Қазіргі уақытта қазақстандық білім беру жүйесінде психологиялық қызметтің маңызы артып, даму үстінде. Білім мекемелерінің басшылары, мұғалімдер мен тәрбиешілер, ата-аналар күннен-күнге балабақшада, мектепте, орта және жоғары оқу орындарында психологиялық қызметтің маңызын түсініп келеді. Қоғамда да бұл мамандыққа байланысты оңтайлы түсінік қалыптасты. Менің де мамандығым бүгінгі таңда сұранысқа ие, қажеттілігі жоғары – педагог-психолог мамандығы. Қазіргі кезде Алакөл гуманитарлық-техникалық колледжінде қызмет етемін.
Бұл қандай мамандық? Педагог-психолог деген кім? Педагог білім алушының оқу үлгерімін, тәртібін жақсарту үшін жұмыс жасаса, психолог әрбір білімгерге жеке тұлға ретінде қарап, олардың ішкі жан-дүниесін, ойын түсіне отырып, дұрыс бағыт-бағдар беру, белгілі бір іске деген қызығушылығы мен белсенділігін арттырып, шығармашылық қабілеттерін дамыту үшін жұмыс істейтін маман иесі .
Менің ойымша, педагог-психолог – өте маңызды және қажетті мамандық. Әр адамның мамандығы өзіне қуаныш әкелуі керек. Сонда ғана адамда тұлғалық даму жүреді, еліне, жан-жағындағыларға пайдасын тигізеді. Яғни, әрбір адам өз жұмысын жақсы көріп, бар ынтасымен қызмет істеген кезде ғана мықты қоғам қалыптасады. Ал қазіргідей ақпарат ағыны көп, әлемдегі жағдай күн сайын өзгеріп отырған сәттегі оқиғалар адам баласына әсерін тигізбей қоймайды. Әсіресе, осындай аумалы-төкпелі заманда өтпелі кезеңдегі жасөспірімдерге, жастарға дұрыс бағыт-бағдар көрсету, қолдау маңызды. Сондықтан ең біріншіден – ұстаз, екіншіден – адам жанын түсінуге ұмтылатын психолог маманы ретінде колледжегі студенттерімізге, ұжымдағы қызметкерлерге өз септігімді тигізуді мақсат тұтамын. Педагог-психологтың құзыреттіліктеріне: кеңес беру дағдыларының болуы; тәрбиелік бағытта жұмыс істей алуы; мәселеге диагностика жасай алу және кері байланыс беру; заманауи ақпараттық технологияларды игеру жатады.
Аталған құзыреттіліктерді жетілдіріп, уақыт талабына сай болу үшін мен үнемі ізденіс үстіндемін. Өз салама қатысты әдебиеттерді оқып отыруға тырысамын, интернет желісінен де өзіме пайдалы ақпараттарды сұрыптап, жұмысымда пайдаланамын, әріптестеріммен байланыста болып, тәжірибе алмасып отырамын. Негізінен кез-келген жұмыстың нәтижелі болуы – біздің сол жұмысқа деген қатынасымызға байланысты деп ойлаймын.
Жалпы, педагог-психологтың атқаратын қызметі қандай мекемеде жұмыс істейтініне, ондағы ерекшеліктерге байланысты. Колледждегі педагог-психолог қызметінің негізгі бағыттарына психологиялық диагностика мен коррекция, психологиялық профилактика мен ағарту, кеңес беру, ұйымдастыру-методикалық жұмыстары жатады. Біздің білім ордамыздың алға қойған мақсаттарының бірі – еңбек нарығында сұранысқа ие, біліктілігі жоғары, бәсекеге қабілетті мамандарды шығару. Ол үшін студенттер оқу барысында өз бетімен білім алуы, кәсіби және тұлғалық даму міндеттерін анықтауы, өзін-өзі тәрбиелеумен айналысуы қажет.
Біздің колледжімізде студенттерге үнемі психологиялық қолдау көрсетіліп отырады. Психологиялық қамтамасыз етудің негізгі міндеті – оқу-тәрбие үрдісін психологиялық сауатты және логикалық жүйелі, негізді құру.
Алакөл гуманитарлық-техникалық колледжінде студенттермен психологиялық жұмыстың бірқатар ерекшеліктері бар. Білім алушыларға психологиялық диагностика жасау оқудың бүкіл кезеңінде жүзеге асып отырады. Ең алдымен, студенттер оқуға түскен кезден бастап олардың көңіл-күйіне, мінезіне, мектептен кейін психологиялық тұрғыда колледжде оқуға дайындығына, жеке тұлғалық ерекшеліктеріне зерттеу жүргіземіз. Мұндай зерттеулер үшін әртүрлі методикалар қолданылады. Негізгі мақсат – студенттің мінезін анықтау. Себебі жаңа ортаға бейімделуі оңай, оқу орнын мектептен колледжге ауысуы жеңіл өтуі, қасындағы адамдармен тіл табысып кетуі үшін білімгердің мінезін, ішкі жағдайын анықтап алу үлкен рөл ойнайды. Сонымен қатар білім алушылардың жас ерекшеліктеріне де мән беріледі. Әр курстың студенттеріне түрлі методикадағы, жасына сай жұмыстар жасау қажеттігіне ден қойылады.
Тағы бір ескере кететін жағдай – кейбір отбасылы, үйленген, тұрмыс құрған студенттер жайы. Ол үшін педагог-психолог отбасылық кеңес беру бойынша да хабардар болуы керек. Бұл да болсын осы мамандықтың маңыздылығын, жан-жақты болуды талап ететінін көрсетеді. Сонымен қатар студенттердің басым бөлігі жатақханада тұрғандықтан, олардың үнемі бір ортада болуы тұрмыстық жанжалды да тудырады және бұл оқу процесіне жағымсыз әсерін тигізеді. Үшіншіден, кей кезеңдерде білім беру барысында оқытушылар мен студенттер арасында оқуға, бағалауға қатысты мәселелер туындауы да мүмкін. Сондай кезде педагог-психологтар екі жақтың арасындағы мәселені шешуге ықпалын тигізетін делдал рөліне де кіріп кетеді. Педагог психолог мамандығының қызығы мен қиындығы қатар жүретінін осы жерден көруге болады.
Білім ошағының жұмысында психологиялық ағарту жұмыстарына да баса назар аударылады. Бұл бағытта студенттермен, педагогтармен, ата-аналармен топтық жұмыстар жүргізіледі. Топтық жұмыс барысында олардың қандай мәселелері барын әңгімелесу, ойындар, сауалнамалар, тестер арқылы анықтаймыз. Мәселен, сабақтың материалдарын есте сақтауды жақсарту, көпшілік алдында сөйлеу кезіндегі қобалжудан арылу секілді мәселелермен жұмыс істеуге тырысамыз.
Ұлы Абайдың «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та бар қалан» деген даналы сөзі бар. Менің мамандығым әрдайым шәкірттеріммен, ұжымдастарыммен қарым-қатынаста болып, оқып-білсем деген жастардың арманының орындалуына себепкер болып, жан-жақты қолдау көрсетуді талап етеді. Жаһандану дәуірінде бәсекеге қабілетті, өз ісінің шебер маманы, мемлекеттің іргесін берік ұстайтын тұлғаларды қалыптастыру-оқу орындарының алдына қойған басты міндеттерінің бірі.
Білім беру – ешқашан жер бетінен жойылмайтын, адамның адам болып қалыптасуы жолындағы өте маңызды дүние. Ал педагогика мен психология үйлесім тапқанда білім беру нәтижелі болары сөзсіз. Менде осы саланың бір бөлшегіне айналғаныма өте қуаныштымын. «Мамандығым-мақтанышым» деп зор сеніммен айта аламын. Қазақстанның болашағы – өскелең ұрпақ десек, олардың тұлға болып қалыптасу үшін педагог-психолог маманы ретіндегі менің де қолтаңбам қалса деймін.
Айгерім АДИШЕВА,
Алакөл гуманитарлық-педагогикалық колледжінің педагог-психологі