Алакөл гуманитарлық-техникалық колледжі түлектеріне диплом табысталды. Олар 3 жыл бойы үздіксіз білім алып, енді жас маман атанды. Биыл колледжді 124 бала тәмамдап отыр. Оның үшеуі үздік диплом иеленді.
Таң сәрісімен студенттер мен олардың ата-аналары колледж алдына жиналып, салтанатты шара басталғанын асыға күтті. Көп кешіктірмей, диплом табыстау рәсімі де басталды. Алғы сөз сөйлеу үшін колледж директоры Дидар Ракишев мінберге шығып, түлектерді оқу бітіруімен құттықтады. Сонымен бірге білікті маман атануларына тілектестік білдірді. Артынша қазақ тілі пәні оқытушысы Анар Сейтқазинова мен 41-топтың өндірістік оқыту шебері Гүлжазира Елшібаева алғыс хатпен марапатталды. Содан соң салтанатты шараның маңызды бөлігіне кезек келді. Әр студент жеке шақырылып, колледж директоры оларға диплом табыстады. Кейін студенттердің ата-аналарына сөз берілді. Олар колледж ұжымына алғыс айтып, түлектерге еңбек жолында сәттілік тіледі. Салтанатты жиын вальс пен студенттердің флешмобына ұласты. Түлектердің бірі Аружан Ғалиева «Бүгін біз үшін маңызды күн. 3 жыл бойы алған білімді еңбек жолында дәлелдеуге аттанғалы тұрмыз. Осы ретте колледж оқытушыларына алғыс айтамын! Олар бізге сапалы білім беріп, таңдаған мамандығымызды игеріп шығуға үлкен үлес қосты. Мен аспаз мамандығында оқыдым. Болашақта Қазақстандағы үздік аспаздардың бірі болуды армандаймын. Ол арманыма жетуге осы колледжде алған білімім көмектесетініне сенімдімін», – деді.
Алакөл гуманитарлық-техникалық колледжі 2013 жылы 15 мамыр күні облыс әкімінің қаулысы бойынша «Үшарал қаласындағы №5 кәсіптік лицейінен» «Алакөл гуманитарлық – техникалық колледжі мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорны» болып қайта құрылды. Колледждің материалдық-техникалық базасы нығайтылған. Сырттан келген студенттерге жалпы сыйымдылығы 250 орынды жатақхана мен асхана қамтамасыз етілген. Басқа қаладан, ауылдан келген білім алушыларға жатақхана тегін беріледі. Мемлекеттік тапсырыс бойынша оқып жатқан білім алушылар тегін тамақтандырылады. Оған қоса студенттерге ай сайын 21787 теңге көлемінде шәкіртақы төленеді. Аз қамтылған отбасыдан шыққан балаларға әлеуметтік көмек көрсетіледі және жол ақы беріледі. Мамандықты толық игеруге қажет арнайы кабинеттер, лингофондық аудиториялар, зертханалық кабинеттер, шеберханалар бар. Жаттығуға арналған жеңіл автокөліктермен, ауылшаруашылық техникаларымен де қамтылған. Колледжде 5 мамандық оқытылады. Олар: электромонтер, электргазымен дәнекерлеуші, ауыл шаруашылығы өндірісінің тракторист-машинисі, әкімші, аспаз. Бүгінде бұл білім ордасында 42 мұғалім қызмет етеді.