Əдебиет сабағы үстінде апайлары барлық оқушыларға өздерінің қандай құсты жақсы көретіндіктері туралы «Менің сүйікті құсым» тақырыбында шағын эссе жаздырды. Əудем уақыттан кейін шығармаларын жазып болған оқушылар бір-бірлеп мұғалім апайларына тапсырып, тексерте бастады. Табиғат аясындағы біраз құсты өздерінше сипаттап, əсерлеп жазғандардың көп сандысында «Қыран бүркітті» мақтапты. Қырандай күшті, текті де тегеурінді болып биіктерде самғағысы келетінін айтыпты. Ал біразы «Аққу» құсын – адалдық, тазалық, махаббаттың символы деп мақтап, көгілдір көк айдында еркін жүзуді аңсағанын білдіріпті. Ал тағы біразі «Қарлығаш» құсын – елгезек, жүйрік, қанатымен су сепкен қайрымдылықтың бейнесінде баяндап жатса, əлде біразы «Бұлбұл» құсын мақтап оның ну орманда əсем үнімен сайрағанын ет құлағымен естігісі келетінін айтыпты. Тағы айта берсек «Сұңқар», «Тотықұс» т.б. құстарды жақсы көретіндерін өз əлдерінше жақсылап жазыпты.

Апайды бəрінен де таңғалдырғаны «Əппақ қарға» тақырыбындағы шағын шығарма болды. Апай алғашында тақырыбынан-ақ селт ете қалды. Əппақ қарғасы несі? Əппақ қарға болушы ма еді? Шығарманы ішкерлей оқи бастады. Оқушы бала шығармасында: мен барлық құстарды жақсы көрем, аялаймын, Бірақ қарға құсын бағалаймын депті.

Мен анамнан ерте айрылып жетімдік күйін кештім. Мен асыл анамды сағындым. Ол кісінің мені еркелетіп шақыратын ең тəтті сөздерін қайта-қайта естігім келеді. Марқұм анам мені ылғи да еркелетіп «Əппағым» дейтін, «Қарғам», «Жарығым» дейтін. Бір күні сол анама: Анашым, Сіз мені «Қарғам», – деп жаман қара қарғаға теңейсіз, қарға қарқылдақ, қап-қара жөні жалпылдақ құс қой дейтінмін. Сонда анашым: Əй, балам-ай, құстың жаманы болмайды. Қарға негізі киелі құс. Біз қарға тамырлы қазақпыз ғой, «Қара», – деген ұғымда қасиет бар. Сол қарға өзінің баласын «Əппағым», – деп аялап, бауырына басып қанаттандырып ұшырады екен. Құс екеш сол қарғада да баласына деген аналық мейірі, терең сүйіспеншілігі болған. Бұл бізге қанағат, қарапайымдылық, қайырымдылықты да ұғындырады деп түсіндіріп берген еді. Сондықтан мен анамның «Адал баласымын, мен анамның «Əппақ қарғасымын» мен анамды жақсы көрем, мен анамды қатты-қатты сағындым деп эссесін аяқтапты.

Оқушысының жан тебірентерлік шығармасын беріліп оқып отырған мұғалім апайының жанарынан сұраусыз бір тамшы жас ақырын ғана алдындағы ақ параққа тамып кетті…

PS: «Анасы бар адамдар, ешқашан қартаймайды», – демекші ақ балапанын ақ сүтін беріп емізіп, қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай, түн ұйқысын төрт бөліп, түнде бесік таянып отырып өсірген асыл аналарымыз аман болсын! Шынында «Жаннат – Аналарыңыздың аяғының астында» – екенін ұмытпаңыздар!

 

Мен де су құяйыншы

Асқар таулары аспанмен тірескен, жазиралы төсінде алуан-алуан гүл өскен жер жаннаты жайлау ғой. Жол түсіп жаздыгүні сол жайлауға бара қалдық. Шөбі шүйгін, суы бал, ауасы жұпар гүлзар аумақтағы ақбоз үйдің ішінде аунап-қунап бір қайтқанымыз бар.

Ия, есімде сол күні əлгі біз қонған үйдегі бір-бірлеріне өң-түстері ұқсас, аралары бір-екі жас мөлшеріндегі екі-үш қара домалақ бала бар екен. «Балалы үй базар», – демекші солардың қызығы мен шыжығы басымдау көрінді. Көңілге түрткі ой салды. Үй иесі кешқұрым қоярда қоймай: «Алыстан келген сыйлы қонақсыздар, кəделі малдарыңызды жеңіздер» деп бір мал сойған болатын. Бір мезетте қарасақ: Міне, міне, менікі жақсы болды, сен сирақты күйдіріп жіберіпсің, əлі сирақ үйтуді үйренбегенсің ба? Кейін малдың басын қалай үйтесің? Балалардың бұл сөзі мен қылығына қарап мəз боп тұрмын. Қолдарында тобылғы істікке шаншыған бір-бір сирақ бар, мұрындарын қорыс-қорыс тартып қойып күйбеңдеп, жарысып жармаса жұмыс жасап жатыр өздерінше.

Кəделі ас бірер сағатта пісіп болғанша үйдегі ақсақалдың да қызықты əңгімелері жүректі жылытып жіберді. «Қане, қане, қолдарыңызды жуыңыздар! Ет пісіп дайын боп қалды» деген хабарда келіп жетісімен үйдегі əңгіме де түйілді. Үй толы адам қол жууға ыңғайлана бердік. Кішкентайлар ұйықтамаған əлі сергек, тіпті қонақтардың қолына су құюға таласып қалды. Мен, мен құяйыншы, жоқ, сен астан кейінгі суды құй, мен алдымен құяйын. Балалар бір құманға таласып қалды. – Əй, құрт жегірлер-ай (апасының еркелетіп сөйлегендегісі) қонақтар күтіп қалды. Біреуің құйыңдар тез, – деп айтқан еді. Оған да құлақ асатындай болмаған соң: «Жə, жə, тұра тұрыңдар!», – деді атасы, үшеуің де су құйғандай боласыңдар. «Қане, қане, менің айтқаным бойынша істеңдер!» деді. «Сен сулық орамалды бересің, сен су құятын тегешті ұстайсың, сен құманмен су құй!» деп үшеуіне үш тапсырманы берді. Сонда барып балалар əзер жөнге келген болатын.

Дастарқан үстінде, «Əй, балалар қолға су құйғанға неге сонша таластыңдар?» деп сұрағаным бар еді. Сонда біреуі жұлып алғандай – Аға, атам бізге ылғи ақылын айтып отырады. «Сендер есейіп үлкен азамат болу үшін үлкендерді құрметтеңдер. Сыйлаңдар. Олардың алғысын алыңдар» дейтін. Əсіресе су құйғанның сауабы мол екен. Біз ат құлағында ойнайтын үлкен азамат болғымыз келеді. Сіздер біз су құйсақ «Үлкен азамат бол», «Өмірің ұзақ болсын», «Тəңір жарылқасын», – деп ақ баталарыңызды бересіздер ғой. Біз сосын тез-тез үлкен азамат боп ержетеміз деді.

Дастарқан басындағы баланың риясыз жүрегінен шыққан аталы сөзге бəрі риза боп бір күлісіп алдық. Бала болса да арманы алыс, зерек те, елпектігі көрініп тұр. «Балапан ұядан нені көрсе, ұшқанда соны іледі», – демекші ата-анасының, үлкендердің тəрбиесі, ақылнамасы ғой бұл көрсетіп отырған.

Астан соң жатарда далаға шықтым. Пай, пай жайлаудың салқын самалы бетті өбеді. Аспандағы жұлдыздар самсып жамырайды. Əрбір жердегі ақбоз үйлердің түнгі оттары жарқырайды. Қонақжай қормал қазағым-ай… қайран қамсыз балғын балалық шақтар-ай деп тағы бір терең ойларға сүңгідім. Кезінде мұз таудың мұзбалақ ақыным марқұм Мұқаң да:

… Құста болғым келмейді! Қанатым бар,

Қанатым бар күмістен жаратылған.

Сəби болғым келеді, сəби болғым,

Мына өмірден хабарсыз жаңа туған, – деп жырлап аңсағанындай аласұрып күй кештім. Əттең, керуен уақыт келмеске кетіп бара жатқаны-ай, балауса балалығым өзіме қайта оралғанда ғой. Мен бəрін басқаша, мен бəрін жаңаша бастағым келеді.    Мен де су құяйыншы….

 

Нүсіпқан ҚАДЫРСҰЛТАН

Алакөл ауданы

By karatal

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *