Алакөл ауданының ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен «Тіл тазалығын сақтайық!» акциясы өтті. Акцияның мақсаты – аудан бойынша халыққа қызмет көрсету нысандарындағы деректемелер мен көрнекі ақпаратта тіл нормаларының сақталуын және сөздердің сауатты жазылуын қамтамасыз ету мен бұл іске аудан жұртшылығын жұмылдыру.
Акцияға 4 адамнан құралған комиссия қатысты. Комиссия құрамында Алакөл ауданының ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің бас маманы Айгүл Хиаг, «Тіл» оқу-әдістемелік орталығының оқытушысы Ғалия Бекжанова, «Үшарал қалалық округі әкімі аппаратының» бас маманы Парасат Қожабеков, Алакөл аудандық газетінің тілшісі Жансая Күмпейісова болды. Акция аясында 20 нысан қамтылды. Аудан әкімі жанындағы «Тіл және ономастика» жұмыс тобының мүшелері және БАҚ өкілдері зерделеу жүргізіп, кәсіпкерлерге әдістемелік көмек көрсетті.
Үшарал қаласында көрнекі ақпаратқа қатысты өрескел қателер жоқ. Тек кейбір хабарландырулар қазақ тілінде жазылмаған. Сондықтан кәсіпкерлерге көрнекі ақпарат алдымен мемлекеттік тілде жазылу керегі айтылып, ақпараттық брошюралар таратылды. Сондай-ақ «Тіл туралы» заңның 21-бабына сүйеніп, ескерту айтылды.
Ол заңда былай делінген: Деректемелер мен көрнекі ақпараттың мәтіндері орфография нормалары және мәтіннің теңтүпнұсқалы аудармасы сақтала отырып жазылады; егер Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде өзгеше көзделмесе, хабарландырулар, жарнама, прейскуранттар, баға көрсеткiштерi, ас мәзірлері, нұсқағыштар және басқа да көрнекi ақпарат мемлекеттік тілде, қажет болған кезде орыс тілінде және (немесе) басқа тiлдерде де орналастырылады; деректемелер мен көрнекі ақпараттың барлық мәтiнi мынадай ретпен: мемлекеттiк тiлде – сол жағына немесе жоғарғы жағына, орыс тiлiнде он жағына немесе төменгi жағына орналасады, бiрдей өлшемдегi әрiптермен жазылады. Қажеттiгiне қарай деректемелер мен көрнекі ақпараттың мәтiндерi қосымша басқа да тiлдерге аударылуы мүмкiн. Бұл жағдайда қарiп өлшемi нормативтiк құқықтық актiлерде белгiленген талаптардан аспауға тиiс. Ауызша ақпарат, хабарландыру, жарнама мемлекеттiк тiлде, орыс және қажет болған жағдайда, басқа да тiлдерде берiледi.
Үшарал қаласы ішіндегі көрнекі ақпараттардағы 8 қате бірден түзетілді. Жарнама, ас мәзірі, прейскуранттар, баға көрсеткіштері, хабарландыруларды кәсіпкерлерге жарнама агенттігі жасайды. Сондықтан комиссия мүшелері жарнама агенттігіне де барып, түсіндіру жұмысын жүргізді.
«Тіл тазалығын сақтайық!» акциясы алдағы уақытта Алакөл ауданының басқа да өңірлерінде жалғаспақ.
Асылан ЖЕҢІСҰЛЫ