Алакөл ауданының тұрғындары кезектен тыс президент сайлауына белсене қатысты. Өңірде 54 сайлау учаскесі жұмыс істеді. Дауыс берушілер саны – 44 863 адам.

Сайлау күні ел үшін еңбектеніп жүрген азаматтар үлгі көрсетті. Алакөл ауданының әкімі Алмас Абдинов ата-анасымен бірге өз сайлау учаскесіне барып, дауыс берді. – Бүгін мен ата-анамды ертіп, Қазақстан Республикасының азаматы ретінде өз таңдауымды жасауға келдім. Бұндай маңызды сәтте ешкім де үнсіз жатпауы керек деп ойлаймын. Себебі, мыңжылдықтар төрінен «Мәңгілік ел» болуға ұмтылған біз үшін әрқайсымыздың үлесіміздің өзіндік орны бар. Ел басқарар тұлғаны таңдауда сарабдал шешім қабылдап, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара алуымыз керек. «Төртеу түгел болса төбедегі келеді» демекші, дүйім бұқара бұл сайлауда бірлік туын тік көтергені жөн, – деді өңір басшысы А.Абдинов.
Ел президентін таңдауда қариялар да белсенділік танытты. Жанама ауылының тұрғыны, көп балалы ана Шәмішхан Шұғаева 10 баласы, келіндері және 17 немересімен №54 сайлау учаскесіне барып, өз таңдауларын жасады. -Бүгін біздің еліміз үшін үлкен мереке. Осы сайлауда отбасыммен бірге келіп, дауыс бердім. Біз осы сайлауға дейін де бірнеше сайлауларда отбасымызбен қалмай келіп, дауыс беріп жүрміз. Бұл, біріншіден, әр адамның жауапкершілігі. Еліміздің ертеңі, болашақ ұрпақ үшін, әділ басшыны саралап сайлау – ол біздің міндетіміз. Осы орайда бүгінгі сайлауға отбасымызбен үлесімізді қосайық деп келдік. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! – деп 90 жасқа келген әжеміз ақ тілегін білдірді. Айта кетейік, қарт анамыз Тәуелсіздік алғаннан кейін де президенттік сайлауларда белсенділік танытып, өзінің қатарластары мен арттағы ұрпақтарға үлгі көрсетіп келеді.
Алакөл ауданы Жайпақ ауылының тұрғыны 99 жастағы көп балалы ана Мәрзия Абдрахманова да №66 сайлау учаскесінде дауыс берді. Апамыз кез-келген сайлаудан қалыс қалмай, өзінің азаматтық парызын орындап жүр. – Президенттік сайлауда мемлекетіміз бен халқымыздың тағдырына жауап беретін білікті, білімді тұлғаны тағайындау керек, – деді кейуана. Учаскедегі қызметкерлердің жұмысына да ризашылығын білдіріп, заң нормаларына сәйкес барлық мүмкіндіктер жасалғанын жеткізді. Мәрзия анамыз 2023 жылы 100 жасқа келіп, алдағы уақытта да саяси науқандарға белсене қатысуға ниетті екенін жеткізді.
Көпбалалы отбасы Рабия Оразғали мен Серғазы Өмірбекұлы да өз сайлау учаскелерінде таңдауларын жасады. Бүгінде бұл жұп 4 ұл, 2 қыз тәрбиелеп отыр. Отбасының тұңғышы 12 жаста, ал кенжесі 1 жаста. Үлгілі отбасы аудан тұрғындарын осындай маңызды күнге бей-жай қарамай, дауыс беруге шақырды.
Кезектен тыс президент сайлауында жастар да қалыс қалмады. Үшарал қаласының тұрғыны, 18 жасқа енді толған Самал Сарқытбаева №46 сайлау учаскесінен табылып, өз таңдауын жасады. Сайлау учаскесінде бірінші рет дауыс берген бойжеткенге арнайы сыйлық табыс етілді.
Шаңырақ көтеріп, отбасы құрып жатқан жұп – Асхат Несіпбек пен Әсем Дәуренқызы да той қамымен жүрсе де дауыс беруді борыш санаған екен. Жас жұбайлар №48 сайлау учаскесіне келіп, той алдында дауыс берді. -20 қарашада сайлау өтетінін бәріміз білдік. Осыған орай той алдында сайлау учаскесіне келіп, өз даусымызды береміз деп шештік. Мұндай күні әр азамат еліміздің болашағын ескеріп, өз дауыстарын беруі қажет. Осыған орай азаматтық жауапкершілігімізді білдіре отырып осы керемет сәтті пайдаланудамыз. Бұл бір жағынан өміріміздегі қызықты сәттердің бірі ретінде есте қалатыны сөзсіз, -деді Асхат Несіпбек.
Президент сайлауында Алакөл ауданындағы «Лепсі – өнімдері» ЖШС ұжымы да белсенділік танытып, Лепсі ауылы №80 сайлау учаскесіне келіп, ұжыммен дауыс берді. Мекеме басшысы Фархат Абузяров әр сайлауда әріптестермен келіп, дауыс беретінін жеткізді. -Сайлау – саяси науқан, онда әрбір азамат белсенді болуы керек. Кейбір азаматтар сайлау бізсіз де өтеді деген ұғымнан арылып, әділетті қоғам орнату үшін әр азамат дауыс беруі керек. Сонда ғана болашағымыз баянды болатыны сөзсіз,- дейді мекеме басшысы. Аталған мекеме 2016 жылдан бастап жұмыс істейді. Қазіргі уақытта ондаған адам жұмыс істейтін кәсіпорын бал шығырумен айналысады. Шығарған өнімдер Қазақстан ғана емес, алыс-жақын шет елдерге де экспортталады.
Бұдан бөлек, славян этномәдени орталығының өкілдері де қалыс қалмай, ұжыммен барып, Қабанбай ауылы, №75 сайлау учаскесінде өз таңдауларын жасады. Аталған ұжым бүгінгі күні аудандағы этносаралық қатынасты, татулық пен келісімді нығайту жолында еңбек етіп келеді. -Сайлауда әр адамның дауысы маңызды. Біз ұжым болып, еліміздің болашағына бей-жай қарамай, өз үлесімізді қосудамыз. Себебі, бүгінгі сайлау науқаны – ел болашағын айшықтар тарихи күн, – деді славян этномәдени орталығының өкілдері.
Саяси науқанда өңір тұрғындары барынша белсенділік танытып, өз таңдауларын жасады. Бұл ел болашағына бей-жай қарамайтын азаматтардың көп екенін білдіреді.
Асылан МАХАНОВ