Ақпан айының 15-ші жұлдызы Кеңес әскерінің  Ауғанстан жерінен шығарылған күні әрі биыл оған 36 жыл толды. Осыған байланысты Талдықорған қаласында сол бір қанды майдан, қарулы қақтығыстарда қаза тапқан ел азаматтарын еске алуға арналған арнайы іс-шара өтті.

Тағылымды шараға аймақтағы Ауған соғысының ардагерлері, жергілікті билік өкілдері, жастар және басқа да саланың жетекші мамандары қатысты. Жиналған жұрт алдымен қаланың орталық саябағындағы жауынгерлерге арналған ескерткіш алдына гүл шоқтарын қойып,  өмірден өткендерді бір минуттық үнсіздікпен еске алды.

Талдықорған қалалық қорғаныс істер жөніндегі басқарма басшысы, полковник Мақсат Қуандықұлының сөзінше, кезінде Ауғанстан жеріне қазақ даласынан жалпы саны 22 мың жауынгер аттанса, олардың 3700-ден астамы осы Жетісу жерінен. Соғысқа барған сол азаматтардың 924-і майдан даласында қаза тауып, 21 адам із-түзсіз кеткен. Жат ел, жат жердегі шайқас шебіне азаматтық борышын өтеуге барған олардың көрсеткен ерен ерлігі елге ұран, ұрпаққа үлгі. Бүгінде Жетісу облысының орталығында сол соғысты өз көзімен көрген 307 азамат тұрады.

– Бүгінгі еске алу шарасына жиналғандар арасында соғыс майданында қаза тапқан азаматтардың аналары мен жақын туыстары бар. Біз сол кісілердің алдында басымызды иеміз. Қазір біздің ардагерлеріміз аймақтағы әрбір ауыл, аудан, қалалардағы жастармен кездесіп, өнегелі өсиет айтуда. Ұрпақтарға патриоттық тәрбие беріп, елін, жерін сүйіп, Отанын қорғауға шабыттандыру –  біздің басты борышымыз,– дейді Жетісу облыстық Ауған соғысы ардагерлер кеңесінің төрағасы Қайрат Жаңабаев.

Осыдан соң еске алу шарасы облыс орталығындағы І.Жансүгіров атындағы мәдениет сарайында өткен салтанатты жиынға ұласты. Жиналған қауым алдында сөз алған Талдықорған қаласының әкімі ардагерлерді мерейлі мерекемен құттықтап, ізгі тілегін жеткізді.

– Ауған соғысы біздің тарихымызда терең із қалдырды. Ол ерлік пен қайсарлықтың символы болды. Соғыстың барлық қатысушылары, соның ішінде бүгінгі ардагерлеріміз Отан алдындағы қасиетті борышын адал атқарып, еліміздің тыныштығы үшін күресті. Біз сіздердің ерліктеріңізді ешқашан ұмытпай, құрмет етеміз. Арамызда отырған барлық ардагерге шынайы алғысымды білдіремін», – деді шаһар басшысы.

Осы орайды Ернат Дүйсенбекұлы аймақтағы 30-ға жуық Ауған соғысы ардагерлеріне облыс әкімі және қала әкімінің Алғыс хаттарын табыстап, UAE SWAT Challenge сайысында топ жарған күштік құрылымдардың бір топ офицерін марапаттады. Еске сала кетсек, ағымдағы жылы ақпан айының басында өңірдегі ҚР Ұлттық ұланы 5514 әскери бөлімінің «Бүркіт» жасағының жауынгерлері аталған сайыстан үздік нәтижемен оралған еді. Жарысқа әлемнің  80 елінен 105 команда қатысып, бұл жауынгерлер әлемнің үздік 10 арнайы бөлімшесінің қатарында көк туымызды көкте желбіретіп қайтқан болатын.
Шара соңы аймақ өнерпаздарының концерттік бағдарламасымен жалғасты.

 

Айдын КӘЛІМХАН

By karatal

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *