Биліктің назарына!

  Әрбір атаудың өз тарихы, дүниеге келу себебі бар ғой. Мысалы, алысқа бармай, өз ауданымыздың ескіден келе жатқан елді мекендердің атауларын алайықшы.

Облыс орталығы мен біздің Қаратал ауданының ортасында Мойнақ жалы бар. «Мойнақ» деген сөздің мағынасы – құрылықтың екі ірі бөлігін немесе екі құрылықты жалғастыратын жіңішке жолақ. Тарихи орындар санатына жататын Бастөбе, Ортатөбе және Кішітөбенің (Аяққы төбе деп те аталады ) тұтастығын білдіретін ұғымнан Үштөбе атауы пайда болған.  Дауылбай мен Ақылбайдың шоқысынан бастау алатын жылы бұлаққа, бұрындарда қысы-жазы қатпай ағатын өзеннің ерекшілігіне негізделіп ауылға «Жылыбұлақ» атауы берілген. Тастөбе ауылының тарихи атауы ауыл іргесінен ағатын Қаратал өзенінің жағасында ертедегі жаугершілік заманда арнайы белгі ретінде тастан қаланған үйіндіге орай аталған. 30-жылдары Балқаш көлінің жағасына орналасқан балықшылар ауылы коллективтендіру кезеңінде, 6 колхоздан біріктіру жолымен «Көпбірлік» ауылы құралған. Балықшы ағайындардың көп болып бірігуі, еңбек етуі ұғымына лайықталған.

Көріп отырсыздар, елді мекен атаулары халқымыздың бай тілі негізінде аталып, халық тарихымен байланысты дамыған. Белгілі бір өңірдің ономастикалық атауларына қарап сол өңірде мекен еткен ұрпақтың тарихы туралы, тіршілік көзі жайында, ой-өресі хақында, тіптен сезім сұлулығына дейін тамаша хабардар болып, белгілі бір қорытынды жасауға мүмкіндік береді. Ертеде өткен ата-бабаларымыз солардың әрқайсысына ат қойып, айдар тағу жағынан жәй ұқыпты ғана емес, шебер де тапқыр болғандығын байқаймыз. Міне,  бұл атаулар ғасырлар бойы сақталып келе жатыр.

Өкінішке орай, еліміздің елді мекендері мен көше атаулары XIX ғасырдың  екінші жартысынан бастап күрт өзгерді. Сол кезден бастап, большевиктердің тек өздерін ғана таныту құралына айналдырған топонимика  (топонимика – ономастиканың жер – су, елді мекен атауларының шығуы мен пайда болуының, мағынасын, құралымының дамуын, таралу аймағын, қазіргі жағдайын, грамматикалық, фонетикалық пішінін, жазылуы мен екінші бір тілде берілуін зерттейтін құрамдас бөлігі) өткен ғасырдың 90 – жылдарына қарай шырқау шегіне жетті.  Нақтылы айтатын болсақ, большевиктер өкімет басына келгеннен бастап барлық дерлік елді мекен мен көшелерге тек партия көсемдерінің, қызыл комиссарлар мен қолбасшылардың есімдері, одан бөлек «Совет», «Комсомол», «Октябрь» сияқты атаулар берілді. Тіпті алысқа бармай ақ қояйық, біздің қаланың өзінде біздерге қатысы жоқ, төрт қайнатса сорпасы қосылмайтын жандардың есімін арқалаған қаншама көше атаулары бар. Мысалы,  Лазо, Котовский, Чапаев тағы тағы басқалары. Тіпті бүгінгі таңда идеологиялық тұрғыдан ескірген және мән-мағынасы жоқ атаулардан да арыла алмай отырмыз. Мысалы, Илийский деген де қала да көше бар.

Әрбір атау – тарихтың табы сіңген нысаналы белгісі. Мұндай ұлттық және рухани байлығымыз саналатын топонимдерді өзгерту күн талабынан туындап отыр.

Бүгінде көшелердің атауларының төңірегінде қордаланып қалған мәселелер былай тұрсын, қала көшелерінің аттары да қате жазылып, бірізділікке бағынбай тұрғаны шындық. «Qaratal» газетінің журналистері бұл жайлы үнемі жазып жүр. Тіпті басылым тілшілері тарапынан қаламыздағы бірқатар көшелердің атаулары жазылған тақтайшалардың суреттері назарға алынып, сол көше атауларының қазақ тілінде жазылуы дұрыс па деген сауалмен «Сауатты жазылған ба? деген тақырыптағы сауалнама оқырмандар назарына жарияланған еді. Нәтижесінде оқырмандарымыз редакциямызға хабарласып, хат жолдап басылым бетінде жарияланған сауалдың өте орынды екенін жеткізіп, өз жауаптарын айтып, ана тілімізге деген жанашырлықтарын білдірген-ді.

Тіл жанашырлары жолдаған хаттардың бірқатарын назарларыңызға ұсынамыз. Мәселен, Н.Мұхамедиев атты азаматтың редакциямызға жолдаған хат мәтіні төмендегідей. – Құрметті редакция! Сіздердің көше атауларының сауатсыз жазылуы туралы қозғап отырған мәселелеріңіз өте орынды. Пікір білдірмеске болмады. Бұл мәселе біздің қала басшыларының өз жұмыстарына немқұрайлы қарағандарының арқасында Қазақстан Республикасының Тіл туралы Заңының бұзылғаны айқын болып отыр. Қала көшелерінде келе жатып көшелер атаулары жазылған маңдайшаларға көз жүгіртсеңіз, қайран қаласыз. Мысалы, Пронин көшесі дейді. Пронин деген кім? В.Пронин болған күннің өзінде, ол қай Пронин, Вячеслав па әлде Владимир ме? Морозов көшесін алайық. Ол кісінің есімі жоқ па? Ал К.Байсеитова деп жазылған көше Қанабек атамыздың атында ма, әлде Күләш апамыздың атында ма? Меніңше Қанабек атамыздың атында. Олай болса Қ.Байсейітов атындағы көше деп жазылуы керек еді ғой. Ал М.Маметовой деген тіпті ақылға да сыймайды, заңға да сәйкес келмейді. Осы маңдайшаларға тапсырыс беріп отырған құзырлы мекемелердің басшылары не қарап отырды екен? Олар Қазақстан Республикасының Тіл туралы Заңнамасын өрескел бұзып отыр емес пе? Тіл туралы заңнаманы өрескел бұзған мемлекеттік органдардың кінәлі тұлғалары жауапқа тартылуы керек. Және де осы маңдайшаларға онсызда шөлдеп отырған бюджеттен қанша ма қаржы бекерге кетті. Енді сол қаражаттың орнын кім толтырады? Біреудің немқұрайлығы үшін мемлекет қаржысы ысырапқа кетпек пе? Егер күлкі болмайық десек, тез арада сауатсыздығымызды түзетейік. Маңдайшаларды дереу алып тастау керек.

–  Көше атауларының сауатсыз жазылуы – ұят нәрсе. Мен ондай немқұрайлықты есімі берілген ұлы тұлғаларға көрсетіліп отырған құрметсіздік деп білемін. Менің түсінбейтінім, осы маңдайшаларға тапсырыс берушілер сауатсыз ба, әлде оларға бәрібір болғаны ма? Мүмкін, қаржысын мемлекет өз мойнына алып отырғандықтан нем кетеді деген ұстаным ба? Қалай болған жағдайда да дереу маңдайшаларды ауыстыру қажет. Басқаларын қойғанда есімі берілген ата-апаларымыздың ұрпақтарынан ұят емес пе? Миллиондаған қаражат кеткен болар. Сондықтан кінәлі басшылардың есебінен маңдайшаларды қалпына келтіру керек дер едім, – деген жауап М.Жаубасарова есімді азаматшанікі.

Ал редакциямызға телефон шалып, өз пікірін білдірген оқырмандар жауабы келесі мәтінде:

 – Қаламыздағы Қ.Байсейітов көшесінің тұрғынымын. Есімімді айтпай-ақ қойсам. Жұмыста болғанымызда көше атауы жазылған тақтайшаны сыртқа іліп кеткен екен. «К.Байсеитова көшесі» деген жазуды көрген сәтте басында өзім түсінбей қалдым. Көшеміз Қанабек атамыздың атында еді ғой деп ойладым. Әрине сауатсыз жазылған. Өзге қаладан келетін қонақтарымыздан ұят екен. Осы сауалды көтергендеріңізге рахмет!

– Есімім Қалиақбар. Әрине мемлекет тарапынан қаржы бөлініп, көше атауларының маңдайшалары жаңартылып, біріздендіріліп жатқаны қуантады. Көшеге қандай көрік беріп тұр. Алайда ол жұмыстардың басы бар аяғы жоқ. Көше біреу, атауы үш түрлі болып тұрады. Сырттан келгендер үш түрлі адам деп қалмаса игі. Кез-келген адам бір жазу жазып, оны көшеге ілер алдында дұрыс жазылуына мән беру қажет қой. Мұның бәрі сауатсыздық және немқұрайдылық, әрі жауапсыздық деп едім.

Бұл бір ғана мысал. Жылдар бойы айтып, жазып, басылым беттеріне жариялау нәтижесінде «М.Маметовой көшесі» деп жазылған жазу «М.Мәметова көшесі», ал «К.Байсеитова көшесі» «Қ.Байсейітов көшесі» болып түзетіліп, маңдайшалары ауыстырылыпты. Қандай тамаша!

Ал енді басқа көшелердің маңдайшаларын қайтеміз? Мысалы, «Әйтеке би» дегеннің орнына «Айтеке би», «И.Кузнецов көшесі» – «И.Кузнецова көшесі», «Ш.Уәлихановтың» орнына «Ш.Уалиханов» делінген. Сауатсыздық па жоқ әлде немқұрайлық па? Ал, «Уштобинский тұйық көшесі» деген біздің қалаға жарасымды атау ма? Ал Пржевальский деген кім?

Негізі біз көзіміз шалып жүрген қателіктердің санаулысын ғана жариялап отырмыз. Бұл сауатсыздық пен жауапсыздықтың, немқұрайдылықтың нәтижесі екені анық. Есімі елге белгілі тұлғалардың атын қате жазу ұят, әрі бұл бір білместік қана емес, қадағалаудың да жеткілікті болмауынан. Тіпті жоқтығынан десек те қателеспейміз.

Жалпы, өркениет тұрғысынан айтсақ, көше атауы – ертеңгі тарих, әрі мәдениеттің белгісі. Қайтсек те көше атаулары анық, қатесіз жазылып, нөмірленгені дұрыс. Көше тәртібін, мәдениетін, тазалығын сақтау – баршамыздың міндетіміз. Көрсек те көрмегендей, білсек те білмегендей өтіп кете беруді қойып, сауатсыздықтан арылып, жауапкершілікке бет бұрып, «мен мұндалап» тұрған қателерді түзетіп қойғанымыз жөн болар. Айтылған мәселелер көп ұзамай оң шешімін табар деп үміттенейік. Көше атауларын  қазақшалау бүгінгі күннің еншісінде. Көше атаулары халқымыздың бай тілі негізінде жасалып, сауатты жазылып, халық тарихымен байланысты болса екен дейміз.

 Нурланбек НЕСИПБАЕВ

By karatal

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *