Бала кезден бастап бәріміз еліміздің астанасына баруды армандайтын едік. Сол арманымның орындалғанына өте қатты қуанамын. Ауылда мектеп бітіріп, елордамыз Астана қазіргі Нұр-Сұлтан қаласындағы жоғары оқу орнына түсіп, төрт жылдық оқуымды, екі жылдық магистратура дәрежесін бітіріп, әрі қарай университет қабырғасында қызмет атқардым. Астана мен үшін арман қала, әрқашан өзінің әдемілігімен, көз тоймас бейнесімен ерекшеленіп тұрады.
Астана дегенде бәрімізге ең алдымен «Бәйтерек» есімізге түседі. Қазір Нұр-Сұлтанда сәулеті жағынан бір-бірімен бәсекелескен, көздің жауын алатын ғимараттар өте көп, күннен-күнге көркейіп барады. Астана мен үшін әсем қалалардың бірі болып табылады. Ол жақтың ауа-райы көп адамдардың денсаулықтарына жақпай, көбісі қаланың суығы мен қақаған ызғарын, желді болуын ұнатпай бас қалаға қоныс аудармай жатады. Өзім оңтүстіктің тумасы болсам да солтүстікке тез бейімделдім. Әрине, жас болған соң тезірек үйренеміз, ал үлкен қарт кісілеріміздің үйренуі қиынға соқтыруы мүмкін. Алайда ең алдымен, Астана жастар қаласы, болашағы бар екенін ескере отырып, біз отбасымызбен оңтүстіктен Нұр-Сұлтан қаласына қоныс аударған болатынбыз. Қазіргі таңда бауырларым білім алып, еңбек етуде.
Елорда тұрғындарының санын еліміздің барлық аймақтарынан білімге талпынып, жұмыс іздеп, арман қуып келген жігіттер мен қыздар еселеп өсіруде. Олардың бір-бірімен танысып, жүректері табысып, шаңырақ құрып жатқаны еліміз бен қоғамның іргетасын нығайтып жатқанының белгісі. Солардың қатарында өзім де бармын. Астанамыздың символы «Бәйтеректе» маған жұбайым үйленуге ұсыныс жасаған болатын. Сол кез керемет әсерге бөлеген, әлі есімнен кетпестей, естелікке толы сәт. Аллаға шүкір шаңырақ құрып, үйлі-жайлы болдық. Киелі Қаратал өңірінің келінімін. Арман қала астанамыз осындай қуанышты сәтті бізге бұйыртқанына қуаныштымын.
Армандарымыздың орындалуы өз қолымызда. Ерінбей еңбектеніп, білім алып, елімізге абыройлы қызмет атқарып, желбіреген көк туымызды барша елге таныту біздің басты міндетіміз. Астана – болашақтың қаласы, мәдениеттің ошағы, ғылым мен білімнің ордасы болып табылатын баршамыздың арман қаламыз. Сондықтан да астана мен үшін әрқашанда арман қала, ару қала, әсем қала болып қала береді.
Балгерім ТҰМАН