Ұлтты ұлт ретінде ұстап тұратын төрт қазығы бар: тілі, діні, салт-дәстүрі және ұлттық санасы. Осының ішінде ең бастысы – тіл. Ахмет Байтұрсыновтың «Сөзі жоғалған ұлттың өзі жоғалады» дегені де содан. Өз тілімізді біліп қана қоймай, оған жанашыр, қамқоршы болу, оны өзге ұлт өкілдеріне маңызын сезіндіру, өздерін сөйлету арқылы киелі қазақ тіліміздің қасиетін ұғындыру – азаматтық парызымыз.
Жетісу облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы мемлекеттік мекемесінің «Тіл» оқу-әдістемелік орталығы коммуналдық мемлекеттік мекемесінің Қаратал аудандық филиалы аудан тұрғындарына мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру, қолданыс аясын кеңейту мақсаттарын басшылыққа ала отырып, мемлекеттік тілді тегін оқу курстарын жүргізеді. Мемлекеттік тіл оқыту курсы Қазақстан Республикасының мемлекеттік стандарттарына сәйкес «Ұлттық тестілеу орталығы МКҚК құрастырған қазақ тілін шетел тілі немесе екінші тіл ретінде оқытудың әдістемесі негізінде түзілген «Қазақ тілін оқытуға арналған типтік бағдарлама» бойынша оқытылады. 2022 жылдың І жартыжылдығында 4 топтан құрылған 52 тыңдаушы курсты аяқтады. Тамыз-қазан айлары аралығында В2 ортадан жоғары деңгейінен құрылған 3 топтан тұратын 39 тыңдаушы курсты аяқтап, сертификаттарға ие болды. Осыған орай, 10.11.-30.12.2022 жыл аралығында өзге ұлт өкілдеріне мемлекеттік тілімізді насихаттау мақсатында ұйымдастырылатын «Қазақша сөйлейік» клубының тегін оқу курсына шақырамыз. Клубтың негізгі мақсаты – жергілікті жердің этнос өкілдеріне арналған қазақ тілін грамматикасыз, жеңіл әрі оңай жолмен, яғни ауызекі сөйлеуді үйрету. Осы мақсаттарды жүзеге асыру аясында Жетісу облысы «Тіл» оқу-әдістемелік орталығының оқытушылары этнос өкілдеріне арналған сөздіктер құрастырды. Сөздік үш бөлімнен тұрады: 100 сөз, 100 сөз тіркес 100 сөйлем. Сөздік жаңа ақпараттық технология негізінде жасалған. Клуб мүшелері сөздіктегі берілген сөздер, сөз тіркестер мен сөйлемдердің тыңдалымы мен оқылымындағы тапсырмаларды QR код арқылы іске асыра алады. Сонымен қатар, игерілген ақпараттарды QR код арқылы әр түрлі тапсырмалар орындай отырып, тексере алады. Клубтың әрбір мүшесі кедергісіз, сөздікті қолдана отырып, күнделікті тұрмысқа қажетті сөздерді, сөз тіркестерін, сөйлемдерді аз уақыт аралығында жеңіл игеріп шығатын нәтиже көрсетеді, сөздікті игеру уақыты бар болғаны 1,5 ай. «Тіл» оқу-әдістемелік орталығының Қаратал аудандық филиалының мекенжайы: Үштөбе қаласы, Рысқұлов көшесі, 15 үй, Қаратал аудандық санитарлық- эпидемиологиялық бақылау басқармасының ғимаратының 2-ші қабатында орналасқан.
Гүлдана ЕСБОЛОВА, Жетісу облысы «Тіл» оқу-әдістемелік орталығының Қаратал аудандық филиалының меңгеруші