Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев Талдықорғандағы Журналистер үйінде ақпарат құралдарының қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтады. Өз сөзінде облыс басшысы қоғам өміріндегі БАҚ-тың рөліне қысқаша тоқталып өтті. Мемлекет дамуының жаңа тарихи кезеңінде билік те, азаматтық институттар да, оның ішінде БАҚ та уақыт талабына сай жаңаша жұмыс істеуге бейімделуі керектігін айтты.

– Түрлі сайттар, интернет-порталдар көбейді. Ақпараттық ресурстардың жұмысында жылдамдық, ашықтық алдыңғы орынға шықты. Бұл – әрине, бүгінгі қоғамға тән қалыпты ахуал. Дегенмен ақпараттың шынайылығы мен жауапкершілігі баршаға ортақ болуы тиіс, – деді Б.Исабаев.

Журналистердің құқы мен жауапкершілігі, мемлекеттік органдармен сарабдал диалог жүргізу мәдениетін орнықтыру, журналистиканың этикасы мен абырой кодексі, әділ сын, ақпарат кеңістігіндегі ақиқат пен дақпырт секілді ұғымдардың бүгінгі таңда өзекті болып отырғанын тілге тиек етті.

«Түптеп келгенде, еліміздің ішкі тұрақтылығына, ақпараттық қауіпсіздігі мен идеологиялық дербестігіне, қоғамның бірлігі мен ортақ мақсат-мұраттар төңірегінде топтасуына медианың сөзі мен үні, сан алуан пікірі, ұсыныс-көзқарастары тікелей әсер етеді. Әлеуметтік желідегі шындыққа жанаспайтын жел сөз бен өсек-аяңға тосқауыл қоя алатын да – кәсіби журналистиканың біліктілігі мен сарабдалдығы», – деген облыс әкімі Б.Исабаев БАҚ-тың жұмысындағы объективтілік, кәсібилік пен жауапкершілік үштігінің маңызын ерекше атап өтті. Медиа саласы мамандарын мерекемен құттықтап, жаңа құрылған Жетісу өңірінің игілігіне бірлесіп жұмыс істеуге шақырды.

Салтанатты шарада ардагер журналистер Әли Ысқабай мен Кенжехан Рақышқа «Қазақстанның Құрметті журналисі» атағы берілді. Сол сияқты өңірдегі бірқатар маман иелеріне облыс әкімінің алғыс хаты тапсырылды.

Әріптестерін мерекемен «Жетісу» телеарнасының бас директоры Серік Сарыбай, «Огни Алатау» газеті бас редакторының орынбасары Забира Сайдилдина құттықтап, тілектерін білдірді. Олар Жетісудағы БАҚ-тардың тарихы терең, тәжірибесі мол екенін тілге тиек етіп, алдағы уақытта да туған өлкеге бар күш-жігерімен қызмет ететініне сендірді.

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі

 

 

By karatal

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *