Республика күні – бірлік пен ынтымақтың мерекесі. Алакөл ауданы да бұл мерекені атап өтті. Айтулы күнге орай З.Қойшыбаева атындағы аудандық мәдениет үйінде салтанатты жиын болды.

Шара алдымен Алаштың айбынын асқақтатып, мерейін үстем ететін арнайы бейнероликтен басталды. «Егемен елдің» өткені мен келешегі сараланып, Ұлы дала халқының дархандығы мен дара көңілі көрсетілді. Салтанатты шара басында Мемлекеттік Ту сахнаға шығарылып, Гимн орындалды.

Шара шымылдығын аудан әкімі Алмас Абдинов ашып, барша жұртты тарихи датамен құттықтады. Жиында аудан әкімі әр салада жемісті еңбек етіп жүрген бірқатар алакөлдіктерге Мемлекет басшысының Жарлығымен белгіленген мемлекеттік наградаларды тапсырды. Атап айтқанда, мемлекеттік және қоғамдық қызметтегі сіңірген еңбегі, еліміздің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына қосқан елеулі үлесі үшін «Құрмет», III дәрежелі «Еңбек даңқы» ордендерімен және «Шапағат» медалімен марапатталды. Сондай-ақ, бірқатар азаматтарға облыс әкімінің және аудан әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хаттары табысталды.

Салтанатты шара Медет Салықов пен Клара Төленбаева сынды елге танымал эстрада жұлдыздарының және З.Қойшыбаева атындағы мәдениет үйі өнерпаздарының қатысуымен концерттік бағдарламаға ұласты.

Республика күні – туған еліміздің егемендігі бастау алған күн. 1990 жылдың 25 қазанында Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының Жоғарғы кеңесі мемлекеттік егемендік туралы Декларация қабылдады. Дәл осы күні Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретіндегі саяси-құқықтық негіздері жарияланды. Аттай 13 жылдан соң, дәл биыл Республика күніне ұлттық мереке мәртебесі қайтарылып, бостандық пен еркіндіктің бастауы болған айтулы датаны барша халық қуана тойлауда.

 

Айдана ТЫНЫСБЕКОВА,

Алакөл ауданының ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту

және спорт бөлімінің бас маманы

By karatal

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *