БАТЫР ЕСІМІ ЕЛ ЕСІНДЕ
Қазақ халқының бүгінгідей еңселі ел болуының, әлемнің алпауыт елдерімен иық тіресе алатындай дәрежеге жетуінің сыры тарихымызда деп айтсам қателеспеймін. Қазақ бұрыннан рухты, батыл әрі батыр халық болған. Халқымызда батырлық пен ерліктің жарқын үлгісі бола білген алып тұлғалар – біздің мақтанышымыз. Жастардың ұлттық патриотизмін, отанына деген сүйіспеншілігін арттыруға батыр ата-баларымыздың қосқан үлесі өте зор. Сондай батырларымыздың бірі Жетісу өлкесінің жарқын тұлғасы – Иван Косенков. Үштөбе қаласының орталық көшелерінің бірі сол кісінің есімімен аталады.
Иван Васильевич Косенков – Оңтүстік-Батыс майданының 12-армиясы 333-ші атқыштар дивизиясының 1118-ші атқыштар полкінің атқышы, сержант. 1923 жылы 30 желтоқсанда Семей облысы (қазіргі Шығыс Қазақстан облысы), Бородулиха ауданы, Богословка ауылында шаруа отбасында дүниеге келген. 1964 жылдан КОКП мүшесі. 7 сыныпты бітіргеннен кейін колхозда қарауыл болып жұмыс істейді. Иван Косенков әкесінен ерте айырылған. 16 жасында колхозда еңбек етіп, отбасының жалғыз асыраушысы болған екен. Ал 18 жасында соғысқа аттанған. Ардақты ардагерге бірнеше майданның түрлі салаларында соғысуға тура келді.
Днепрді кесіп өту оның әскери даңқының шыңы болды. Өзеннен өту кезінде артиллериялық экипажда жолдасы Михаил Голяков екеуі ғана қалып, бір апта бойы жаумен қиян-кескі ұрыс жүргізіп, үш танкі, снарядтары бар машина мен БТР-ны қиратты [1,934].
1944 жылы 22 ақпанда дивизияда КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығында: Днепрді кесіп өту кезінде фашистік басқыншылармен шайқастарда көрсеткен батылдығы сержант Иван Васильевич Косенков марапатталды. Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.
Ардагер Иван Васильевич Алматы облысындағы жалғыз Кеңес Одағының батыры еді. Қаратал ауданы, Үштөбе қаласында тұрған. Ардагердің бүкіл өмірі өскелең ұрпаққа үлгі бола алады. Оның адамгершілік сипаты мен өр мінезі көптің жадында мәңгілік сақталары анық.
КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1944 жылғы 22 ақпандағы Жарлығымен сержант Косенков Иван Васильевичке Ленин орденімен және «Алтын Жұлдыз» медалімен (№ 2688) Кеңес Одағының Батыры атағы берілді[2]. Ол өзінің ерлік жолын, соғыстың тауқыметін үнемі жастарға толғана айтып отыратын. Сондай-ақ, Қазақ елінің болашағы бүгінгі жас ұрпақтың қолында екендігін, алдымызда жарқын болашақ тосатынын үнемі сөзіне тиек ететін. Қазақтың ауыр, азапқа толы күндері артта қалды деп үміттенетін.
Халық әрқашан өз батырын жоғары бағалаған. Ол Ленин орденімен, 2 1-дәрежелі Отан соғысы ордендерімен, медальдармен марапатталған. Иван Васильевич – кітап беттерінде, тарих беттерінде ғана емес, біздің жүрегімізде. Ол ұрпақ жадында сақталатын тұлға. Қазақ жері мен елі үшін қасық қанын аямаған әрбір ата-бабамызды жүз жыл болсын, мың жыл болсын әрдайым өз жүрегімізде, ойымызда, санамызда сақтап, қадірлеп жүру әрбір қазақ азаматы мен азаматшасына парыз деп білемін.
Арайлым ОРАЗҒАЛИ, І.Есенберлин атындағы МДШО бар орта мектебінің 9 сынып оқушысы
Жетекшісі: Гульназ ОТАРБАЕВА, І.Есенберлин атындағы МДШО бар орта мектебінің тарих пәнінің мұғалімі
Пайдаланылған әдебиеттер:
- Курманбай А. К. Косенков Иван Васильевич – герой из Казахстана / А. К. Курманбай ; науч. рук. В. А. Пономарёв // Проблемы геологии и освоения недр : труды XIX Международного симпозиума имени академика М. А. Усова студентов и молодых ученых, посвященного 70-летнему юбилею Победы советского народа над фашистской Германией, Томск, 6-10 апреля 2015 г. : в 2 т. — Томск : Изд-во ТПУ, 2015. — Т. 2. — [С. 934-935].
- Герои Советского Союза: Краткий биографический словарь / Пред. ред. коллегии И. Н. Шкадов. — М.: Воениздат, 1987. — Т. 1 /Абаев — Любичев/. — 911 с. — 100 000 экз. — ISBN отс., Рег. № в РКП 87-95382.