кодекстің 297-бабы бойынша жауапқа тартылады. Нақтысын айтсақ, енді есірткі сатушыларға жеңілдетілген жаза қарастырылған. Мәселен, заңның 1 бөлігі бойынша енді қылмыскерлер аз мөлшерде есірткі өткізгені үшін ұсталса 5 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Бұрын 5 жылдан 10 жылға дейін темір торға қамалған. Ірі мөлшерде есірткі сатқандар 6 жылдан 10 жылға дейін сотталады. Бұрын 6 жылдан 12 жылға дейін болған. Аса ірі мөлшерде есірткімен ұсталғандар 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Бұрын 10 жылдан 15 жылға дейін болған.

Жыл басынан бері 7 азамат ұсталған. Оның біреуі жасы 20-дан асқан бұрымды. Ең ірі көлемде нашамен құрықталған да нәзік жанды. Ол былтыр 1 келі синтетикалық есірткімен тұтылды.

Наша сатқандар мен шеккен жастардың саны артып келеді. Онда нашақорлық қылмысына қатысты жаза неге жеңілдетілді?

Облыстық полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы басшысының орынбасары Эмиль Шарменев:

– Жастар арасында есірткіге әуес жандар әлі де азаймай тұр. Неліктен біз жастарды түрмеден босатқымыз келеді? Өйткені олар түрмеде бір-бірімен тәжірибе алмасып, келіссөздер жүргізе бастайды. Бұл бізге не үшін керек? Есірткі қылмысын жетілдіру үшін бе? Керісінше, біз олардың жазасын қысқартып, жұмыс істеуге, саламатты өмір салтын қалыптастыруға бейімдеуіміз керек. Бұл санаттағы адамдардың шартты мерзімінен бұрын босауға, сондай-ақ, жазаның өтелмеген бөлігін одан да жұмсақ түрімен ауыстыруға құқығы бар. Бірден айта кетейін, әрбір үкім сотпен дербес қаралатын болады (айлық мерзім). Бұл үшін сотталушы жазасын өтеп жатқан мекеме әкімшілігінің ұсынымы немесе оның өзінің өтінішхаты қажет, – дейді.

Бұл өзгерістер қылмысты алғаш рет жасаған жастардың түзелуіне, мерзімінен бұрын бостандыққа шығуына мүмкіндік береді. Заңнан сондай-ақ шартты түрде мерзімінен бұрын босату немесе қалған жазаны жеңілдетілген шараларға ауыстыру мүмкіндігі туындайды. Сонымен қатар, есірткі бизнесін ұйымдастырушыларға, есірткі өндірушілерге және лауазымды тұлғаларға қатысты жауапкершілікті күшейтетін жаңа бап енгізілді. Мұнда есірткі бизнесін ұйымдастырушылар және есірткі өндірушілер, лауазымды тұлғалар үшін жаза қатаңдайды. Оларға 15 жылдан 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Енгізілген өзгерістер қылмыстық жауапкершіліктің бұдан да әділетті жүйесін құруға, сондай-ақ, қоғамды есірткінің заңсыз айналымы салдарынан қорғау бойынша шараларды күшейтуге мүмкіндік береді.

ЖЕҢІЛ АҚШАНЫҢ АУЫР АЗАБЫ
(Болған оқиға ізімен)

Естігүл (аты-жөні өзгертілген) бір үйдің жалғыз қызы. Ата-анасы тұрмысы төмен болса да қара жұмысқа жегіліп, тапқан- таянғанын Құдайдан сұрап алған жалғыз перзентінің алдына тосып, жоқшылық дәмін татқызбады. Не ішемін, не жеймін дегізбеді. Ерке әрі шолжаң болып өскен қыз үй шаруасына да араласпады. Әке-шешесінің арқасында тайраңдап жүріп оқуға да ынтасы болмады. Мектепті 9-сыныпқа дейін ғана оқып, қаладағы училищенің біріне оқуға түсті. Училищені тамамдаған соң небәрі 18 жасында Ержігіт есімді жігітке тұрмысқа шықты. Көп ұзамай екеуі ата-ана атанды. Араға екі жыл салып екінші бала дүниеге келді. Екі баланы бағып-қағу оңай емес. Осы кезден бастап отбасында қаржылай қиындықтар туындай бастады. Онсыз да тұрмыс тауқыметі мен таршылығы қажытып жүргенде Ержігіт жұмысынан шығып, бірнеше ай табыс таппай қалады. Бұл жығылғанға жұдырық болды. Онсыз да ақша үшін үйінен ұрыс кетпеген ерлі-зайыптылар екі-үш ай жұмыссыздыққа шыдамай ажырасып тынады. Жалғызбасты ана  бүлдіршіндерін ата-әжесіне тастап, пәтер жалдап қалаға көшті. Мақсаты – жұмысқа орналасып, ақша тауып, бала-шағасын асырау. Бірақ, қалаға келгенде бірден жұмыс тауып кете алмады. Қырсық бір айналдырса шыр айналдырады. Естігүл мамандығы бойынша қызмет таппай қаншама мекеменің табалдырығын тоздырады. Бір күні «Instagram» желісінен «жұмыс керек пе?» деген жарнаманы көріп қалады. Қосымша табыс артық етпейді деп сілтемеге басып, «Telegram» арнасына өтеді. Сөйтсе бұл есірткі сататын канал болып шығады.

– Қандай жұмыс істеймін, ақшасы қанша болады? Қауіпті емес пе, ұсталып қалмаймын ба? 

Ғаламтордың арғы жағындағы беймәлім адам қыздың қиналып тұрғанын сезіп, өзінше жанашырлық танытып:

– Уайымдамаңыз, бізде көп адам жұмыс істейді. Мен қаланың әр шетіне есірткі тығып, әрқайсын суретке түсіріп, ұялы телефоныңызға жіберіп отырамын. Сіз бар болғаны есірткілерді жинап, граммен бөліп, маған қайда жасырғаныңызды жіберіп отырасыз. Аптасына 200-250 мың теңге көлемінде табыс табасыз, – дейді.

Естігүл бір апта қиналып жүрді. Бір аптадан соң  «Блокчейн» арқылы қаржысын алды. Қолына ақша түскен соң есірткі сатқанын ұмытып, жан қинамай тез арада көп табыс тауып, тез баю жағын мықтап ойластырды. Әдеттегідей емес, осы жолы көп тапсырыс алады. Ол 5 сөмке анашаны әр жерге тығуға шығады. Бірінші сөмкеде 15, екіншіде 25, үшіншіде 30, төртіншіде 40, бесіншісінде 30 дана есірткі бар. Алғашқы қапты сәмбі талдың түбіне жасырып, шыға бергенде полиция қызметкерлері көптен бері есірткі жасырып жүрген бұрымдыны ұстап алады. Оңай ақша табамын деп наша сатқаны үшін ол 10 жылға темір торға қамалады.

Кім кінәлі? Ерке, шолжаң қылып тәрбиелеген ата-ана ма, екі баласымен тастап кеткен жолдасы ма, оңай ақшаға қызыққан әйел ме? Қалай дегенде де оңай олжа болмайтынын ескерсек дейміз.

Шыны керек, ата-аналардың көбі күнделікті күнкөріс қамымен жүріп, балаларының кіммен араласып, қандай әлеуметтік желіде отыратынын білмейді. Кейбірі баланың бетін қақпайын деп тым ерке, шолжаң қылып өсіреді. «Балаңды аясаң аяма», – дейді халқымыз. Сондықтан есірткі есеңгіретпесін десек, дереу отбасындағы тәрбиені қолға алу керек. Себебі, есірген бала есірткіге ұрынады. 

Айдар ҚАЛИЕВ

By karatal

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *