Қазақ театр және кино өнерінің алғашқы қарлығаштары, заманның заңғар тұлғалары Бикен Римова мен Шолпан Жандарбекованың туғанына биыл 100 жыл. Ел руханиятына қомақты олжа салып, сахна мен өмірде бірге жасасып, телқоңыр тағдыр кешкен қос абыз ананың мерейтойын жетісулық жұртшылық ерекше күймен, сән-салтанатпен атап өтті.
Б.Римова атындағы Талдықорған драма театрдың алдына қызыл кілем жайылып, шараға келген халық Бикен, Шолпан апаларымыздың ұрпақтары мен туыстарын, Б.Римова атындағы Талдықорған театрының алғашқы қарлығаштары мен аға, орта, жас буын өкілдерін ерекше ықыласпен қарсы алды. Жүздерінен қуаныштың жалындаған сезімін көріп Бикен апа қандай бақытты адам деп ойладым.
Театрдың екінші қабатында өткен баспасөз отырысында ҚР Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, көрнекті ақын, драматург Иран-Ғайып Бикен Римоваға деген өлеңін оқыса, қазақ кино және театр өнерінің абызы, ҚР Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Тұңғышбай Жаманқұлов Бикен апа мен Шолпан апай жайлы естеліктерін ортаға салды. Бикен апамыздың қызы Меруерт Шахметқызы балалық шағында анасымен бірге жұмыс жасаған өнер тарландарының қызықты сәттерінен сыр шертті.
Өз кезегінде театр және кино өнерінің алыбы саналған Тұңғышбай Жаманқұлов пен көрнекті ақын Иран-Ғайып 100 жылдық мерейтойға орай басылып шыққан «Бикен Римова» альбомы мен «Шолпан-жұлдыз» кітабының лентасын қиып, оқырманға ақжолтайлады.
Театр залында Абай ТВ телеарнасы «Бірегей» бағдарламасынан Бикен Римова жайлы театртанушы Мұқан Амангелдіұлының жүргізуімен дайындалған деректі фильм көрсетілді. Фильм Бикен апамыздың туған ауылы Қанабек ауылының қазіргі тыныс- тіршілігінен басталып, театр өнерінің жұлдызы болған Бикен апамыздың балалық шағындағы көрген қиыншылығы мен бірге өнердегі даралық бейнесін танытатын ерекшеліктері туралы Кендебай Темірбайұлы, Рахилям Маншурова, Нүкетай Мышбаева, Есмұхан Обаев т.б. ҚР халық әртістері Бикен апаның отбасы мен қызметін бірдей алып жүрген, өз басының ғана емес өзімен бірге жұмыс жасап жүрген әр қазақтың тағдырын ойлайтын қайсар мінезі мен қайсарлығы, адалдығы жайлы айтып ұрпақтың жадында мәңгі сақталатын «әулие ана» екенін танытып, ой бөлісті. Артын ала Қаратал ауданындағы Бикен Римованың аты берілген Бикен Римова атындағы МДШО бар орта мектеп- гимназиясында атқарылып жатқан жұмыстар жайлы көрсетілді. Ғасырлық ғұмыр ғибратына шомған көрермен өз кезегінде ҚР еңбек сіңірген әртісі Мұрат Ахмановтың режессерлігімен жаңа бағытта сахналанған Бикен апамыздың «Қос мұңлық» драмасын тамашалады.
Жастарға: «Ұрпағым ақ адал жүректі болса екен, мейірбанды, иман жүзді, қайырымды болса, ақ көңілдің аты арып, тоны тозбас» деген ұлағатты сөзімен аяқтады. Театрға барған мектебіміздің оқушылары Ақниет Файзолда, Алуа Русланқызы, Анеля Қуанбектің театрдың құдіретінің кереметтілігі туралы, алған әсерлері жайлы сезімдерін айтып жеткізу мүмкін емес. Ұрпақтың адал болып өсуіне, құндылықтарымызды дәріптеуіне әсері мол тағылымы таусылмайтын театр өнерінің таптырмас, тозбас мәңгілік бейнесі Бикен Ырымқызының 100 жылдық мерейтойының бастауы осылай басталды. Жақсы істі жалғастырып, ұрпаққа жеткізу әр адамның міндеті екенін көрермендердің жүздерінен көрдім. Қазақ халқының әр шаңырағында Бикен апамыздай баланың, ұрпақтың қамын ойлайтын ата- ана болса еліміздің болашағы жарқын болар еді. Жүсіп Баласағұнның «Құтты білігін» мемлекет басқарып отырған патшалар оқыған сияқты Бикен апамыздың «Қос мұңлығын» әр ел басқарып отырған ел ағалары көрсе екен деген ой түйдім. Себебі қазіргі қоғамда жалғыз басты ана, тастанды бала, панасыз ата-ана көбейіп кетті. Алмахан Кенжебекова айтқандай бұл жолғы «Қос мұңлық» драмасын қоюшы режиссердың әр адамды жебеп жүретін періштелерді қоюының өзі де Бикен апамыздың арманын орындағандай болып тұрды.
Жанар МУХАМЕТЖАНОВА, Бикен Римова атындағы МДШО бар ОМГ-ның қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі