Аудандық «Қаратал» газетінің 04 қараша күні №44 санында жарық көрген Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Альфита Оразбекқызының «Ортақ идеология болмаса» атты мақаласын оқып, тамсандым десем артық айтқаным емес. Шынымен де автор «Елімізде идеология дұрыс болса қаншама көзі ашық адамдар (басым бөлігі мұғалімдер) пирамиданың құрбаны болмас еді. Идеология дұрыс болса, қазақтың жас қыздары өзге ұлт өкілдеріне тұрмысқа шықпаған болар еді.  Идеология дұрыс болса, жаңадан отбасын құрған жастардың шаңырағы шайқалып, ажыраспаған болар еді. Идеология дұрыс болса, адамдық қасиеттен адыра қалғандар білгенін істеп, әлеуметтің әлжуаз тобын басынбаған болар еді. Идеология дұрыс болса қалың жұрт әлеуметтік желіге емес, баспасөзге көбірек көңіл бөлген болар еді. Идеология дұрыс болса жас ұрпақ салт-дәстүрден хабары болар еді. Идеология дұрыс болса дін атын жамылған теріс ағымдар болмас еді. Идеология дұрыс болса тіліміздің мәртебесі әлдеқашан көтерілетін еді. Идеология дұрыс болса әдебиетіміз дамып, мәдениетіміз өркендер еді», – деп қалай жақсы айтқан. Бұл дегеніміз осы мәселе төңірегінде ойланып қана қоймай, нақты әрекетке дәл қазір көшу керектігін көрсетеді. Шынымен де әйтпегенде «Жаңа Қазақстан» құрамыз деуіміз бекер. Қайта «ауруды» жасыра бермей, шындықты ашық айтатын аудандық баспасөздің барына қуандым. Ал аталған мақалада айтылғандай өңір басшылығы осы идеология бағытына елеулі үлес қосар бұқаралық ақпарат құралдарымен бірлесе жұмыс атқармайтындары жүз ұйықтасам да түсіме кірмес еді. Әрі өзге біреуден естісем де сенбейтін едім. Ал бұл назды астарлап жеткізген басылымға сенбеске шара жоқ. Әттеген-ай. Өңіріміздегі жалғыз көне басылымға көңіл бөле алмағынымыз өкінішті. Қазір адамдардың санасы қалың ұйқыға кете бастаған. Бәрінің есіл-дерті әлеуметтік желі. Бірақ баспасөз ұлттың үні, рухтың жыры болып қала беретінін ұмытқандай. Заман талабы сай форматы дейміз бе, халыққа жету жағы өзгеруі мүмкін. Бәрі бір мазмұндық, талдамалық тұрғыда ешбір ақпарат көзі газетті басып озған жоқ. Озбайды да. Басқа дерек көздері сол газетке сілтеме жасайды. Ал күндердің күні газет керек болмай қалса, ұлттың тірі екеніне күмәнданар едім. Меніңше, рухани айналымның жүрегі – әдебиет һәм ондағы мән-маңызы мәңгілікпен тетелес көркем шығармалар болса, қоғам ағзасындағы рухани иммунитетті күшейтетін осы баспасөз. Десек те әрбір жаназықтың өзіндік құнары, дәрумендері болатыны секілді, баспасөздегі дүниелердің де қуаты, қайнары зор болуға тиіс. Баспасөз, ол – қашанда өз халқының айнасы. Сол айнаны сындырып алмауымыз қажет. Егер халық рухани азғындап, қоғамның құбыжығына айналса, ол әлбетте сол айнадағы өзінің кемтар келбетіне қарағысы келмейді. Баспасөзді оқымайды дейтіндерді мен солай елестетемін. Идеология тамырына қан жүгірту үшін бізге әлі де көп еңбектену қажет. Ал бұл жолда біздің қаруымыз да, қалқанымыз да баспасөз екені даусыз.

Хасенғазы ҚАЛИАКБЕРОВ, басылымның тұрақты оқырманы, зейнеткер

 

By karatal

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *