Ел қадірін біліп, жер қасиетін түсінгісі келетін әрбір пенде ең алдымен сол өзі туып-өскен киелі мекен, қадірлі өлкенің өткен жолына, тарихына ізденіс жасап, танып-білуге ұмтылады. Сол ұмтылыс мені де жетелеп, туған өлкем Алакөлдің тарихын зерттеп көрдім.
Менің өңірім – тарихқа аса бай жер. Ерте кезеңдерде, ұлан-ғайыр қазақ жерінде, қандай да бір тарихи жағдайлар өтсе, соның көпшілігі Алакөл өңірімен біте қайнасып жатқан. Бұған өңірдің тарихи кітаптарын, энциклопедияларын оқи отырып, қариялардың әңгімесін тыңдай отырып көзіміз жетті. Кіндік қаным тамған өңірдің жұмбағы мол, әр төбесі, әр жотасы тұнған тарих.
Алакөлдің тарихына көз салсаң, көптеген мағлұматтардан хабардар боласың. Жоңғар қақпасынан басталатын осынау сайын далада орта ғасырлардан да естеліктер қалған. Белгілі шығыстанушы ғалым Болат Көмековтың пайымдауынша, Алакөл көлі орта ғасырларда «Гаган» деп аталған. Бұл атауды ең алғаш осы заманда орта ғасырлық араб географы әл Идриси XII ғасырда қолданған. Көлдің қазіргі ұзындығы 104 шақырым, ені 52 шақырым. Ал, 1970-жылдардың мәліметтерінде ұзындығы 165 шақырым, ені 45 шақырым делінеді. Дәл осы өлшеулер араб географының мәліметтерімен ұқсас, сәйкес келіп тұр. Әл Идриси «Гаганның» ұзындығын 6 күндік жол деп тұжырымдаған (180 шақырым). Ал енін бір жарым күндік жол дейді (45 шақырым). Дәл осы мәліметтер қазіргі күнгі көлдің аумағымен сәйкес келгендіктен, бұл «Гаган» көлі – Алакөл екені дәлелденген. Әл Идриси «Гаганды» – «Қимақтар теңізі» деп атаған. Яғни, бұл тұжырымдама арқылы XII ғасырда Алакөл аймағы Қимақтардың қарамағында болғанын аңғарамыз. Осыдан кейін Алакөл жеріне келгендер итальяндық саяхатшы-зерттеуші Плано Карпини, француздық саяхатшы, Ватикан елшісі Гильом де Рубрук, атақты орыс кінәзі Ярослав Всеволодович, кінәз Галич Мерской, саяхатшы-зерттеуші Глеб Василькович, итальяндық оқымысты Андрее Лонжюмо, парсы саяхатшысы Сгибат Алауддин Джувени, міне, осылардың барлығы Алакөлді жан-жақты зерттеп, одан әрі моңғолдың ханына барған. Алакөл жеріне келіп, одан әрі Қарақорымға аттанған атақты саяхатшы-зерттеушілер Плано Карпини мен Гильом де Рубрук өздерінің осы саяхаттары жөнінде жазып қалдырған «Азияның оңтүстік-шығыс елдеріне саяхат» деген кітабында Алакөл өңірінің әсем табиғатын керемет суреттейді. Тіпті, Алакөлдің жағасында Омыл деген қала болды деп те атап көрсетеді. Ол Қойлықпен бәсекелесе алатын қауқары бар қала делінеді. Плано Карпини 1246 жылғы сапарында Алакөл жайлы «онша үлкен емес теңіз» деп ақпарат береді. Бірақ, бұл көлдің атын жергілікті халықтан сұрамапты. Сондай-ақ көлдің аяқталар тұсында бір таудың екінші таумен жалғасын табар тұсында өте қатты жел тұратынын, әсіресе, қыста қатты соғатынын тілге тиек етеді. Дәл осы жолмен 7 жылдан кейін, яғни, 1253 жылы арнайы тапсырмамен Моңғолияға, Мөңке ханға «ұлы миссиямен» – моңғолдарды христиан дініне кіргізу мақсатымен жүріп өткен монах Гильом Рубрук жергілікті жердің халқына сипаттама берумен қатар, осы тұстағы қалалар туралы да ақпарат берген. Мына бір жазбада «Қайлық (Қойлық) қаласынан өткен соң облыс орталығына келдік…Теңіз көрдік, ортасында үлкен арал бар», – деп айтылады. Яғни, бұл көл, сол тұста «Гаган» аталған қазіргі Алакөл көлі. «Сол жерде тасты ұшырып кетерлік қатты жел соғады, жергілікті халық оны «Нөбе» деп атайды» деп біздің Ебі желін тілге тиек етеді. Рубрук Жоңғар Алатауы мен Барлық тауының арғы жағында көл бар екенін, бер жағындағы өзенді «Тоқта» деп атайтынын, ар жақ бөлігінде «Ебінұр» деген көл жатқанын жазады. Шығысты аралап зерттеген діндар «Елден ары атпен 30 күндік жерде Шыңғыс ханның ордасы – Қарақорым бар екен» дейді де, онда өздерінің барғандарын, қымыз ішкендерін әңгімелейді. Ал, енді бір қызықты жағдай, Гильом Рубруктың сапарына жеті ғасыр өткенде біздің ауданға, 1992 жылы жасы 40-45-тер шамасындағы Кэтрин есімді әйел келген екен. Салт атпен жүрген бұл саяхатшының түр-түсі, тілі, діні жергілікті халыққа таныс емес еді. Дәл осы кезде аудандық әкімшілікке келген ақпарат бойынша бұл кісі – орта ғасырдағы белгілі саяхатшы Гильом Рубруктың ұрпағы екен. Бабасының сол замандардағы жүрген жолы бойынша сапарға шыққан бұл француз әйелі Еуропадан сапарын бастап, Алакөл өңірі арқылы Моңғолияға, ары қарай Қытайға жүретінін аудан билігінің басындағы адамдармен әңгімелесуі кезінде айтқан. Ол кісі арғы атасының күнделігі арқылы Алакөл жерін сырттай жақсы білген. Жол-жөнекей Қойлықта екі күн болғанын, бірақ естеліктен оқыған Алакөл жағасындағы Омыл қаласының қазіргі уақытта жоқ екенін біліп, өкінетінін тілге тиек еткен. Алакөлге келгеннен кейін, алда әлі 2 жылдай жол барын да айтып, аттанып кеткен екен. Мінекей, құрметті оқырмандар, әйел заты екеніне қарамастан қиыншылығы мол сапарға аттанған осынау кісілерден біздің де аларымыз көп болғай. Осындай ұрпақтарының арқасында Рубруктардың аты өшпес. Біз де ата-бабаларымыздың атын өшірмей, тарихты жетік оқып, ұрпақтарға қалдыруымыз парыз.
Менің өлкемнің тарихы жөнінде кез-келген заманда ғалымдардың, саяхатшылардың пікірлерінен кездестіруге болады. Тіпті, аты жарты әлемге әйгілі Александр Македонский де Үндістан жорығы кезінде Алакөл маңында бірнеше күндер дамылдапты деген тұжырымдар да тарихта кездеседі. Сонау XIII ғасырда Шыңғыс ханның өзі де, талай жер қайысар қалың қолымен келіп, ақ айдынды Алакөлге, бұйра толқынды Жалаңашкөлге жауынгерлерімен бірге шомылып, жан ләззатын татып, рахатқа бөленген. Сол кездерде Шыңғыс хан жаралы сарбаздарын осы көлге түсіріп, адам қатарына қосып отырған екен. Бұл айтылғандардың барлығы еш бұрмалаусыз тарих. Бұл жайындағы деректер қат-қат тарих беттерінде таңбаланып қалған. Осы қасиетті, әлемге әйгілі мекенге бауыр басқан Шыңғыс хан және оның ұрпақтары өлкеге бауыр басқаны соншалық, хан ордасын Алакөлдің маңайына көшіріп әкелген деседі. Тағы бір айтарлығы қазіргі Барлық-Арасан курортының маңында Шыңғыс ханның немересі Күйік ханның өз ордасын орнатқаны айтқандарыма дәлел. Осы жерде аса құпия және мәні терең талай мемлекеттік мәселелер шешілген. Тарихта осы Күйік ханға орыстың атақты кінәзі Ярослав Всевололдович келген дейтін дерек бар. Ол – батыр, қолбасшы, орыс халқының мақтанышы Александр Невскийдің әкесі еді. Ярослав Всеволодович Алакөлде, Күйік ханның ордасында азаппен өлтірілген. Оның сүйегі Алакөл өңірі арқылы Ресейдің Владимир қаласына арбамен жеткізіліп жерленеді. Қастарында бір топ адам және тілмаш Темер деген болған екен. Темердің күнделігінде Алакөл көлі керемет суреттеледі. Бір жағындағы Жоңғар Алатауы бұларға үлкен әсер қалдырған. Бірақ, сол кезде жергілікті Ебі желі елсіре соғып, тас ұшырып, жолаушыларға үлкен азап көрсеткенін әлгі тілмаш күнделігінде суреттеп жазады.
Бұл ғана емес, моңғол шапқыншылығынан үрейленген Армения патшасы Гетум I моңғолдармен достасу үшін сый-сыяпаттарын алып Алакөл өңірі арқылы моңғол ханына барған. Жол-жөнекей Алакөлге тоқтап, алыстан мұнартқан көлдегі Аралтөбені көргенде «Біздің Армения сұлу деп жүрсек, одан да керемет жерлер бар екен-ау» деп тамсаныпты. Осы Армения патшасы Гетум I 1254 жылы, бірінші, Сарай-Берке қаласындағы Бату хан сарайына барып, кейін Жоңғар Алатауы арқылы Алакөлді айналып, Күйік ханға келеді. Сонда Гетум I патша моңғол әскерлерінің құрамында әр түрлі ұлт өкілдері барын, тіпті, Қарақорымда христиандарға арналған шіркеулер барын көріп таң-тамаша болады.
Зырылдаған уақыт ұршықша иіріліп, табиғаттың көз алдында тізбектеліп, тарих болып өтіп жатыр. Біз жоғарыда келтірген деректердің, тұжырымдардың барлығының авторлары Алакөл жеріне аяқ басқан соң, Алакөлдің арғы беті мен бергі бетін толық қарастыру үшін Жоңғар қақпасын бірнеше рет басып өткені белгілі. Осы айтулы қақпаның өзі де бір тұнған тарих. Кейінгі буын өкілдері, менің қатарласарым, көбісі «Жоңғар қақпасы» деп аталғанға бұл жерде қақпа, болмаса, бекініс бар деп ойлайды. Айналаға көз тіксеңіз ондай дүниелерге кезікпейсіз. Түстігінде Тоқта, терістігінде Барлық тауларының сілемдері жатыр. Бірақ, армандарына қол жеткізе алмаған қос ғашықтардай аралары бөлініп қалған осы екі таудың ортасында орналасқан жол «Жоңғар қақпасы» деп аталады. Қақпаның аталу себебіне келер болсақ, бір кездердегі қазақ-жоңғар қақтығысы кезінде жоңғар әскерлерінің қазақ жеріне кіретін жолы болғандықтан осылай аталса керек. Көптеген ғалымдардың күнделіктеріндегі Ебі желі Таудың арғы бетіндегі Ебінұр көлінен басталып, Жоңғар қақпасы арқылы Алакөлге келеді. Бір кездері Ұлы Жібек жолының арнасы болған бұл қақпа бүгінде қазақ елі мен қытайлықтардың шекарасында тұр. Қақпа арқылы екі елге автокөлік жолымен де темір жол арқылы да қатынауға болады. XIX ғасырдың соңында белгілі француз географы Э.Реклю Жоңғар қақпасын зерттей келе былай деп жазған: «Халықтың көпшілік тобының топталып өтуімен аты шыққан осы тау өткеліндей бірде-бір жер болған емес». Шынымен де, XIII ғасырда Жоңғар қақпасы Шыңғыс хан мен Бату хандардың қазақ даласына, Орта Азияға, Батыс елдеріне жасаған жорықтарының маңызды жолы болған. Жоңғарлар да XVIII ғасырда қазақтарға дүркін-дүркін жорықтар жасағанда осы қақпа арқылы біздің жерге кірген. Кейін қазақ жұрты күш жинап, жауды жеңіп, Қаракерей Қабанбай батыр жоңғарларды осы қақпа арқылы Үрімшіге дейін қуып барып, тас-талқан етіп біржолата жеңіске жеткен.
Алакөл туралы тарих деректері де, осы күнге дейін ауыздан-ауызға тарап әлі күнге дейін айтылатын аңыздар да жетерлік. XV ғасырда желмаясына мінген Асан қайғы бабамыз қазаққа ең шұрайлы жер іздеп, жер ұйығын табуға сапарға шыққан. Жүріп өткен жерлерінің кереметтілігін сөзбен жеткізіп, пікірлерін қалдырып отырған екен. Бабамыз шағалалы Алакөл жеріне келгенде «Қазаққа құт боларлық мекен екен, бірақ ұрыстың исі аңқып тұр» деп пікірін қалдырыпты. Айтса айтқандай, дәл осы өңір, жоңғар-қазақ арасындағы соғыста басты ұрыс алаңдарының негізгісі болған. Бұл жерде талай қанды қырғын орын алған. Адам қаны өзендей тасып, осынау меңіреу кең даланың берекесін алып, өлке қан сасып қала беретін. Алакөл сол замандарда құзғындар мен жыртқыштардың мекені болғандай. Алакөлдің күн батысында «Тоқта» атты тау бар. Дәл осы тау жайлы да ел аузында түрлі әпсана бар. Ел аралап, жер кезген Асан қайғы бабамыз, осы тауды көргенде желмаясын асатаяғымен түртіп қап «Тоқта» деп бұйырғанынан шыққан деген аңыз ел аузында айтылады. Ал, енді бір әңгімелерде Қабанбай батырдың ағасын қалмақтар найзаға түйреп алып кетеді. Тау кезіп, батыр баба ағасын іздей шығады. Осы таудың тұсына келгенде қалмақтар қолындағы шығар-шықпас жаны қалған ағасының «Тоқта» деп дауыстағанынан тау да осы атауға ие болған деседі.
Киелі де қасиетті Алакөл өңірі бұдан бұрын да, кейін де талай кіреукелі көшті де, күңіренген елді де, алапат майдандарды да көрді. Осыған байланысты әңгімемізді ары қарай өрбітер болсақ, XVII ғасырда дүниеге келген Жоңғар мемлекеті бас-аяғы жарты ғасырдың ішінде Орта Азияда аузын айға білеген, әскери жұмыстары мықты дамыған ірі мемлекетке айналды. Айналасындағы елдерді отар қылып, енді көзін қазақтың созылып жатқан кең сайын даласына қадады. Осылайша осы соғыс 2 ғасырға жуық өмір сүрді. Жоңғар еліне қарсы майдандарды Алакөл өңірі де талай көрді. 1725-жылғы Алакөл шайқасы қазақ тарихында таңбаланып қалған елеулі оқиға. Осы соғыс кезінде қазақ әскерлеріне қолбасшылық жасаған, Алакөлдің тума батыры, халық арасында «Хан батыр», «Дарабоз» атанған Қаракерей Қабанбай батыр еді. Қабанбай – Найманның Қаракерей руынан шыққан атақты батыр, қолбасшы. Мекен еткен жері – Алакөл өңірінің аумағы. XVIII ғасырдағы ұлт-азаттық күресінің көрнекті көсемі. Жекпе-жектерде жеңіс бермеген жеке батырлығымен, әуелі өз ұлысының, кейін күллі қазақ жасағын басқарған білікті қолбасшылығымен көзге түскен. Мәшһүр Жүсіп Көпеев: «Батырда Қаракерей Қабанбайдан асқан батыр жоқ. Үйсін Төле биден асқан би жоқ» деген екен.
Керей Әзімбай ақын:
Алакөлдің аржағы Тоқта, Барлық,
«Абылай» мөлшер атты тоқтатарлық.
Сол шетке қондырыпты Қабанбайды,
Ондай жан дүниеде жаралмайды.
Дұға қып қол көтеріп Қабекеңе, Өзге жан жау шетінде қала алмайды. Жау шетінде пана боп сол жатпаса,
Бұл қазақ Сарыарқаны ала алмайды – деген жырында Қабанбайдың айбынын, қасиетін, қазақ жерін қорғаудағы еңбегін, Алакөл өңірінде өмір сүргенін жазады. Міне, бұл Алакөл тарихының кішкене бөлігі ғана. Өңірімнің шежіресін толықтай тізбектесем қағаз бетіне симайтыны хақ. Алакөлдің біз білмейтін құпиялары әлі толық ашылып, зерттеліп біткен де жоқ. Сондықтан талай заманға куә Алакөлдің тарихы туралы жазарымыз әлі алда.
Аслан ҚАЖИЕВ
Алакөл ауданы