2018 жылы Тұңғыш Президенттің шешімімен шілде айының алғашқы жексенбісі Ұлттық домбыра күні болып жарияланды. Алакөл ауданында бұл мерекені атап өту дәстүрге айналған. Биыл да сол дәстүрден таймай, Зейнеп Қойшыбаева атындағы мәдениет үйінің алаңында мерекелік шара ұйымдастырылды.
Шарада қазақтың қасиетті аспабын серік еткен Зейнеп Қойшыбаева атындағы мәдениет үйінің және Балалар шығармашылық орталығының өнерпаздары өз өнерлерін ортаға салды. Олар «Ата толғауы», «Жастар биі», « Өрнек», «Нәр ағашы», « Балбырауын», «Адай» күйлерін тамылжыта орындады. Кейін мәдениет үйінің бірқатар қызметкерлері мен өнерлі жастары ауданның рухани байлығын дамыту мен мәдени құндылықтардың сақталуына қосқан үлесі үшін Алакөл ауданы әкімінің орынбасары Мәулен Төлеужановтың алғыс хатымен марапатталды. Балалар шығармашылық орталығының директоры Әсия Уәлиева: – Ұлттық аспапты ұлықтау – ортақ міндетіміз. Әр үйдің төрінде қазақтың қара домбырасы ілулі тұру керек деп ойлаймын. Әр шаңырақта домбыраның үні әуелеп тұрса қандай керемет болар еді!? Қазіргі кезде жастардың домбыра үйірмелеріне белсенді қатысатыны қуантады. Бұл дегеніңіз жас ұрпақ ұлттық аспабымыздың қасиетін, қадірін біледі деген сөз, – деді.
Расында да соңғы уақытта Алакөлде ұлттық аспапты игергісі келетін жастар көбейіп келеді. Олар үшін аудан орталығы Үшарал қаласында Балалар шығармашылық орталығы жұмыс істейді. Мекеме 2000 жылдың желтоқсан айында ашылған. Қазіргі таңда мұнда 610 оқушы тәлім алып жатыр. Орталықта музыка, өнер, кәсіби бағдар бағыты бойынша 17 үйірме бар. Музыка бағытында домбыра, фортепиано, қобыз, дәстүрлі ән, терме, фольклор ансамблі, оркестр, ән, би үйірмелері жұмыс істейді. Ал өнер бағыты бойынша көркемсөз, бейнелеу өнері, қолөнер үйірмелерін атауға болады. Кәсіби бағдар бағытында оқушылар ұлттық ойындарды, ағылшын тілін, робототехниканы меңгеріп шыға алады. Балалар шығармашылық орталығының оқушылары облыстық, республикалық, халықаралық байқаулардан үнемі жүлдемен оралады. Мәселен, жақында Түркияның Айбалық қаласында өткен халықаралық би және музыка фестивалінде Кәусар Бейсенбай, Бейбарыс Охан сынды өнерпаздар бірінші орын иеленіп қайтты. Осындай оқушылардан болашақта әлемге танымал мәдениет қайраткерлері шығатыны сөзсіз.