Өткен күнге көз жүгіртіп, балалық шақты жиі еске алатынымыз жасырын емес. Бүгін де ақ пен қараны айырмаған балғын бала кезім есіме түсіп отыр. Ол кезде көпті көрген ата-әжелеріміз қасымызда болатын. Бұрынғының адамдары ғажап еді-ау. Күні бойы әжемнің қасынан бір елі қалмай, еріп жүретінмін. Әжем үнемі ақ орамалын тағып жүретін. Тіпті жан тапсырғанша басынан тастамады десем, артық айтқандық емес.
Әжемде орамалдың түр-түрі болатын. Сандығының ішінде аппақ, енді бірі қызыл, көкала, жасыл, қоңыр орамалдар шетінен «бүгін мені тақ» дегендей, көздің жауын алатын. Сан алуан кимешектері мен шәлілері тіптен керемет.
Үйге қонаққа келген әйел адамдарға әжемнің ұсынатын бағалы сыйы әдемі орамалдар еді. Сол сәулелі сәттерді, келмеске кеткен күндерді сағынышпен еске аламын. Жүзін әжім торлаған әжем де көз алдымда ақ жаулығы желбіреген кейпінде сақталыпты. Әжемнің айтқан өсиетінде орамалдың киесі қашанда биік.
Тарих қойнауына терең сүңгіп, қазақ ханымының жарқын бейнесін өскелең ұрпаққа насихаттау біздің парызымыз деп түсінемін. Сондықтан ықылым заманнан әйелдің айрықша көркін ашқан орамал хақында айтпақпыз.
Жаулық (орамал) – көнеден келе жатқан әйел затының бас киімі. Жас ерекшелігіне қарай нәзік жандылардың басынан ешқашан түспеген оралмалдың қазақта сан түрі кездеседі. Үй шаруасына икемді, сыртқа киетін жаулықтың сәндісі әйел біткеннің сұлулығын аңғартады. Орамалдың өзіндік стильдік тұрғысынан алғанда қалың-жұқа етіп жібектен, жүннен, мақтадан тоқылған түрі халық арасында кеңінен танылған. Пішіміне қарай шаршы және қиықша болып бөлінетіні тағы бар. Негізінен орамал атауына тоқталар болсақ, жібектен шашақтап тоқылғанын «бөртпе», матадан және жібек арқылы шашақ шығармай тоқыған орамалдың қалың түрі «салы», торғын тектес, жұмсақ үлпілдек матадан немесе ешкі, түбітінен жасалған орамалды «бөкебай» деп атайды.
Ертеде жайлауда отырған бір елдің азаматтары жаңа қонысқа мал айдап кетеді. Бас көтерер азамат болмаған ауылға тұтқиылдан жау шапқанда, сол ауылдың бәйбішесі басындағы ақ орамалды шешіп, сойылға байлап, жауға қарсы шығып, оларды тоқтатады. Сөйтіп ауылды аман алып қалады. Сол күннен жауды тоқтатқан ақ орамал «Жаулық» аталып кетіпті. Содан болар қазақ халқы бірінші байлық – денсаулық десе, екінші байлық – ақ жаулық деп есептейді.
«Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдардың атауларының дәстүрлі жүйесі» деп аталатын энциклопедияда «Қыз бала орамал тартпаған. Қыз ұзатылып, келін болып түскенде беташар болғаннан кейін енелері басынан сәукелесін шешіп, ақ орамал салған. Сонымен қатар, дәстүрлі ортада жас келінге сәукелесінің артында тұратын орамалын да салған. Оны желек деп атаған. Желектің түсі көбінесе қызғылт, қызыл, қызыл күрең өңді болып келген. Жас келін үлкен кісілердің алдында бетін желегімен көлегейлеп сөйлесетін болған. Балалы болғаннан кейін келіншек желек орнына кимешек киген» делінген. Осыдан-ақ ертеректе халық арасында жас ерекшеліктеріне байланысты орамал тартудың қатаң сақталғанын байқауға болады.
Бірде Бөлтірік шешен ел аралап жүріп, бір кедейдің үйіне келіп түседі. Торғай қамаса тұрмайтын, жыртық киіз үй, төрдегі текеметтің арасынан шөп өскен, адам отыратын жер жоқ. Үй иесі «Ақсақал жоғары шығыңыз» дегенде, әйелі басындағы орамалын алып, жерге төсепті. Бөлтірік шешен сонда: «Келін мұндай құрметті ешкімнен осы жасқа келгенше көрмеппін. Ақ ниетіңе разымын. Тәңірім басыңа жетер байлық берсін. Басыңа қайта тартып ал», – деп өзі еңкейіп орамалын жерден алып беріпті. Кедей жалғыз ешкісін сойып, үйге келген қонағына шама-шарқынша сый-сияпат көрсетеді. Кедейдің ақ көңілін аңғарған Бөлтірік шешен: «Қазанға еттің бәрін сал, ауыл-аймақтың бәрін шақыр. Бөлтірік шешен менің үйімде бірнеше күн боламын деді» деп хабар айт депті. Оны естіген сол ауылдың ауқатты адамдары бірі үйін әкеліп тігіп, бірі дүниесін, сойыс малын алдырып, бірнеше күн болыпты. Кетерінде шешен: «Осы әкелген дүниелеріңді, беретін малдарыңды осы жігітке беріңдер» деп бата беріпті. Көп кешікпей кедей жігіт дуалы батадан соң, байлыққа кенеліпті деген ел аузындағы аңыз әңгіменің астарына үңілсек, сол орамалдың қадір-қасиетін аңғарамыз.
Сондай-ақ қазақ халқында көнеден келе жатқан «Сары жаулық» деген дәстүр болған. Барымтада кісі өлсе, кінәлі жақ өлген адамның әйеліне сары жаулық беріп жіберген. Бұл күйеуіне құнын төлейміз деген таңба хат. Сары жаулықты құн төленгенше әйел тағып жүрген. Құн төленген күні шешкен. Сондықтан қазақ сары түсті көп пайдаланбайды. Сары түсті сағыныш деп есептеген. Ағаштың жапырағының, шөптің сарғайғаны дүниенің жансыздануынан деп есептеген. Сары жаулық таңба болып саналады. «Сүйегіме таңба салдың» деген сөз осыдан қалған. Айта берсек жаулықтың жан баласына ұғындырар мән-мағынасы жетерлік. Кешегі күнге дейін ер адамдар әйел жаулығын шешкен сәтте ұрысты доғара қоятын. Бұл қазақ қанындағы тектілікті білдірсе керек. Тіпті ел билеген әмірші де ақ орамалды аттамаған. Ал бүгін ше?
Жалпы тұтынған орамалды ешқашан сыйға тартпайды. Ақ түсті орамал қуаныштың, береке мен бірліктің, молшылықтың белгісі болса, қара түсті орамал қайғы-қасіреттің, қазаның белгісі.
«Орамал тонға жарамаса да, жолға жарайды», «Орамал тон болмайды, жол болады» деген ел арасында аталы сөз бар. Мән-мағынасына үңілер болсақ, орамалдың сый-сияпат екенін аңғаруға болады. Алыстан ат терлетіп, бөктерлетіп келген қонақ үйдің отанасына орамал сыйлап жатады. Сыйдың қайтарымы ретінде үй иесі де кетер кезде орамалды көйлектік бұлмен бірге салып береді.
«Шетінде шай орамал күміс жүзік,
Қуантқан сүйген жардың сөзі келді» деген өлең жолдарында орамал сезімді, көңілді білдірудің тамаша символы болып тұр. Ертеректе ер азаматтар орамал шетіне жүзік түйіп, үйленуге ұсыныс жасаған. Қыздар жағынан да орамал ыстық махаббат пен сағыныштың белгісін танытады. Жаугершілік заманда, одан бері келе алапат майдан тұсында да ер азаматтарға сапарға аттанарда кестелі ақ орамал ұсынып, сарқылмас төзімділік танытатындарын жеткізген.
«Орамал» туралы өлеңдер халық ауыз әдебиетінде де кездеседі. Мәселен, халық әні «Әгугай-ай»-да «Орамалы тұрады бес жүз жорға» деген сөз болса, Қадыр Мырза Әлидің сөзіне жазылған Нұрғиса Тілендиевтің «Әже туралы әнінде» немересі әжесіне «Менің жаным жаулығыңа түйулі» дейді. Халық арасында кең тараған әндердегі осы сөздерге қарап, орамалдың қазақ халқынының өміріндегі рөлін анық байқауға болады.
Әже, сен бірге жүрсің меніменен,
Өліге мен өзіңді телімегем.
…Ақ кимешек көрінсе, сені көрем,
Ақ кимешек жоғалса…
Нені көрем? – деп өз заманында марғасқа Мұқағали да жырға қосқан екен.
Заманауи өлеңдердің ішінде талантты әнші Роза Әлқожаның «Мен сыйға тартқан орамал» әні де жанды жадыратады. Нағыз қазақ қызына тән ибалылықты суреттеген әннің мазмұны көпті ойлантатыны сөзсіз.
Қорыта айтсақ, ақ жаулық жамылған аналарымыз бен орамал таққан келіндер азаймай, тұлымшағы желбіреген қыздарымыз ана тәлімін санаға тоқып, орамалдың киесін сақтай білгені абзал.
Альфита ОРАЗБЕКҚЫЗЫ