Жеке тұрғын үйлерде өртті болдырмау, өрт қауіпсіздігін сақтау, өрттің тілсіз жау екендігі аз айтылып жүрген жоқ. Сонда да болса жеке тұрғын үйлерде өрт оқиғалары көп орын алып отыр. Қыс мезгілінде жеке тұрғын үйлерде ережеге сай салынбаған жылу пештерінің ақаулығынан өрт оқиғалары кездесіп жатады. Жоғарыда көрсетілген жағдайлардың алдын алу мақсатында, аудан түрғындарына келесі қауіпсіздік шараларын ұсынамын. Ереже бойынша пештің түтін жолдары 3 айда бір рет ыстан тазартылып отыру қажет. Пештің түтін жолдары үйдің негізгі құрылысынан дербес орналастырылады. Үйдің қабырғасы және жабуы қималарындағы жанбалы құрылыс материалдарымен түтін жолы аралығында бос аралық (противопожарная разделка) кесекпен қаланған көлемі 38 сантиметр, отқа төзімділік құраммен өңделген қорғағыш пайдаланғанда 25 сантиметрге дейін бос аралық қалдырылуы тиіс. Бұндай бос аралық көлем балабақша, аурухана, мектептерде, асханаларда көлемі 51 сантиметр болуы шарт. Жылу пешінің алдындағы еденге көлемі 50х70 сантиметр қаңылтыр қағылады. Жылу пешін еденнің бетіне орнатуға болмайды. Уақытша қолдан жасалған темір пештерін орнатқан жағдайда, темір пештерінің аяқтарының биіктігі 0,2 метрден кем болмауы тиіс, еденнің бетіне бірқатар кесек өріліп, батпақпен сыланып темір пеш орнатылады. Ағаш конструкцияларынан және ағаш жиһаздарынан 1 метр қашықтықта, беті сыланған қабырғалардан 0,7 метр қашықтықта орнатылуы тиіс. Негізінен келгенде пештің арнайы мамандығы бар кісілерге соқтырған жөн. Пеш дұрыс жанбаған, немесе жан-жағынан жалын шашқан жағдайда тездетіп арнайы маманға көрсетіп алған дұрыс. «Өрт тілсіз жау». Аяқ астынан шыққан өрт зардабы орны толмас өкінішке душар етеді. Бұл апаттан сақтану үшін әрбір тұрғын үй иесі сақтық шараларын жасауы керек. Өрт немесе басқа да төтенше жағдайлар орын алған кезде дереу 101 немесе 112 нөмірлеріне хабарласқан жөн.
Р. ҚАЛИҒАЗЫ,
Қаратал аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің аға инженері, азаматтық қорғау лейтенанты