Әлемде ең танымал әрі жиі қолданылатын ақша бірліктері «доллар» мен «евро» болғанына қарамастан, әр мемлекеттің өз ақша бірліктері бар екендігі белгілі. Мәселен, қазіргі уақытта жер бетінде 250-ден астам мемлекет болса, солардың 160-қа жуығының ұлттық валюта бірліктері бекітілген.
Дегенмен, цифрлық экономиканың дамуы мен жаһандану заманында ұлттық валютаның өзін көру жиі кездеспейтін жайттардың біріне айналып бара жатыр. Себебі, электронды төлем құралдарының қолданылуымен, қағаз ақша айналымы да азайып бара жатқаны барлығына белгілі үдеріс. Тіпті, елімізде электронды ақша айналысы мен аударымдардың дамығаны соншалықты, төл теңгеміздің түрін білмейтіндерді де кездестіруге болады. Бұл, әрине, цифрландырудың жемісі мен электронды экономикалық қатынастардың даму көрсеткішінің бірі ретінде бағаланатын факторлар.
Тарихқа көз жүгіртетін болсақ, тәуелсіз Қазақстан Республикасының ұлттық валютасының айналысқа енгеніне биыл 2022 жылдың 15 қарашасында 29 жыл толады, бұл әрине, қуанарлық жайт. Себебі, теңге салыстырмалы түрде әлемде қолданылатын жас валюталық бірліктердің бірі. 1993 жылы 12 қарашада «Қазақстан Республикасының ұлттық валютасын енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің №1399 Жарлығына қол қойылды. Сол күннен бастап Қазақстан тарихындағы тұңғыш ұлттық валюта айналымға енгізілді.
Жарлыққа сәйкес, ұлттық валюта – «теңге» Қазақстан Республикасының аумағында 1993 жылғы 15 қарашада сағат 08.00-ден бастап айналысқа енгізілді. 1993 жылдың 18 қарашасындағы сағат 08.00-ден бастап теңге еліміздегі жалғыз заңды төлем құралы ретінде саналды. Осы сәттен бастап ұлттық валюта – еліміздің заңды түрде бекітілген ақша бірлігіне айналды. Республикамыздың тәуелсіздігі нығайып, дербес даму жолымыздың айқындалуында ұлттық валютаның енгізілуі үлкен рөл атқарғаны айқын. Осылайша төл теңгеміз еліміздің қаржылық тәуелсіздігінің ажырамас символына айналды. Төл валютаның айналымға енуімен республиканың нарықтық жолға көшуіне жол ашылды, онда ұлттық валюта еліміздің экономикалық егемендігін қамтамасыз ететін негізгі құралдардың бірі ретінде қарастырылды.
Нарықтық талаптарға сай болу жолында 2015 жылдың тамызында Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі төл валютамызды «еркін айналымға жіберді», бұл валюта нарығындағы алғашқы сынақтардың бірі ретінде атап өтуге болатын жайт. Сол сәттен бастап ұлттық валютамыздың шетел валютасына қатысты күнделікті бағамы нарық талаптарына сай анықталып отырады. Қазіргі таңда барлық әлемдік валюта үшін күрделі кезең деп атауға болады, оның бірінші себебі деп күнделікті ақша бірліктерінің құлдырауы мен тұрақсыздығын атап өтуге болады.
Қалыптасқан жағдайға байланысты тәуелсіз Қазақстан Республикасының азаматтары ретінде өз үлесімізді қосу, әрине, әрбір ел азаматының міндеті. Себебі, ел экономикасы дамуының негізі – ол адами фактор. Тек білікті әрі бәсекеге қабілетті, білімді кадр ғана мемлекеттің дамуына қосқан үлесімен айқындалады.
Гауһар САТПАЕВА,
С. Демирел университетінің 4 курс студенті