Сыбайлас жемқорлық, жүргізіліп отырған экономикалық және әлеуметтік реформаларға кедергі жасап, мемлекеттің беделіне халықаралық аренада нұқсан келтіре отыра, елдің ұлттық қауіпсіздігіне жүйелі қатер төндіреді. Оны тамырымен жою тек құқық қорғау қызметкерлерінің ғана міндеті емес, осындай келеңсіз құбылыстармен бітіспес күрес жүргізу, барлық ұлтжанды азаматтардың парызы.
Сыбайлас жемқорлықты болдырмау мен алдын-алу мақсатында, елімізде көптеген іс-шаралар жоспарланып жүзеге асырылуда. Алайда жемқорлықпен күрес барысы күн сайын қарқын алып келеді дегенімізбен, жегі құртқа айналған осы бір қатерлі дерттен бойын аулақ ұстағысы келмейтіндердің қатары да, уақыт өткен сайын көбейе түсуде. Имандылық, парасаттылық, адамгершілік мәселелері екінші кезекке қалдырылуда.Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте ең басты біздің міндетіміз – бұл сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша жұмыстарды күшейту. Бұл ретте халықтың құқықтық сауатсыздығын жоятын, құқықты түсіндіру жұмысының деңгейі мен сапасын арттыру керектігінің маңызы зор.
Халық өздерінің құқықтарын, өздеріне қарсы қандай да бір құқыққа қайшы іс-әрекет жасалған жағдайда, қандай іс-қимыл қолдану керектігінің нақты жолдарын, толық білулеріне қол жеткізе отырып, сыбайлас жемқорлыққа қөзқарасын түбегейлі өзгертуі қажет. Қоғам үшін күрделі және қауіпті мәселені шешуден ешкім тыс қалмауы қажет. Өйткені, оған елдің болашағы ғана емес, әрқайсымыздың тағдырымызда байланысты. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес батыл шаралар қабылдауды қажет етеді. Осы орайда, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қарқынды күресті, мемлекеттік органдар да өз беттерінше жүргізуде. Енді тек жұмыла күресу керек. Әйтпесе сыбайластыққа көз жұмып, жемқорлыққа жол берген қоғамда, экономика мәселесінің шешілуі қол жетпейтін арман болып қана қала бермек.
Осы кезекте мемлекеттік органдар мен мемлекеттік қызметшінің жұмысы, іс-әрекеті-шындық, айқындық, адалдық, ашықтық принциптеріне негізделуі қажет. Бүгінгі сыбайлас жемқорлық – бұл заңдарды өз мүдделері үшін айналып өту арқылы материалдық және заңды артықшылықтар алу, бұл жергілікті жеке мәселелерді «өз» адамдарының есебінен шешу. Сыбайлас жемқорлық – бұл, әдетте, қоғамның мүдделеріне, мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігінің мүдделеріне қайшы келетін мемлекеттік функцияларды жеке мүдделерге пайдаланудан басқа ештеңе емес.
Коррупция мемлекеттің экономикалық дамуына, әр азаматтың заңға деген сеніміне кері әсерін тигізеді. Қазіргі уақытта әлеуметтік қорғау органдары көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру, заңнаманы жетілдіру, ақпараттық технологияларды жаңарту және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендету, сыбайлас жемқорлыққа қарсы дүниетанымды арттыру мақсаттарын қойып отыр.
Осыған байланысты, қызметкерлердің қызмет алушылармен байланыстарын барынша азайту мақсатында көптеген қызметтер тұрғын үй көмегін тағайындау, атаулы әлеуметтік көмек және басқа да қызметтер электрондық қызмет түрлеріне ауыстырылды.
Қорыта келгенде, бұл қауіпті құбылысқа қарсы күресу үшін, бүкіл қоғам болып бірігуіміз қажет. Тек сол кезде ғана, мемлекетіміз бәсекеге қабілетті елдер қатарына қосылатыны анық. Сондықтан да өркениетті қоғамның дамуына, өркенділік көшіне ілесуге кереғар әсерін тигізетін сыбайлас жемқорлық секілді факторлардың алдын алу, қазіргі таңдағы мемлекеттің алға қойып отырған басты міндеттерінің бірі.
«Қаратал ауданының жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі» мемлекеттік мекемесі