Қазан айының соңғы жексенбісі елімізде әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлері күні. Әлеуметтік сала қызметкерлері үшін айтулы датаның мерейі үстем. Олар еліміз Тәуелсіздік алған алғашқы күннен бастап, халыққа және қамқорлықты қажет ететін жандарға қалтқысыз қызмет етуде. Бұл кәсіби мереке – аға буын өкілдеріне, әлеуметтік аз қамтылған, көпбалалы отбасыларға ұдайы қамқорлық танытып жүргендерге зор құрмет.
Осыған орай жуырда аудан әкімі А.Абдинов әлеуметтік сала мамандарын салтанатты жағдайда қабылдап, мерекемен құттықтады. Кездесу барысында әлеуметтік қорғау жүйесін дамытуда аянбай еңбек етіп, мұқтаж жандардың игілігі үшін тер төккен сала мамандарына аудан әкімінің орынбасары М.Төлеужанов аудан әкімінің алғыс хаттарын табыстап, ізгі тілегін білдірді.
Ауданда әлеуметтік көмекті қажет ететін 479 отбасыға (2477 адамға) бюджеттен 147 млн теңге әлеуметтік көмек көрсетілді. Азық-түлік сатып алуға және гигиеналық құралдарға 37 млн теңге, сондай- ақ, мектепке дейінгі ұйымдарға баратын балалары бар, мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардағы 84 балаға 2 млн 935 мың 517 теңге қаржы төленді. Үйде оқытылатын мүмкіндігі шектеулі 50 балаға 2 млн 312 мың теңге берілді. Әлеуметтік мәні бар аурулармен ауыратын 47 азаматқа 3 млн 193 мың 300 теңге әлеуметтік пакет берілді. Ауылды жерде тұратын әлеуметтік саланың қызметкерлеріне отын сатып алу үшін біржолғы әлеуметтік көмек 2100 адамға беріліп, 33 млн 390 мың теңге жұмсалды.
Алакөл ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі