«British Council» ұйымы жүргізген «Қазақстанның болашақ ұрпағы» зерттеуінің нәтижелері жарияланды. Бұл зерттеу аясында ұйым әлемжастарына өз пікірлерін білдіруге мүмкіндік беретін «Next Generation» («Болашақ ұрпақ») атты платформаны ұсынады. Платформа жастардың дауысына құлақ асып, олардың мақсат-мұратын, мәселелерін және қоғамды өзгертудегі әрі қалыптастырудағы рөлін тереңірек түсінуге жол ашады.
Қазақстандағы зерттеу LSE Consulting, Орталық Азия Барометрі (ЦАБ) және жоба жөніндегі Консультативтік кеңеспен серіктестік аясында жүзеге асырылды.
Зерттеуге 18 бен 35 жас аралығындағы 1270 қазақстандық жас қатысты: олардың 1202-сі – репрезентативтік сауалнамаға, ал 68-і – сұхбаттармен фокус-топтарға қатысқан.
Анықтама үшін: Зерттеу әдістемесі бес құрамдас бөліктен тұрды:
● Әдебиеттерге шолу – Қазақстанның жалпы әлеуметтік-саяси және демографиялық контексті туралы ақпарат жинау;
● Репрезентативтік сауалнама – қатысушылардың көзқарастары, басымдықтары, білімі, жұмыспен қамтылуы, азаматтық белсенділігі және жаһандық көзқарастары бойынша жүргізілді. Бұл сауалнамада басқа елдерде қолданылған «Next Generation» зерттеуіндегі сұрақтар пайдаланылды, бірақ кейбіртұстар Қазақстанның нақты жағдайына бейімделді;
● Жас көшбасшылармен сапалық сұхбаттар – Қазақстанның 20 жас көшбасшысымен маңызды әлеуметтік, экономикалық және саяси мәселелерге қатысты көзқарастарын анықтау мақсатында сұхбаттар жүргізілді;
● Қазақстан жастарымен фокус-топтар – алты фокус-топтық зерттеу Астана, Алматы және Атырау қалаларында өтті. Әр қалада екі фокус-топтан (18–24 жас және 29–34 жас аралығындағы қатысушылар) құрылды. Талқылаулардың негізгі бағыттары: білім мен жұмыспен қамту, жастардың дауысы, цифрлық медиа және жаңалықтар, жаһандық көзқарас;
● «Тоқта да, ойлан» атты воркшоптар сериясы – жоба жөніндегі Консультативтік кеңес құрамына кіретін 10 қазақстандық сарапшы, белсенді және практиктердің қатысуымен өткізілді. Барлығы екі «Тоқта да, ойлан» семинары – біреуі офлайн, біреуі онлайн форматында ұйымдастырылды.
Талдау бағыттарының бірі – жастардың құндылықтарының, көзқарастарының және оларға әсер ететін факторлардың қалыптасуына ықпал ететін аспектілер болды.
Біріншіден, зерттеу нәтижелеріне сәйкес, қазақстандық жастар отбасына өте берік және әлеуметтік мәртебесіне қарамастан өз тегін мақтан тұтады. Олар отбасын өздеріне ең үлкен ықпал етуші орта деп санайды (екінші орында – достарымен қатарластары тұр).
Бұл нәтиже қазақстандық жастарға қатысты жүргізілген өзге де соңғы зерттеулердің қорытындыларымен сәйкес келеді. Түрлі сауалнамалар деректері бойынша, отбасы құндылықтар тізімінде бірінші орында тұр және жастардың 80 пайыздан астамы үшін ол өмірдегі ең маңызды фактор болып саналады.
Сондай-ақ жастар өздерінің өмірдегі жетістігі мен бақытының өлшемін анықтауда отбасына, достарына және жақын қатарластарына сүйенеді.
Екіншіден, қазақстандық жастар қоғамдағы сын-қатерлерді байыппен бағалай отырып, сонымен бірге жоғары деңгейдегі оптимизмін сақтайды.
Жастардың 80 пайыздан астамы тұрғын үй бағасының қымбаттығына және макроэкономикалық жағдайдың тұрақсыздығына қарамастан, елдің дамуындағы оң өзгерістерге және өздерінің жеке болашағына сеніммен қарайды.
Жас әйелдер мен ерлер өмірі мен мансабына қатысты да оптимистік көзқарас танытады: ерлердің шамамен 86 пайызы және әйелдердің 83 пайызы өмір сапасына риза әрі болашағына сенімді. Ал мансапқа қатысты көрсеткіштер де жоғары – жас ерлердің 87 пайызы және әйелдердің 82 пайызы өз кәсіби болашағына сеніммен қарайды.
Зерттеу бұл ұрпақтың төзімділік пен бейімделгіштік қасиеттерін айқын көрсететінін атап өтеді: олар қиындықтарды өсу мен дамуға мүмкіндік ретінде қабылдайды.
Сонымен қатар, ұжымдық және жеке құндылықтар арасында тепе-теңдік сақталғаны байқалады: отбасы мен мәдени мұрамен тығыз байланысын жоғалтпай, жастар барған сайын жеке және кәсіби дамуға көбірек мән беруде.
Мұндай өзгеріс қоғамдағы кең ауқымды үрдісті – дәстүр мен жаңа мүмкіндіктер арасындағы тепе-теңдікті іздеу бағытын көрсетеді.
Үшіншіден, сандық және сапалық деректер қазақстандық жастардың орта есеппен білім сапасымен оның келешегіне қатысты не бейтарап, не оң пікірде екенін көрсетеді.
Жастардың жартысынан көбі (57%) Қазақстандағы білім беру жүйесі жақсарып келеді деп санайды.
Оң көзқарастар барлық жас топтарында байқалады, бірақ ең жоғары деңгей – үлкен жастағы топтар арасында тіркелген. Мысалы, 30–35 жас аралығындағы жастардың 78 пайызы білім беру жүйесі қоғамдағы өзгерістерге серпін береді деп есептейді.
Төртіншіден, қазақстандық жастар қоғамды жақсартуда білімнің түрлендіргіш күшіне нықсенеді: олардың 70 пайыздан астамы білімді жаһандық мәселелерді шешудің ең тиімді құралы деп санайды.
Көптеген қазақстандық жастар алған білімдері жұмыспен қамтылуға қажетті базалық дайындық береді деп есептейді. Ал жұмыс орнындағы табыстың негізгі дағдылары ретінде көшбасшылық, мәселелерді шешу және коммуникацияны атайды.
Тіл білу, әсіресе қазақ және ағылшын тілдерін меңгеру — маңызды бәсекелік артықшылық ретінде қарастырылады.
Жастардың 80 пайыздан астамы шет тілін үйренуді маңызды деп санайды. Негізгі себептер қатарында: жұмысқа орналасу және саяхат мүмкіндіктері (әрқайсысы 49%), білім деңгейін арттыру (47%), әлеуметтік байланыстарды кеңейту (47%) бар.
Бесіншіден, кәсіпкерлік қазақстандық жастар үшінайрықша қызығушылық тудыратын сала болып табылады. Барлық жас топтарында сауалнамаға қатысушылардың үштен екісінен астамы алдағы бес жыл ішінде өз кәсібін ашуға ниетті екенін білдірген.
Алтыншыдан, қазақстандық жастар өз өміріне әсер ететін жаһандық үрдістер мен әлемдік жағдайды жақсы түсінеді. Олар елдің халықаралық ахуалдағы орнын айқын сезінеді және әлемге шынайы қызығушылық танытады.
Жастар Қазақстанды үш өлшем бойынша «көпір» ретінде көреді: географиялық тұрғыдан – ірі державаларды байланыстыратын ел ретінде;
дипломатиялық тұрғыдан – аймақтағы сенімді делдал ретінде; мәдени тұрғыдан – Батыс пен Орталық Азияны жалғайтын буын ретінде.
Сондай-ақ жастардың мақтаныш сезімін тудыратын жайттардың бірі – Қазақстанның өңірдегі ең ірі экономика мәртебесі мен көршілес елдер үшін прогрессивті үлгі ретінде қалыптасқан абыройы.
Жетіншіден, климат тақырыбы да жастар арасында маңызды бағыттардың біріне айналуда: сауалнамаға қатысушылар ең алдымен ауа сапасына, қалдықтарды басқаруға және су тапшылығына алаңдайтынын білдірген.
Сонымен бірге, өздеріне тән оптимизм мен болашаққа деген сенімді көзқарастың арқасында олар бұл мәселелерді шешудің жолдарын табуға дайын екендіктерін көрсетеді.
Сегізіншіден, азаматтық белсенділік саласында жаңа үрдістер байқалуда. Жастар барған сайын өз бетінше ұйымдасып, нақты әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған бастамашыл топтар құруда (мысалы, қалалық инфрақұрылымды дамыту, мүмкіндігі шектеулі адамдарға көмек көрсету сияқты).
Бұқаралық белсенділікпен қатар, жаңа түрдегі цифрлық белсенділік қалыптасып келеді. Ондажастар әлеуметтік және экономикалық тақырыптарды талқылау үшін әлеуметтік желілерді пайдаланады.
Бұл түрлі нысанда көрініс табады: көркем перформанстар, блог жүргізу, карикатуралар мен комикстер жасау, музыка жазу, сондай-ақ экологиялық белсенділік (эко-активизм) сияқты шығармашылық бағыттар арқылы жүзеге асады.