6 шілде – Астана күні мерекесіне орай ұйымдастырылған шаралар легі қаламыздағы орталық саябақта өтті. Шараға аудан тұрғындары мен қонақтары, ардагерлер, мекеме мамандары, белсенді жастар қатысты. Мерекелік шара «Астана – бейбіт қала, бас қала!» айдарымен Елорда өмірінен сыр шертетін көрмеден бастау алды. Көпшілік көздің жауын алар көрмелерді тамашалап, таң-тамаша болысты. Жас балғындар табиғат аясында өз армандары мен қиялдарын орайлы ұштастыра асфальт бетіне түрлі суреттерді бейнеледі. Жалпы балалардың қиялынан туындаған суреттердің басым көпшілігінен бейбіт өмірдің келбетін тануға болады.
Саябақта өткен шараның ресми бөлімінде аудан тұрғындары мен қонақтарын аудан әкімінің міндетін атқарушы Айдар Башпаев құттықтап, аз уақыт ішінде еңселі Елордаға айналған Астананың өткені мен бүгініне тоқталды. Артын ала мерекелік марапаттарға кезек берілді. Айдар Карбозұлы ауданымыздағы бірқатар алтын құрсақты аналар, атап айтсақ Айгүл Қаратаева, Гүлмира Айманова, Анна Богаченкоға «Алтын алқа», Зухрагуль Тохтыбакиева, Асемгүл Калиева, Жұлдыз Баратоваға «Күміс алқа» төсбелгілерін табыстады. Келесі ретте аудан экономикасы мен әлеуметтік саласының өсіп өркендеуіне зор үлес қосқан бірқатар азаматтар аудан әкімінің алғыс хаттарымен марапатталды.
Шара барысында ақжарма тілектерін Қаратал ауданының құрметті азаматы Дөненбай Тұрлақан және Бастөбе ауылының аналар кеңесінің төрайымы Гүлнар Кабылбекова жеткізді. Сондай-ақ аудандық мәслихат хатшысы Жандос Теңелбаев және «AMANAT» партиясының Қаратал аудандық филиалының атқарушы хатшысы Алмас Байгунысов көпшілікке ізгі лебіздерін білдіріп, бірқатар азаматтарға алғыс хаттар табыстады. Шара аудан өнерпаздарының мерекелік концертімен жалғасын тапты.
Әсем ән әуелеп, күй қалықтаған бұл күні Елордамыз – Астананың туған күніне жиналған халықтың ерекше шат-шадыман көңіл күйі еліміздегі қуаныш пен шаттықтың, бейбітшілік пен ынтымақтың тағы бір куәсіндей болды.
«Қаратал-ақпарат»