Ұлт болу үшін, қазақтың көрнекті ақыны, қоғам қайраткері Мұхтар Шаханов айтқандай, қасиетті төрт ананы қадірлеуіміз керек: ұлттық тіл, ұлттық тарих, салт-дәстүр мен ұлттық өнер. Әсіресе, тілімізді бірінші орынға қою қажет. Себебі, қазақ тілінің көсегесін көгертпесек, онда ешқашан ұлт ретінде өзімізді өзгелерге мойындата да, сыйлата да алмаймыз. Мемлекеттің келешегі – бойында ұлттық намысы кернеген қазақ жастарында. Енді негізгі әңгімемізге көшейік. Жалпы «мама», «папа» сөзі қайдан шыққан?

Қазақстанның әр аймағында әке-шешесін әрқилы атайды. Біреулер әкесін «көке», шешесін «апа», «анашым» деп атаса, оларды әке, шеше дейтіндер де бар. Ал қазіргі жастардың көбісі әке-шешесін «папа», «мама» дейді. Бұл сөздер қайдан шыққан, қай тілдегі атау, түркі тілдес халықта бұрын мұндай сөз болған ба, соның төңірегінде пікірталас көп.

Талас тудырмайтын ақиқат: котолик шіркеуіндегі ең жоғарғы билік иесінің «папа» деп аталатыны. Яғни, Батыста шіркеу билігін Рим епископы, яғни Рим папасы жүргізеді. Не себепті бұл лауазым папа деп аталған, папа сөзі нендей мағынаны білдіреді, ол жөнінде біздің ұлттық энциклопедиямызда да айтылмаған. Жасыратыны жоқ, қазақта мама сөзі бар. Олар: мама қаз, мама ағаш, мама сиыр, мама бие. Сондай-ақ, кей жерлерден «Мама шешей» деген сөзді де естігенбіз. Осы сөздерге байланысты ғалымдардың, этнографтардың пікірін тыңдасақ, филология ғылымдарының докторы Құлбек Ергөбек былай дейді: «Папа-мама» сөзі көне түркі тілінен шыққан. Бұл шамамен 1966 жылы шыққан көне түркі тілінің сөздігінде анық айтылған. Орыстар түркі халқының боданында болған  жылдарда «баба» деген сөзді ассимиляцияға, яғни, тілдік өзгеріске ұшыратып, «папа» деп айтып үйренген. Өз кезегінде орыстар қазақ халқына «папа» сөзін ұмытпастай ұқтыра білді. Түркиядағы туысқандар әкесін бүгінгі дейін «баба» дейді екен. Ал «мама» деген түркі тілінде «сүт ана» дейтін ұғымды білдіреді. Қазақтардың сүтті биені – «мама бие», жемісі мол ағашты – «мама ағаш» деуі бекер емес. Әкесін «көке», шешесін «жеңеше» деу тек оңтүстікке тән. Батыста әкесін «бапа» дейтіндер бар. «Папа» дегеннің аздап өзгерген түрі болар. Арқадағы ағайындар «әке», ал әкесінің інісін «кіші әкей» дейді. Көп өңірде шешесін «апа» дейді. Оңтүстікте өзінен үлкен қызды «әпке» десе, «апа» деген де нақ осының өзі.

Қалай бол­ғанда да, олардың өзіміздің ана тілінде болу керектігі талассыз. Адам өзінің әке-шешесін қалай атайды, ол өзінің қалауы, бала кезінде үйренгені бойынша. Дегенмен, алдағы уақытта жас буын жеткіншектердің тілін «мамалатпай» – аналатсақ, «папалатпай» – әкелетсек деймін. Сонда бұл атаулардың мәні де, салмағы да өзгеше болар еді. Қасиетті тілімізді жастарға үлгі етіп, әдет-ғұрпымызды сөзуарлықпен емес, тәжірибемізбен ұқтыра алсақ, салт-дәстүріміз бен тіліміз жанданар еді, рухымызға тірек бітіп, халқымыз құл болған сезімнен арылып, өр сезімді жастарды өсіріп шығаруға жол ашылар еді. Баланың бас ұстазы – ата-анасы. Сондықтан өзіміз түзелмей, сөзіміз түзелмейді деп білемін.

Альфита ОРАЗБЕКҚЫЗЫ

By karatal

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *