Балалар жылы бастау алғалы болашақтың тұтқасы – бүлдіршіндерге ерекше көңіл бөлініп келеді. Алакөл ауданында да балалардың жан-жақты дамуына жәрдемдесетін түрлі шаралар ұйымдастырылуда. Соның бірі – жақында ғана Ақши ауылында өткен «Самға самұрық» республикалық балалар байқауы. Оны республикалық «Жас дарын» дарынды балалар орталығы ұйымдастырды.
Алакөл жағалауындағы «Тәуелсіздік» саябағында өткен байқауға 100-ге жуық бала қатысты. Олар көркемсөз, эстрадалық вокал, аспапта ойнау, хореография, актерлік шеберлік, қолөнер, бейнелеу өнері, ғылыми жоба сынды 8 аталым бойынша бақ сынады. Балалардың өнерін мәдениет қайраткері, «Жас дарын» орталығының басшысы Эльмира Игілікова, қазақ эстрадасының әншісі Айдос Данабек, «LM» продюсерлік орталығының директоры Ләззат Мақатовна сынды әділ қазылар бағалады. Әр өңірден жиналған дарынды балалар өз өнерлерін паш етіп, байқаудың көркін қыздырды.
Қатысушылар әр аталым бойынша жас ерекшеліктеріне сай марапатталды. Жеңімпаздарға арнайы медальдар мен дипломдар және «Самға самұрық» кубогі табысталды. Қатысушы балалардан бөлек, олардың ұстаздары да алғысқа бөленді. Дарынды балаларды тәрбиелеген мұғалімдер «Дарынды ұстаз» , «Үздік ұстаз» төсбелгісімен марапатталды. «Жас дарын» орталығының басшысы Эльмира Игілікова: – Алакөлде өнерлі балалар көп екеніне көзіміз жетті. Әсіресе бүгінгі байқауда Алакөлдің бишілеріне ерекше назарымыз ауды. Олар өте жақсы дайындықпен келген. Осындай балалардың дарынын дамытуда ұстаздары зор еңбек сіңірді деп ойлаймын. Сондықтан аяулы ұстаздарына алғыс айтамын, – деді. Бұған дейін бұл байқау Жаркент қаласында болған. Алдағы уақытта басқа да өңірлерде өткізу жоспарланып отыр.
Асылан МАХАНОВ