Кітапхана адамзатты нұрлы әлемге жетелейтін, жүрегіне ұлылық пен жылылық сыйлайтын, рухани құңдылықтарды жүйелі дамытатын қасиетті шаңырақ.

«Мәдениет пен  өнер ұлы болмайынша ұлт  ұлы  болмайды» – дегендей, оқырмандардың мәдени танымдық қабілетін қалыптастыратын ортаның бірі кітапхана болып табылады. 90 жылдан астам  тарихы бар Алакөл аудандық кітапханасы 1928 жылы Үшарал қаласында Болыстық үй болып құрылған. 1975 жылы орталықтанған кітапханалар жүйесіне біріктіріліп, 44 ауылдық кітапхана, 1 орталық кітапхана, 2 «Қызыл Отау», 33 кітапхана филиалдары жұмыс істеді. Кітапхана қоры 118393 кітаптан тұрған.

1985 жылы 39 кітапхана филиалы, 1 орталық балалар кітапханасы бар еді. Кітап қоры 253937 дана болған. 1990 жылы 40 кітапхана болды, 1 орталық кітапхана, 1 балалар кітапханасы, 5 қалалық кітапхана: Үшарал қалалық кітапханасы, Приалакольская, Новостройская, Джамбулская, Талапкер кітапханалары жұмыс істеді. 1995 жылы «Қызыл отау» жабылды.

1997 жылы  Андреевка және Алакөл ауданы біріктіріліп, 33 кітапхана жұмыс істеді. Кітап қоры 2300321 дана болды. 2000 жылы қысқартылып, 14 кітапхана, оның ішінде 13 ауылдық кітапхана  қалды.

Арада  жарты ғасыр астам уақыт өткенде  Алакөл  ауданындағы  кітап қоры  артып, оқырман саны  мыңдаған адамға жетті. Тәуелсіздік жылдары (2007-2008 жылдары)  ауданда 9 кітапхана ашылып, бүгінде 23 кітапхана аудан  тұрғындарына мәдени-рухани  қызмет көрсетуде. 1 орталық кітапхана, 2 балалар кітапханасы, 20 ауылдық кітапхана бар.

Алакөл аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесінде әр жылдары Вера Соколоская, Несіпханым Омарова, Валентина Герасименко, Райса Ивановна, Бақтыбала Құдайбергенова, Тамара Дьяченко, Қарлығаш Шпекбаева кітапхана меңгерушісі болды. 2011 жылдың тамыз айынан бастап «Алакөл аудандық кітапхана»  мемлекеттік мекемесінің  директоры болып Гүлнар Сүйеубаева қызмет атқарады. 

Жалпы кітапханалар жүйесінде қазіргі таңда  447623 дана кітап қоры бар. Жыл бойы  800 мың теңгеге газет-журналдарға жазылады. 19 мыңнан астам оқырманға қызмет етеді.

Ауылдағы кітапхана қорын толықтыру мақсатында жыл сайын облыстық  С.Сейфуллин  атындағы  әмбебап кітапханасынан жаңа кітаптар аламыз. Орталық кітапхана әдістемелік орталық болып табылады. Ауыл  кітапханашыларына жүйелі түрде ғылыми-практикалық  конференциялар, байқаулар, семинар-көмектер, кеңестер т.б. көптеген іс-шаралар  белсенді түрде  жүргізіліп  отырады. Кітапхана – адамдардың басын қосу, білім беру мүмкіндігі бар бірден-бір  парасатты  мәдени орын болғандықтан ұлттық мәдениеттің мәйегін насихаттау мен дамыту кітапханашының міндеті. Кітапханалар жүйесін сақтап қалу, оқырмандарға жаңаша түрде қызмет көрсету, оқуға баулу, рухани байлығын көтеру  қазіргі  заманға сай жүргізілуі  қажет.

Еліміздегі болып жатқан жаңалықтар мен өзгерістер, білім мен мәдениеттегі болып жатқан жаңа мемлекеттік тапсырмаларды іске асырудағы шешуші қадамдар ең алдымен кітапханадан басталады. Осы орайда «2004-2006» жылдарға арналған «Мәдени-мұра» бағдарламасы аясында, 2017 жылдан Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасы және «Ұлы даланың  жеті қыры» бағдарламалық мақаласын іске асыру жөнінде  мәдени іс шаралар жоспары құрылып, насихаттау жұмыстары  жүргізілуде.                                                                                                                                 Қазіргі таңда еліміз бойынша «Аманат» партиясының бастамасымен кітапханаларды заманауи білім орталықтары ретінде қайта құрып, олардың жұмысын жандандыру ісі қолға алынуда. Осы жоба негізі аясында аудандық орталық кітапханада, Қабанбай ауылдық кітапханада «Коворкинг»  орталықтары ашылды. Коворкинг орталығын коммуникативтік алаң деп айтуға болады. Бұл  жерде көптеген іс-шаралар, презентациялар, кездесулер өтеді. Сонымен қатар тегін интернет желісіне шығу мүмкіндігі бар. Қазір бұл орталық қызмет көрсету мекемесі емес, оқырмандар мен көпшіліктің зияткерлік демалыс орнына айналуда.

Аудандық кітапхананы жоғарғы деңгейге көтеру үшін кітапханада ақпараттық технологиялық жүйені арттыру қажет. Осыған байланысты заманға сай «КАБИС» бағдарламасы арқылы 2010 жылдан бастап  1 орталық, 3 ауылдық  кітапхананың  кітап қоры электрондық каталогқа енгізілуде. 2020 жылдан бастап «РАБИС» бағдарламасы арқылы орталық және Қабанбай ауылдық кітапханаға түскен кітаптар мен мерзімді басылымдарды толық библиографиялық өңдеуден өткізіп, жүйелік ақпаратқа енгізу жүзеге асырылуда.

2013 жылдан бастап Қазақстанның Ұлттық электрондық кітапханасы (КазНЭБ) бағдарламасы бойынша жұмыстар жоспарлы түрде жүргізіліп келеді. Оған ауданымыздың ақын-жазушылары С.Иманасов, Т.Садиев, Ш.Шотпақұлы, Т.Бейісқұлов, Ғ.Жандыбаев, А.Кендірбекұлы, А.Бейсенбинов, Қ.Қорабаевтың кітаптары енгізілген. 33 шығармалар жинағы сандық форматқа түсірілсе, сирек қорға 8 кітап енгізілді. Жыл бойына атаулы күндерге, мемлекеттік мекемелерге, елімізге танымал болған қайраткерлер өміріне арналып көпшілік іс-шаралар  жоспар бойынша кезең-кезеңімен өткізіліп тұрады.

Тәуелсіздігіміздің 15,25,30  жылдығына, Астанамыздың 10, 20-жылдығына орай «Жыл көрмесі», «Астана-ғасырлар ізденісінің нәтижесі» атты дөңгелек үстелдер, т.б шаралар, ауданымыздың  80, 90  жылдық торқалы мерей тойына, аты алашқа белгілі жазушы Ә.Әлімжановтың шығармаларын,  ақын С.Иманасовтың, басқа да елімізге белгілі жергілікті ақын жазушылардың шығармаларын насихаттау жұмыстары жүйелі түрде жүргізілді.

Алакөл тарихқа бай өлке. Бұл өңірден білекті батырлар, аты  алысқа  жеткен  ақындар да, от ауызды, орақ тілді шешендер де, жауырыны жерге тимеген балуандарда көптеп шыққан. Кешегі репрессияның  құрбаны болып кеткен  Арап, Сәмет сынды  ақындарымыздың жауырыны жерге тимеген Қараш секілді балуандарымыздың, Шіре-ана секілді әулиелеріміздің өмір-тарихын зерттеп жұртшылыққа таныстыру мақсатында дөңгелек үстел,т.б. мәдени іс-шаралар атқарылып жүр.

Кітапханада жыл сайынғы Президент жолдауы талқыланып, оқырмандарға кеңінен  таныстырылып, насихатталады. Бұдан бөлек «Кітапханаға кітап сыйлайық» – атты қайырымдылық акциясы ұйымдастырылып,  кітапханаға  оқырмандар  кітап сыйлайды. Атап айтсақ С.Иманасов, Ғ.Жандыбаев,Т.Бейісқұлов ағаларымыз өздерінің кітаптарын сыйға тартты. Аудан бойынша 31 кітапханашы  қызмет  істейді. Олар жоғарғы және орта  арнаулы  білімді кітапханашылар.

Тәуелсіздік жылдары кітапханашылардың білім деңгейін көтеру мақсатында көптеген жұмыстар жасалды. Атап айтсақ, 2007 жылы Астана қаласына «Оқитын қоғам-бәсекеге қабілетті елдің негізі» атты халықаралық оқу конгресіне кітапхана директоры К.Шпекбаева барып қайтса, 2011 жылы  Астана  қаласында  бірінші рет өткен «Жас  кітапханашылар»  Слетіне Ақжар  ауылдық кітапханасының кітапханашысы С. Қошқарова барып қайтты.

Аудандық кітапхана директоры Г.Суйеубаева 2012-2019 жыл аралығында өткен С.Сейфуллин атындағы Алматы облыстық әмбебап кітапханасының ұйымдастырған семинарлар мен конференцияға қатысты; 2012 жылы Қарағанды қаласында Ж.Бектұровтың 100 жылдық мерейтойына орай «Ғасыр дауысы» атты халықаралық конференцияға қатысты; 2013 жылы Қызылорда қаласындағы Ә.Тәжібаев атындағы облыстық кітапханада өткен конференцияға қатысты; 2017 жылы  Халықаралық  «ЭКСПО-2017»  көрмесіне қатысты.

2018 жылғы 13-14 қыркүйек күндері Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасында өткен «Кітапхана – қоғамның көпфункцияналды, көп деңгейлі әлеуметтік институты» атты Бүкілқазақстандық кітапханашылар съезіне делегат ретінде ауданымыздан директор Г.Сүйеубаева, кітапханашылар Ж.Омарова мен Ж.Саябаева барып қайтты.

2011 жылға дейін аудандық  кітапхана  директоры Қ.Шпекбаева Республика күніне кітапхана  ісін  дамыту жөніндегі ұзақ жылғы еңбегі үшін Қазақстан  Республикасының  Мәдениет және  ақпарат министрлігінің  құрмет  грамотасымен, «Мәдениет қайраткері» төсбелгісімен марапатталып, зейнеткерлік демалысқа шықты. Жыл  сайын  ауданымызда кітапханашылар арасында «Үздік кітапханашы» байқауы өтеді. Үздікке шыққан кітапханашылар облыс байқауынан жүлделі орынға ие болған кітапханашылар Рамиля Мұхаметқалиева,  Айгүл Оңғарбаева, ал 2019 жылы бас жүлдені орталық кітапхананың кітапханашысы Маукен Жания иеленіп, кітапхана мерейін көтерді. Кітапханамыз 2015 жылы С.Сейфуллин атындағы Алматы облыстық әмбебап кітапхананың ұйымдастыруымен өткен байқауда  «Үздік аудандық  кітапхана» номинациясымен марапатталды.

Кітапханадағы бабалар ілімін, ақыл-ой өзегін жүйелі, мақсатты түрде ұрпақ бойына сіңіре алсақ ұтарымыз мол болмақ.  Осы жолда еңбек еткен, мақтан тұтар  ардагерлеріміз Р.Бекова, Л.Сабақбаева, М.Нусипова, А.Қозайырова, Қ.Шпекбаева, С.Тұяқбаева, А.Оңғарбаева, Р.Мұқаметқалиева, Л.Пахомоваларды т.б. атап өтуге болады.  Кітапхана арқылы өскелең ұрпақтың рухани сұраныстарын қанағаттандырып, қазақ қоғамындағы көптеген рухани мәселелердің алдын алуға болады.  Кітапханамызда білікті де,  тәжірибелі, шығармашылық қабілеті мол  мамандар еңбек етеді.

2020 жыл аудандық кітапхана саласының еңбегі еленіп, кітапханашылардың абыройы артқан  жыл болды. Аудандық кітапхана саласында 40  жылға жуық еңбек етіп келе жатқан  кітапхана директоры Гүлнар Мұратқызы ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің «Құрмет грамотасымен», Қазақстан халқы Ассамблеясының «Мейірім» төсбелгісімен,  «Қазақстанның құрметті кітапханашысы» төсбелгісімен марапаталса,  Көктұма ауылдық кітапханасының кітапханашысы Камаш Ермырзаева «Кітапхана ісінің ардагері» төсбелгісімен және Жайпақ ауылдық кітапханасының кітапханашысы Бұрғанбаева Жанылхан Әмірғазықызы «Кітапхана ісінің үздігі» төсбелгісімен марапатталды.

ХХI ғасыр мәдениеттің, ғылым мен білімнің кезеңі. Бар білімнің қайнар көзі кітапханада. Қазіргі таңда кітапхананы қызмет көрсету ауқымы кең компьютерлік технологияға, яғни интернет жүйесіне енгізуге қаражат қарастырылуда. Келешекте қалған ірі ауылдарға кітапхана ашумен бірге орталық кітапханаға заман талабына сай ғимарат салу жоспарлануда.

Ұлтымыздың ұлыларын ұлықтап, туындыларын таразылап,  ұрпақ қажетіне жарату – әр кезеңнің атқарар аманаты деп білсек, кітапхана сол талап деңгейінде көптеген жұмыстар атқаруда. Руханият құндылықтарын көздің қарашығындай сақтау керек деген аманатқа адалдық танытып келеді деп сеніммен айта аламын.

 

Жанар ОМАРОВА, Алакөл аудандық кітапхана әдіскері

By karatal

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *