Өткен жыл алакөлдіктер үшін жемісті болды. Егіс дәнге, өріс малға толды. Күзгі жиын-терін жұмысы да аязға ұрынбай, боранға соғылмай жинастырылды. Аудан әкімінің баспасөз қызметінен алынған ақпарат бойынша биыл ауданда 82271 гектар жер игеріліп, оған дәнді-майлы дақылдар, азықтық пен малдың жемшөбі, қант қызылшасы мен көкөністер себіледі.
Бүгінде көктемгі дала жұмыстары басталып, 1000 гектар жерге ылғал жабылып, 500 гектарға тырмалау жұмыстары орындалған. Ал дақылдарды себу жұмыстары әлі басталмады.
Қант қызылшасына қажетті тұқымға, оны себетін техникаға сұраныс беріліп, бәрі дайындалған. Оның ішінде «Жетісу» ӘКК» ӨДИ» АҚ 265 гектарға (5 шаруашылық) 391 себу бірлігін, сыртқы жеткізушілерден 443 гектарға (4 шаруашылық) 610 себу бірлігіне төлемдер жасалған. Минералды тыңайтқыштар бойынша 1211 тоннаға 19 шаруашылық сұраныс берген. Қазіргі уақытта 1027 тоннасын (8 шаруашылық) сатып алыпты. 21 шаруашылық көктемгі дала жұмыстарына қажетті 557 тоннаға дизель отынына сұраныс беріп, 3 шаруашылық 196 тоннасын алуға келісімшарт жасаған. Көктемгі дала жұмыстарына қажетті 859 трактор, 251 соқа, 138 сепкіш, 125 қопсытқыш, 168 жер тырма, барлығы 1673 техниканың 1541 жөндеуден өтіп, сақадай сай тұр. Көктемгі дала жұмысына қажетті тұқымдардың бәрі зертханалық тексеруден өткен.
Ауылшаруашылығы дақылдарының өнімділігін арттыру мақсатында минералдық тыңайтқышқа жыл басынан «Казфосфат», «КазАзот» серіктестігіне 19 шаруашылықтан 1211 тоннаға өтінім түсіп, 13 шаруашылық 1017 тоннасын сатып алған. Ауданда 29901 гектар суармалы егістік жер бар. Су жүйелерін тазалау жұмыстары басталды.
Қажет АНДАС
Алакөл ауданы
Фото: egemen.kz