Елорда күніне орай Үшарал қаласындағы «Астана» демалыс саябағында мерекелік шара өтті. Шараның шымылдығын З.Қойшыбаева атындағы мәдениет үйінің директоры Отан Смағұлов ашып, жиналғандарды Астана күнімен құттықтады.
«Бүгінде бас қаламыз күннен-күнге көркейіп, сәулет құрылысы жағынан әлемдегі ең келбетті қалалардың біріне айналып отыр. Елорда – қазақ елінің абыройы мен мақтанышы. Еліміздің айбынын асқақтатқан бас қаламыздың болашағы жарқын болсын. Бейбітшілік пен татулықтың, ізгіліктің ордасына айналған Елордамыз жасай берсін», – деді Отан Смағұлов. Шара барысында Алакөл аудандық білім бөлімінің басшысы Әсет Ибраимов облыстық және ауданаралық әскери-патриоттық шараларға белсене қатысып жүрген бірнеше оқушыға «Қазақстан патриоты» төсбелгісін тақты. Кейін аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасы көрермендерге мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Мерекеге орай саябақта «Ұлтымыздың бақ ордасы – Елорда» атты суретшілер мен қолөнершілер көрмесі болды. Онда он саусағынан өнер тамған балалардың өз қолымен тіккен кестелері, түрлі бұйымдары, макеттері мен суреттері қойылды. Көрермендерді Елорданың макеті қызықтырды. Оның авторлары «Хан Шатыр», «Бәйтерек», «Ақ Орда» сынды бас қаланың маңызды ғимараттарын қағаздан жасап, композиция құрастырған. Көрмемен қатар «Еңселі Елорда балалар көзімен» тақырыбында сурет байқауы өтті. Бүлдіршіндер түрлі түсті бор арқылы асфальтқа сурет салды. Олар әсем Елорданың келбетін өз қиялдарымен ұштастыра бейнеледі. Суреттері үздік деп танылған балаларға аудандық білім бөлімінің дипломы және сыйлықтар табысталды. Шараға жиналғандар «Баба жолы» шеберханасының ұлттық бұйымдар көрмесін тамашалады. Көрмеде шебер Ертай Өміртай ағаштан жасалған ыдыстар мен шежіре тақтасын, Алакөл табиғаты бейнеленген кәдесыйларды, жап-жаңа домбыра аспабын жиналғандар назарына ұсынды. Ертай мырза көпшілікке өз кәсібі жайлы айтып, ұлттық бұйымдардың жасалу жолын сөз етті. Аудандық кітапхана ұйымдастырған кітап көрмесі де мерекелік шараны қыздыра түсті. Мұнда Елорда жайлы энциклопедиялар, тарихи кітаптар қойылды.
2018 жылы бас қаланың 20 жылдық мерейтойына орай салынған «Астана» саябағы бүгінде Алакөл ауданы тұрғындарының жиі келетін орнына айналды. Саябақ аумағы – 7 гектарға жуық. Мұнда амфитеатр, субұрқақ, ойын алаңы, аттракциондар және «Бәйтерек» монументінің көшірмесі бар. Елорданы еске салатын нысан да осы «Бәйтерек». Сондықтан Алакөлде де «Астана» бар деп айтуға болады.
Асылан МАХАНОВ