«Қаратал» газетінің өткен №44 санында журналист Альфита Оразбекқызы Сексенбаеваның «Ортақ идеология болмаса» атты мақаласын оқыған едім. Өте орынды айтылған және терең ой салар мақала екен. Иә, идеология дегеніміз сананың құрамдас бөлігі және өзегі емес пе? Ал сол сананы қалыптыстыратын – бұқаралық ақпарат құралдары ғой. Мәдениетіміз бен ұлттық құндылықтарымызды танытуда БАҚ-ның теңдесі жоқ деп есептеймін. Әлеуметтік топтардың іс әрекетіне бағдар беріп, олардың мақсат-мүдделеріне де қолдау көрсету, сол БАҚ өкілдерінің еншісінде деп ойлаймын. Сондықтан еліміздің дамуын, қарқынды өркендеуін насихаттау үшін БАҚ-ның тұрақты да  жүйелі жұмыс істеуі ең маңызды шаруа болып есептелмек.

Мен 2000-шы жылдары, осы қасиетті де киелі, облысымыздың көне газеттерінің бірі болып саналатын «Қаратал» газетінде бірнеше жыл тілші болып қызмет атқардым. Өзім осы ауданның тумасы болғандықтан, әріп тани бастағаннан сол кездегі «Коммунизм жолы», қазіргі «Қаратал» газетін оқып, сол газетпен бірге өстім деуге болады. Осы қарт басылымда аз да болса қызмет атқарғанымды мақтан етемін. Тоқсан жылдық тарихында бұл басылым шөлді де, көлді де көріп, әбден ысылған газет деп білемін. Редакция ұжымы қандай қиындықтар болса да мойымай, жатырқамай, жылдан жылға дамып келеді. Олай дейтінім, былтыр алғаш рет, бұрын соңды болып көрмеген республикалық байқауда «Қараталымыз» екінші орынға ие болды. Ол деген бәрімізге үлкен абырой деп білемін.

Алайда, бүгінгі таңда «Қаратал» газетіне өңір басшылары тарапынан қолдау көрсетілмейтіні байқалады. Олай дейтінім, қай басылым болмасын, өз оқырмандарымен өніп өседі емес пе? Қазір 46 мың тұрғыны бар ауданда небәрі 1500 ғана дана газет таратылады. Сонда Қаратал ауданының тұрғындары газет оқымайды ма? Аудан басшылары, мәслихат депутаттары, «Amanat» партиясының жетекшілері ауданның ішкі саясатын халыққа жеткізер ақпарат құралына мән бермегені ме? Сонда ауданда атқарылып жатқан игі шараларды халыққа қалай жеткізеді? Жоқ баспадан шығатын ақпарат құралдарынан гөрі әлеуметтік желілерге халықты тәуелді еткендері ме? Сонда қалай болғаны?

Жаңа Қазақстан құруға бет бұрып отырмыз. А.Сексенбаеваның мақаласында айтылғандай, ол үшін  ең алдымен идеологияға дұрыс бағыт беруіміз керек. Сонда ғана біз үлкен жетістіктерге жетеміз.

                                                                                                                      Майра МҰЗДЫБАЕВА

 

 

 

By karatal

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *