Биыл елімізде төртінші рет өткен Ұлттық құрылтай отырысы Қазақстанның көрікті өңірі – Бурабайда ұйымдастырылды. Құрылтайдың дәл осы тарихи жерде өтуі кездейсоқ емес. Себебі, Бурабай – кезінде үш жүздің билері бас қосып, ел тағдырына қатысты маңызды шешімдер қабылдаған қасиетті мекен.
Бүгінгі таңда да бабалар жолын жалғаған ел басшылығы мемлекеттік мәселелерді ашық түрде халық талқысына салды. Құрылтай жұмысына 100-ден астам қатысушы – заңгерлер, мәжіліс депутаттары, экономистер, этнос өкілдері, үкіметтік емес және қоғамдық ұйымдардың мүшелері қатысты.
Құрылтай төрт негізгі бағыт бойынша өтті:
- Азаматтық қоғамның дамуы
- Мәдениет саласы
- Білім мен ғылымды дамыту
- Аймақтардың әлеуметтік-экономикалық өрлеуі
Отырыс барысында әйелдердің бас бостандығынан айыруға қатысты заңнамалар, жазаны жеңілдетуге бағытталған реформалар, археологиялық саланың дамуы мен кадр тапшылығы, тарихи қорғандарды қорғау мәселелері қозғалды. Құрылтай шынайы диалог алаңы ретінде, азаматтардың саяси өмірге белсенді қатысуын көрсетті.
Сонымен қатар, экономикалық бағыттағы ұсыныстар да назардан тыс қалған жоқ. Қатысушылар қосылған құн салығы жүйесін оңтайландыру, кәсіпкерлікті несиелеу, тұтынушылардың құқығын қорғау, отандық ғылымды дамыту және кітап оқуды ынталандыру сияқты өзекті тақырыптарды көтерді. Экономиканың жаңа деңгейге көтерілуі үшін салық салу жүйесінде әділеттілікті қамтамасыз ету, ірі өндіріс орындарына берілетін салықтық жеңілдіктерді қайта қарау қажет екені айтылды.
Ұлттық құрылтай қорытындысы қазақ халқының игілігіне бағытталған нақты қадамдардың бастамасы болады деген сенім бар.
Куаналиева Г.А.,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Кеден, қаржы және
экологиялық құқық кафедрасының меңгерушісі,
з.ғ.д., профессор
Фото: Ақорда