АШЫҚ ХАТ

«Әркімнің туған жері – Мысыр шаһары», – деп бекер айтпаған ғой. Біздің Мысыр шаһарымыз – қасиетті де, киелі Қаратал жері. Осы өңірде біздің болашақ тұлға ретінде алғашқы кірпішіміз қаланған. Қаратал өңірі біздің жүрегіміздің төрінен мәңгілікке орын тепкен мекен. «Туған елдей ел болмайды, туған жердей жер болмайды»-деп қазағым бекер айтпаған болар. Сондықтан да ауданымыздың болашағы бізді толғандырмай тұрмайды. Иә, ауданымызда әсем ғимараттар бой көтеруде, жолдар жөнделуде… Алайда олардың сапасы қалай?
Құрметті Ерлан Шойұлы! Сіздің айтуыңызша шала жасалған жұмыстарға тек қана «жауапсыз» мердігерлер кінәлі. Сонда ауданымызда оларды бақылайтын мамандардың болмағаны ма? Әлде басты міндет – бөлінген қаржыны дер кезінде игеру ме? Сол өзіңіз айтатын «жауапсыз» мердігерлерге өздеріңіз емес пе шала атқарылған жұмыстарға ақшаларын төлей салатын. Артынан жатып келіп соттасасыздар. Осындай деректерді тізбектей берсек ұшы көрінбес.
Біздің ойымызша, барлық мәселе білікті, жанашыр кадрлардың болмағандығы. Басшылық қызметтерге сырттан келген адамдарды тартқанның салдары деп білеміз. Сырттан келген адам қаншалықты білімді де білікті маман болса да, олар жермен, елмен танысып болғанша талай алтын уақытымызды жоғалтамыз ғой. Сондықтан ауданымыздың көш бастарлары жергілікті мамандардан құралса дейміз. Қанша айтқанмен жергілікті мамандар өзі туып өскен, кіндік қаны тамған жерінде адал, үлкен жауапкершілікпен халыққа қызмет атқаратыны сөзсіз. Біздің пайымдауымызша, жуырда аудан әкімінің орынбасары бос лауызымына байқау жарияланады.
Сол байқауға тек Қаратал ауданының тумалары ғана қатысса дейміз. Әрине, Сіз: «Мен ондай шектеу қоя алмаймын, ол заңсыз,»-дейтініңіз анық. Алайда Сіз ауданымыздың болашағын ойлап, өзіміздің жергілікті мамандарға жол ашқаныңыз жөн болар еді. Кадрлерді талдау сіздің құзырыңызда емес пе? Қажет болса біздер, өңір жаңашырлары, қоғам белсенділері, еңбек ардагерлері, жоғарғы жаққа барайық. Бүгінгі таңда жаңа Қазақстан құруға бет алып отырмыз.
Олай болса халқымызға, жерімізге, елімізге, келер ұрпаққа тиімді де пайдалы өзгерістер енгізейік. Әр игі істің бастамасында батыл болайық. Біздің осы үндеуімізді барша Қараталдықтар қолдайды. Ендігі жауап сізден болса дейміз.

Қараталдықтардың атынан:
К.ҚҰСМОЛДАНОВ, Н.НЕСІПБАЕВ, Т.ДӨНЕНБАЕВ

By karatal

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *