АШЫҚ ЖАУАП
«Qaratal» газетінің 2022 жылдың 14 қазан күні №41(7812) санында жарияланған ашық хатқа төмендегідей ашық жауап жіберемін.
Құрылыс жұмыстарын жүргізу үшін мердігерлік ұйымды айқындау «Мемлекеттік сатып алу туралы» 2015 жылғы 4 желтоқсандағы ҚР Заңы және ҚР Қаржы министрінің 2015 жылғы 11 желтоқсандағы №648 бұйрығымен бекітілген Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидалары негізінде конкурстық негізде жүзеге асырылады.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес Мемлекеттік сатып алу конкурсының қорытындыларына мынадай факторлар әсер етеді: жеткізушінің бағасы; сатып алынатын тауарлар, жұмыстар мен қызметтер нарығындағы жұмыс тәжірибесі; төленген салық көрсеткіші; қаржылық тұрақтылық; білікті персонал мен техниканың болуы.
Қаратал ауданының әкімдігі де ауданда мердігерлік жұмыстарды жергілікті кәсіпкерлер атқарғанын қалайды. Нәтижесіндегі оң факторлардың ішінде мыналарды атап өтуге болады: салықтар жергілікті бюджетке түседі, жергілікті кадрлардан жаңа жұмыс орындары құрылады, жергілікті кәсіпкер-патриоттар жұмысты неғұрлым сапалы орындайды, жергілікті кәсіпкерлер пайда табады, бұл олардың бизнесті одан әрі дамытуға әсер етеді.
Қазіргі уақытта Мемлекеттік сатып алу порталында Үштөбе қаласында өлкетану мұражайын салуға (844,4 млн.теңге) және Кальпе ауылында мәдениет үйін салуға (535 млн. теңге) конкурстар жарияланған. Біз жергілікті кәсіпкерлермен олардың осы конкурстарға қатысуы туралы келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Алайда, жоғары талаптар (лицензиялардың, жұмыс тәжірибесінің, мамандар мен техниканың және т.б. болуы), сондай-ақ шағын айналым капиталы жергілікті кәсіпкерлерге мұндай конкурстарда жеңіске жетуге мүмкіндік бермейді.
Сонымен бірге, құрылыс, жолдарды күрделі, орташа жөндеу объектілерінде орындалатын жұмыстардың сапасын бақылауды техникалық қадағалау – тапсырыс беруші жалдайтын мамандандырылған ұйым жүзеге асыратынын ескерген жөн. Осы ретте, жұмыстың тиімділігін, уақтылығын, толықтығын және сапасын жалпы бақылауды тапсырыс беруші жүзеге асырады.
Сіздер көтерген ұқсас мәселелер ұзақ уақыт бойы елдің басқа аймақтарында талқыланған болатын. Сондықтан Мемлекет басшысы а.ж. 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында: «Мемлекеттік сатып алудың сапалы жаңа жүйесін құру керек. Ең төменгі баға емес, сатып алынатын тауарлар мен қызметтердің сапасы басымдыққа ие болуы керек. Осы тәсілдерді іске асыру үшін «Мемлекеттік сатып алу туралы» жаңа заң қабылдау қажет» екенін атап айтты.
Бұл ретте «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сәйкес жаңа заңда мемлекеттік сатып алуға қатысушылардың да, азаматтардың да ескертулері мен ұсыныстары ескерілетін болады.
Аудан әкімі орынбасарының бос лауазымына келсек, оның конкурсы ашық жарияланған. Бүгінде тиісті критерийлерге сәйкес келетін кандидаттар өз құжаттарын облыстық конкурстық комиссияға тапсырып жатыр. Егерде, өздеріңізде лайықты кандидатураңыз болса, аталған конкурсқа қатысуын қамтамасыз етулеріңізді сұраймын.
Ерлан ИСАБЕКОВ, Қаратал ауданының әкімі