Мемлекеттің даму болашағы – оның әу бастағы идеологиялық ұстанымының беріктігіне  байланысты. Идеология – кәдімгі екпе сияқты. Адам бойына әп-сәтте тараған екпе кез келген дертке қарсы тұра алады. Тіпті, мұны иммунитет десек те артық емес. Иммунитеті жоғары адамның тұла бойын ешбір дерт те, жат ой  да дендей алмайды. Яғни, бұл белгілі бір бағытқа қарай бет алу және сол жолдағы түрлі бұлтарыс-қалтарыстарды еңсеріп, тура мақсатқа жету.

 

Шыны керек, кеңестік кезеңде өмір сүрген жұрттың дені сол дәуірдегі идеологияның мықты болғанын ерекше ықыласпен айтады. Байқасақ, расында солай екен. Сол дәуірдің адамдары бір партияның мүддесі үшін еңбек етіп, бір ұранның астында қызмет атқарыпты. Ол ол ма, ортақ идеологияға бас ұрғаны соншалық, дәм-тұзы таусылған шақта өзімен бірге партия билетін де бірге көмуін өсиет етіп қалдырғандардың да болғанын естіген едік. Сонда бұл қандай құдіретті идеология?

Жалпы, идеология дегеніміз не? Идеология  қандай құрал? Идеология – мемлекеттің идеясы төңірегіне топтасқан әлеуметтік қатынастарды реттейтін белгілі бір құндылық. «Идеология» ұғымын ғылыми айналымға француз философы А.Дестют де Траси өзінің «Идеология элементтері» атты еңбегі арқылы енгізген. Оның пікірінше, идеолог – таптың немесе қоғамдық топтастықтың ойын білдіруші, идеялық мүддесін қорғаушы деген түсінік. Бірақ «идеология» деген сөздің кең тарауына себепкер болған адам – Наполеон Бонопарт.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Қазақстан құруға, ол барынша ашық, әділетті болуға тиіс екенін айтты. Президент тапсырмасын орындау үшін оның жергілікті өкілдері де әділ, турашыл, халықшыл болуы керек емес пе?! Ал, біздің бүгінгі екі тізгін, бір шылбырды қолына ұстаған ірілі-ұсақты шенеуніктер Мемлекет басшысы тарапынан қойылып жатқан талаптарды орындауға қаншалықты дайын? Жалпы кез келген мекеннің тіршілігі сол өңір әкімінің бақылауында ғой. Әкім, әкім болғанда да бүгінгі жаңа Қазақстанның, жаңа дәуірдің әкімі қандай болуы керек? Бұл тақырыпты қаузап жүргендердің пайымдауынша, әкім әмбебап болғаны жөн. Яғни, саясатты жаңғақтай шағып, одан қалса шаруашылыққа да икемдісі керек. Неге алдымен саясат? Өйткені, идеологиядан хабары жоқ шаруа әкім өзі басқарып отырған елді де қара жұмыспен қажытып жібереді. Есесіне, қанша еңбектенсе де сол бейнетінен алғыс алып, рахат таба алмайды. Сондықтан алға қойылған міндеттерді жүзеге асыру үшін саясатты жетік білу, идеологияны ұршықша иіру бүгінгі әкімдерге ауадай қажет деп ойлаймын. Жасыратыны жоқ, елімізде ғана емес, облысымызда, ауданымызда да идеология ақсап тұр деп едім.

«Әкім бол, халқыңа жақын бол» деген сөз жиі айтылады. Бірақ, әкімдердің бірен-сараны болмаса халқына жақын болып, қалың елдің жағдайын жасап, көңілінен шыққандары шамалы-ақ. Кешегі қаңтар қасіреті оны толық дәлелдеп берді. Қиын-қыстау кезеңде халқының қасынан табылып, бірге жүргендері негізінен былайғы уақытта да халықшыл әкім ретінде сипатталып жүргендер. Ал, айдың-күннің аманында өздерін әлеуметтен алшақ ұстап, кісікиіктеніп жүретіндер қанша жерден іскер болса да қалың елдің көңілінен шығып, жүрегіне жол таба алмайтынын өмірдің өзі дәлелдеп берді. Мемлекеттік тілге шорқақ, мүмкіндік болса тасаланып жүргенді тәуір көретіндер кешегідей сын сағаттарда тіпті бұғып қалғаны анық.

Көпшілікті айтпағанның өзінде сол  халық пен билік арасына алтын көпір болар жергілікті басылымдардан теріс айналған өңір басшыларына не делік. «Жекешелендіріліп кеткен, жауапкершілігі шектеулі серіктессіздер» деген бір сылтауды алға тартар әкімнің де, орынбасарлары мен бөлім басшыларының өзін бүгінде сөзге тартудың өзі қиын. Өйткені, олардың жекеменшік басылымға деген көзқарастары бөлек. Бүгінгі күні Үкімет қаулысы негізінде жекешелендірілген мекеме болғанымызбен  баспасөз арқылы жергілікті әкімдік жұмысын көрсетіп, әр саланың жұмысын насихаттап, қарапайым халықтың мұң-мұқтажын тыңдап, тіліміз бен дініміздің, әдебиет пен тарихымыздың оң бағытта дамуына өзіндік үлесімізді қосып, мемлекет саясатын қолдауға ұмтыламыз-ау. Алайда өңір басшыларының жергілікті БАҚ өкілдерімен бірлесе жұмыс атқаруға ниеттері жоқтығы қынжылтады. Дегенмен де заңды құжаттары жоқ «блогер» азаматтарды жиын, шараға шақырып, қоян-қолтық жұмыс істеп, әлеуметтік желідегі сауалдарына дереу жауап қайтаруға уақыт табады-ақ.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халық үніне құлақ түретін мемлекет қалыптастырғысы келеді, ал, жергілікті әкімдіктегілер халықтың үнін тыңдаудың орнына, идеология жұмысына барынша үлес қосар баспасөзбен бірге болудың орнына елемейтіндері қалай? Иә жергілікті билік өкілдерінің жұмысын жоққа шығарудан аулақпыз. Маңызды мәселелер шешіліп, жұмыссыздық азайып, халықпен кездесулер өткізіліп жатқан да шығар, бірақ оны сарапқа салатын, бұқара халыққа түсінікті тілмен жеткізетін журналистер мен көзі ашық азаматтар шақырылмай қалып қоятыны өкінішті. Қандайда бір іс-шарадан ақпарат беретін кезде оның елге берерін де салмақтап көру керек-ау.

Қоғам болған соң әр кезде, әр сала бойынша сын айтылады. Сын шын болса, қабылдап, кемшіліктер түзетіліп жатса, несі ағат?! Кешегі қаңтар оқиғасынан біз неге сабақ алмаймыз? Қалың ел жариялылықтың жоқтығынан, билік пен халық ашық диалогқа бара алмағандықтан ашынды емес пе? бұқаралық ақпарат құралдарынан тек жақсыны оқып жалықты емес пе? көзбояушылықтан мезі болды емес пе? шырмауы бітпейтін бос уәдеден шаршады емес пе? Нәтижесінде билік өкілдері өздеріне жақпаған ұсыныс-тілектердің көзін жойды делік, бірақ ол күннің көзін көйлектің етегімен көлегейлеген сияқты болып шықпай ма?!

Елімізде идеология дұрыс болса қаншама көзі ашық адамдар (басым бөлігі мұғалімдер) пирамиданың құрбаны болмас еді. Идеология дұрыс болса, қазақтың жас қыздары өзге ұлт өкілдеріне тұрмысқа шықпаған болар еді.  Идеология дұрыс болса, жаңадан отбасын құрған жастардың шаңырағы шайқалып, ажыраспаған болар еді. Идеология дұрыс болса, адамдық қасиеттен адыра қалғандар білгенін істеп, әлеуметтің әлжуаз тобын басынбаған болар еді. Идеология дұрыс болса қалың жұрт әлеуметтік желіге емес, баспасөзге көбірек көңіл бөлген болар еді. Идеология дұрыс болса жас ұрпақ салт-дәстүрден хабары болар еді. Идеология дұрыс болса дін атын жамылған теріс ағымдар болмас еді. Идеология дұрыс болса тіліміздің мәртебесі әлдеқашан көтерілетін еді. Идеология дұрыс болса әдебиетіміз дамып, мәдениетіміз өркендер еді. Осындай мысалдарды тізбектеп жаза беруге болады.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жуырда Жетісу облысы жұртшылығымен кездесуінде «Жетісу облысында Абайға арналған бірде-бір лайықты ескерткіш жоқ. Бұл – ұят нәрсе, үлкен олқылық. Оны түзету керек», – деді. Шынымен ұят. Ол ескертуді Мемлекет басшысынан естудің өзі масқара. Мұның бәрі шын мәнінде идеология саласында болып жатқан олқылықтар. Осының бәрін реттеу үшін ұлтымыздың бірлігі мықты, тірлігі тиянақты болуы керек. Сондай-ақ кез келген басшының өзі ашық, ең болмағанда тіліміз бен тарихымызды бағалауы шарт емес пе?! Әйтпегенде «Жаңа Қазақстан» құрамыз деуіміз бекер.

Сол себепті айтылған идеология жұмысын өзімізден бастағанымыз жөн болар.  Өңірде шешімін таппай жатқан маңызды дүниелер де біртіндеп қалыпқа келер. Қазір қоғамда ақсап тұрған,  асқынып кеткен мәселе ол – идеология. Сондықтан аудан басшысы Ерлан Шойұлы Исабеков осы салаға тереңірек зер салғаны жөн болар еді. Білімімен «Болашақты» бағындарған өңір басшысы барда идеология тамырына қан жүрді» деп бір мадақтап қалатын едік. Сіз қалай ойлайсыз, қадірлі оқырман!

Альфита ОРАЗБЕКҚЫЗЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

 

 

 

 

 

By karatal

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *