Отан – отбасынан басталады. Ал сол шаңырақтың берік болуы отбасылық құндылықтарға, үлгі-өнегеге, тәлім-тәрбиеге байланысты екені белгілі. Осы орайда Алакөл аудандық орталық кітапханасы ұжымының ұйытқы болуымен аналарға арналған «Әлем әйелдермен әсем» сырласу клубы құрылды. Клуб жұмысының мақсаты – ұрпақтар  сабақтастығын, ұлттық дәстүрлер мен отбасылық құндылықтарды нығайту және сақтау, толеранттылық пен этносаралық келісімді дәріптеу. Үй мен түздің тізгінін тең ұстап, баласын бағып, қазанын оттан түсірмей, еңбектің бел ортасында жүрген аналардың тындырымды іс-әрекеттерін  үлгі ету. Әйелдерді бизнес саласында жетілдіру, микрокредит беруді ұйымдастыру, өзін-өзі жұмыспен қамту сұрақтарын талқылау мақсатында семинар-тренингтер ұйымдастыру, қоғамда жетістікке жетіп, көпке үлгі болып, бизнестің қыр-сырын меңгерген әйелдер қауымымен тұрақты кездесу-кеңестерін өткізу.

Клуб құрамында тәжірибелі ұстаздар, көпбалалы аналар, кәсіпкерлерлер бар. Клуб құрылған күннен бастап, ажырасудың алдын алу, отбасындағы ұрпақ тәрбиесi, жасөспiрiмдер арасындағы құқықбұзушылық сынды өзектi мәселелер төңiрегiнде бірқатар ауқымды істер атқарылды. Клуб отырысы екі айда бір рет өткізіледі.

Отбасы – шағын мемлекет деп жатамыз.  Ендеше, осы шағын мемлекетті құру, онда өмір сүру адамнан үлкен ептілікті, көрегенділікті, шыдамдылықты талап етеді.  Адам өміріндегі басты құндылық – отбасын құрып, ұрпақ өрбіту. Ерте ме кеш пе шаңырақ көтеріп, аяулы ана, қамқор әке атанатынымыз рас.  Жастық шақта теңін тауып, өмірге бірге аттанған соң, жас жұбайлар қандай қиын кезең болса да жеңіп шығуға міндетті. Бірақ өмірдің сіз бен біз білмейтін сырлары мен қатал сыңдары тағы бар.

Әйел адам – негізгі тәрбиенің ұйытқысы. Ер балаға әкесінің айбары, жігіттік мінезді қалыптастыру үшін қатаң тәрбиесі қажет болса, қыз баланы әкесі қабағымен ғана тәрбиелейді. Анасы дұрыс тәрбиелеген қыз бала әкесіне қарсы сөйлемек түгілі, тіксіне  қарауының өзі әбестік болып саналған. Анасы ұлын да қызын да  әкесін үлгі тұта отырып, жақсы ұрпақ тәрбиелей алады. Әкесін балаларына жексұрын етіп көрсеткен әйелдің ұлынан ер мінезді азамат, қызынан ата-анасының атына кір келтірмейтін ибалы қыз, жақсы келін шықпайды. Өнегелі азамат тек  жарасымды отбасында ғана қалыптасады. Халқымызда «Әйел емес, балаңа ана таңда»  деген сөз  керемет айтылған. Халық даналығы өмір теңізінен өткен, дәлелдеуді қажет етпейтін тамаша аксиома емес пе?!

Тәрбиенің ең кереметі – айтылған сөзден бұрын, ерлі-зайыптылардың іс- әрекеті. Өздерінің жақсы қарым-қатынасы арқылы балаларға жақсы өнеге көрсетуі. Отбасының  тек бір-бірін кемсітіп, жүйкесін жұқарту емес, ізгіліктің, адамгершіліктің, жасампаздықтың ордасы екенін сезген бала өзі де мейірімді, айналасына шуағын шашып, ата-анасына құрметпен қарайтын болады. Ұрпақ тәрбиесін айтпастан бұрын, ата-ананың өзі  тәрбиелі болуы керек екендігін естен шығармаған жөн. Баланың мінез-құлқына орай әрекет ете біліп, оны тәрбие икеміне келтірген жөн. Ағашты дұрыс баптамасаң, ол да жеміс бермейді. Сол сияқты тәрбиенің тармақтары да сан тарау.

Кейде әйел адамдардан «күйеуім қызғанып жұмысқа шығармайды» дегенді естіп қаламыз. Меніңше, бұл жағдайды құптауға болмайтын сияқты. Бүгінде заман алға жылжып барады. Әйел адамда қоғамнан қысқары қалмай қызмет етіп, елмен араласып өзінің кәсіби мүмкіндігін жетілдіріп отырғаны абзал болар. Ұрпақ тәрбиелеу үшін де әйел адамның жан-жақтылығы қажет. Имандылық, адамгершілік тәрбиесімен қатар қоғамдағы өзгерістерді, жаңалықтарды күнделікті біліп, оңдысын қажетіне жаратып, ұрпағына үйретіп, теріс ықпалдардан сақтауға тырысу қажет деп ойлаймын. Қызметтестермен араласу арқылы әйел адамдар пікір бөлісіп, түрлі жағдайларға байланысты ой-өрісін кеңейтеді. Адам орта арқылы өзін дамытады. Іскер, мәдениетті, білімді  ана ұрпағына оң жол нұсқайды деп ойлаймын. Әйелді жөнді-жөнсіз қызғана беру дұрыс емес. Жүрегінде иманы, адамгершілігі бар, Алланы таныған әйел әркез күйеуінің абыройын ойлайды, қорғайды. Суық жүріске бармайды. Тілеуі тек бала-шағасының амандығы, отбасының берекесі ғана. Сондықтан әйелдің жұмыс істегенінде тұрған ештеңе жоқ. Қайта отбасы кірісіне өз үлесін қосып, кем-кетігін толықтыруға жәрдем етеді. Өз керегін өзі сатып алады. Бүгінгідей нарықтық кезеңде әлдебір қажеттілік болмаса үйде отыру жөн емес. Қолы бос әйел еріккеннен күйеуінің басын қатырып, жөнсіз қызғанып, жұмыстан шаршап келгенде оның жүйкесін жұқартуды әдетке айналдыруы мүмкін. Сол үшін адам пайдалы нәрсемен айналысқаны оңды болады.

Отбасы – шағын мемлекет. Ендеше, осы шағын мемлекетті құру, онда өмір сүру адамнан үлкен ептілікті, көрегенділікті, шыдамдылықты талап етеді. Қай жаста отау құрсақ та, бастысы береке мен бірліктің ұйытқысын бір жерге жинаған үлгілі отбасы атану басты мақсат болса екен. Той-томалақта жастарға «Бір жастықта қартайыңдар» деп тілек білдіріп жатады. Сол тілектің ақиқатқа айналуына ер де әйел де бірдей атсалысса қанша жаста үйленіп, отау құрғаның маңызды емес.

Өмір үшін дайын тұрған сценарий жоқ. Алайда белгілі бір қағидалар бар. Алланың тыйғанынан тыйылудың өзі адамды шексіз қуанышқа бөлейді. Біз қазақ отбасының бақытты өмір сүргенін қалаймыз. «Отбасы мықты болса Отанымыз да мықты» деуден жалықпаймыз. Бақытты отбасы болудың кілті – адалдықта, адамгершілік пен имандылықта.

 

Райхан СЕЙТХАНОВА,  

Алакөл аудандық орталық кітапхана кітапханашысы

 

 

By karatal

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *