Көк күлімдеп, жер жасанған, бел мен қырқа манаты мен мақпалына талпынған таңғажайып көктемнің орта шенінде келер Көрісу күні исі қазақтың төл қуанышы. Осынау күнде «Жаңа жасыңмен», «Жыл берекелі болсын» деген ізгі тілегін таңдайдан төге жақыны, туыс-танысымен көрісер халқымыздың ерекше сәті, Наурызнаманың алғашқы мерекесі облыс халқының атап өтуімен ерекшеленді.
Бикен Римова атындағы Талдықорған драма театрының алдында өрнек тапқан мерекелік шара ғасырлардан ғұрпы үзілмей жеткен жоралғылармен бастау алды. Әуелі абзал ана мен ардақты қарт жолығып есендік сұрасты, жылдың берекелі, әр күннің мерекелі болуын жаратушысына жолдағандай диалог орнады. Соңыра жас келіннің жаңа туған нәрестесіне азан шақырылып ат қойылды. Осылайша Сақтан қалған салт пен Ғұннан жеткен ғұрпымыз Би апа театры актерлары ойнаған қойылым арқылы әсерлі сахналанды.
Мерекелік салтанатта алғашқы болып сөз алған облыс әкімінің орынбасары Диас Есдәулетов:
– Бабаларымыз бұл күнді «Амал келді, жыл келді» деп ерекше қуанышпен қарсы алған. Наурыздың 14-жұлдызында басталып, ай бойы жалғасын табар бұл мереке – береке мен бірліктің, татулық пен тектіліктің нышаны. Халқымыз шаттық пен қуанышқа, молшылыққа кенелсін, – дей келе Жетісу жұртшылығын Амал мерекесімен құттықтады.
Күн мен түннің теңесер уақытынан оза келген әрі озалдан дәстүрімізге айналған игілікті мейрамға орай өткен шарада Б. Римова атындағы драма театрдың әртістері, облыстық Д. Рақышев атындағы филармонияның өнерпаздары өнер көрсетті. Ұлылардың шығармашылығынан түзілген шедевр туындылар, халық әндері әуеледі. М.Төлебаев атындағы ұлт-аспаптар оркестрінің орындауында дәулескер күйшілердің ғажайып туындылары шертілді. Аталмыш филармонияның бишілері жел тербеген жауқазындай майыса, мың бұрала биледі. Ұлттық бұйым мен киімдер қойылған, қолөнер шеберлерінің ісмер саусағынан шыққан ұлттық нақыштағы заттардан қойылған көрме ел назарына ұсынылды
Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ