Жастықтың оты жалындап

Қазақ ұлты өз тарихында көптеген қиындықты бастан кешті, аяусыз шабуылға ұшырады, талай азапты көрді. Соның ішінде зардабы ауыр ауған соғысының жарасы әлі жазылған жоқ. Талайдың тағдырын тәлкекке салған майдан он жылға созылды. Қаншама жас қыршыннан қиылып, қаншасы мүгедек болып оралды. Олардың міндеті Отан алдындағы борышын өтеу, қабылдаған антына берік болу еді. Осындай антына берік, арыстандай айбатты батырлардың бірі «Қызыл жұлдыз» орденінің иегері, жерлесіміз, Өнімдінов Ерлан Ертайұлы еді.
Тастөбе ауылдық кітапханасының кітапханашысы Зереш Орынтайқызы және Жамбыл атындағы орта мектебінің тарих пәнінің мұғалімі Гүлмайра Күнай ауған соғысында ерлікпен каза тапқан батыр жерлесіміз Ерлан Өнімдіновтың туғанына 60 жыл толуына орай «Жастықтың оты жалындап» атты еске алу кешін ұйымдастырды. Ауған соғысы ардагеріне құрмет көрсету, жас ұрпақты отан сүйгіштікке баулу мақсатында өткен шараға Жамбыл атындағы орта мектебінің 9 сынып оқушылары қатысты. Шара бастамасында көпшілік Отан алдындағы борышын адал атқарған және сол соғыста ерлікпен қаза тапқан жауынгерлерді үнсіздікпен еске алды. Мектеп оқушылары уақыт пен тарихтың мәңгі жадында қалған осы бір оқиғаны жан тебіреністерімен жүректен жүрекке жеткізді. Сондай-ақ, өлең шумақтарын арнап, жауынгердің соңғы хатын оқыды. Гүлмайра Күнайқызы тарих бетінен сызып алып тасталмайтын соғыстың тарихынан сыр шертті. Батыр да батыл Ерлан Ертайұлының ерлігі жастарға үлгі болары сөзсіз.
Тастөбе ауылдық кітапханасы
.