«ЗАҢ» Медиа-корпорациясы» ЖШС 2018 жылдан бастап ұйымдастырып келе жатқан, Қазақ детективінің негізін қалаған, шытырман шығарма шебері Кемел Тоқаев атындағы детектив шығармалар байқауы биыл Қызылорда қаласында өтті.
Биылғы байқауға үш жарым айдың ішінде 106 шығарма бақ сынаған. Осы аламанда Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, Мен сізге ғашықпын, Кім ақылды?, Жас жүрек т.б. кітаптардың авторы, аудандық «Қаратал» газетінде ұзақ жылдар бойы жемісті еңбек етіп, түлеп ұшқан әріптесіміз Асхат Өмірбаевтың алғаш жазған «Қылмыскердің күлкісі» атты детектив жанрындағы шығармасы топ жарып, Бас жүлдені иеленді.
Байқаудың қазылар алқасы әр шығарманы бірнеше рет сүзгіден өткізіп, оннан астам шығарманы ақтық кезеңге өткізген екен. Жазушы Асхат Өмірбаевты кезекті жүлдесімен шын жүректен құттықтаймыз! Аталған жүлде Асхат Бақытұлының байқауларда бақ сынап, қол жеткізген алғашқы жүлдесі емес. Олай болса соңғысы да болмасы анық. Аудан даңқын Қызылорда қаласында асқақтатқан қаламы ұшқыр қаламгерге алғыс білдіріп, шығармашылық шабыт, еңбегіне табыс тілейміз!
«Қаратал-ақпарат»