Университет, колледждерде академиялық ұтқырлық деген бағдарлама болады. Шетелде тегін оқу мүмкіндігін ұсынатын бағдарлама. Әдетте мұны көбі елей бермейді. Әйтпесе, шетелдіктерді ақысыз оқыту бағдарламасын Еуропаның көп университеті ұсынады. Тек әр елде ереже әртүрлі. Шетелде оқығысы келетін оқушылар мен студенттер үшін Еуропаның қай елдерінде тегін жоғары білім ала алатыны және ол үшін не қажет екені туралы ақпаратты назарларыңызға ұсынамын.

ГЕРМАНИЯ. Неміс университетіне түсу оңай емес, бірақ мүмкіндік бар. Оқу – тегін, бір ақ семестрлік төлем деп аталатын төлемді төлеу керек. Университетке байланысты семестрге 100-ден 300 еуроға дейін. Бұл кітапхана, асхана, студент билеті және жеңілдетілген жол жүру билетін пайдалану ақысына жұмсалады.

Қабылдау шарттары. 11 сыныптан кейін бірден университетке түсе алмайсыз. Қазақстан университетінде бір немесе екі жыл оқу керек. Оқу орнында академиялық ұтқырлық деген бағдарлама болады. Оқуға түскенде осыған назар аударыңыздар. Университеттердің базасында барлық ақпарат болу керек, олардың негізгі міндеті –Германиядағы және басқа елдердегі мектеп бағдарламасындағы айырмашылықты өтеу. Оқу шарттары университеттегідей: тек семестрлік жарна төленеді. Оқу курсы 10-12 айға созылады, соңында неміс университетінде оқуға дайын екеніңізді растайтын емтихан тапсыруыңыз керек.

Оқыту тілі. Германияда білім негізінен неміс тілінде, бірақ ағылшын тілінде де бағдарламалар бар. Қабылдау үшін Goethe, TestDaF, DSH немесе TELC B2 деңгейіндегі тіл емтиханын тапсырғаны туралы сертификат қажет. Қабылдау емтихандары. Studienkolleg-ге түсу сынақтары оқу бағытына байланысты. Неміс тілі + мамандықтағы басқа пән (көбінесе математика немесе ағылшын тілі). Сондай-ақ университеттер жеке мамандықтар бойынша жеке қабылдау сынақтарын өткізе алады екен.

Қаржылық қауіпсіздік. Студенттік визаны алу үшін жаңа, қауіпсіз шот ашу қажет. Бұл сіздің атыңызға ашылған неміс банкіндегі арнайы шот, оған белгілі бір мөлшерде қаражат салып, сақтық үшін бұғаттап қоясыз. Бұл шоттан ай сайын тек белгіленген соманы алып, тұрғын үй, тамақ, жол жүру және басқа да күнделікті шығындарды төлеуге болады. Шетелдік студент бұл елде тұру үшін ең аз дегенде айына 861 еуро жұмсайды. Шотыңызда 12 айға жеткілікті қаражат (€10 332) болуы керек.

Жұмыс. Оқу кезінде ресми түрде аптасына 20 сағат ақша табуға рұқсат етіледі. Бұл студенттер тек ресми демалыс күндері жұмыс істей алатын Studienkolleg немесе тіл курстарында оқу мерзімінде қолданылмайды.

АВСТРИЯ. ТМД елдерінен келген үміткерлерге қойылатын талаптар Германияға қарағанда әлдеқайда жеңіл: тіл білмесеңіз де, мектептен кейін бірден оқуға түсе аласыз, ал оқуды бітіргеннен кейін олар сізге жұмыс іздеуге уақыт береді. Оқу ақысы мемлекеттік университеттерде – тегін, бірақ семестрлік төлемді төлеу керек. Ол ТМД елдерінің тұрғындары үшін 360 еуро. Бұл ақша да сіздің университеттегі керек-жарағыңызға жаратылады.

Қабылдау шарттары. Кейбір жоғары оқу орындарына 11 сыныптан кейін оқуға түсуге болады, бірақ талапкердің өз елінде таңдаған мамандығына түсуге құқығы бар екені туралы сертификат қажет. Бұл халықаралық емтихандар немесе ҰБТ болуы мүмкін. Өз еліңіздегі университетте бір немесе екі жыл оқығаннан кейін оқуға түсуге болады, бірақ кейбір жоғары оқу орындарында өз елімізде оқып жүрген мамандыққа ғана құжат тапсыруға рұқсат етіледі. Бакалаврдан соң магистратураға түсуге болады.

Қабылдау емтихандары. Әдетте емтихан жоқ. Бұл елде медицина, психология, спорт және шығармашылық мамандықтар бойынша ғана оқи аласыз.

Оқыту тілі. Негізінен неміс тілінде, бірақ ағылшын тілінде де бағдарламалар бар.

Қаржылық қауіпсіздік. Студенттік визаны алу үшін 24 жасқа дейінгі студенттер үшін жылына кемінде 7 104 еуро, 24 жастан асқандар үшін жылына 12 500 еуро көлемінде қаржылай кепілдік қажет. Австрияда өмір сүру өте қымбат. Үй шығындары үшін айына кемінде 900 еуро қажет болады.

Жұмыс. Бакалаврда оқу кезінде аптасына 10 сағат жұмыс істеуге болады. Оқуды бітіргеннен кейін студентке жұмыс табуға, жұмыс визасын алуға және тұруға рұқсат алуға алты ай уақыт беріледі.

ЧЕХИЯ. Чехиядағы жоғары білімнің артықшылығы тілді меңгеру жылдамдығы және өмір сүрудің салыстырмалы түрде төмен болуы. Чехия ТМД-дан келген студенттерді ықыласпен қабылдайды, бірақ сертификатты растау және емтихан тапсыру қажет. Оқу ақысы мемлекеттік университеттерде чех тілінде – тегін.

Қабылдау шарттары. 11 сыныптан кейін Чехияға оқуға бара аласыз, бірақ нострификациядан өту керек – мектеп бітіргені  туралы куәлік керек. Әдетте нострификация негізгі мектеп пәндерінен екі, бес емтихан тапсыруды талап етеді.

Қабылдау емтихандары. Барлық университетте бар. Қабылдау сынақтарының тізімі оқу бағытына байланысты.

Оқыту тілі. Чех тілінде. Қабылдау үшін тіл білетініңізді растайтын сертификат қажет, ол В2-ден төмен емес болуы шарт. Әдетте ТМД-дан келген талапкерлерге чех тілін үйрену қиын болмайды, олар тілді бір-екі семестрде меңгереді. Ағылшын тілінде бағдарламалар бар, бірақ олар әдетте семестрге мың еуродан бастап төленеді екен.

Қаржылық қауіпсіздік. Студенттік визаны алу үшін банктен кем дегенде 4 000 еуро көлемінде шот ашып, чех сақтандыру компаниясынан кешенді медициналық сақтандыру алу керек (қамсыздандыру сомасы – кемінде 60 000 еуро). Сонымен қатар, тұрғын үй, тамақ және саяхат үшін айына шамамен 500 еуродай кетеді.

Жұмыс. Жылына 100 сағаттан аспайтын жұмыс істей аласыз.

ГРЕКИЯ. Грек университетіне түсу үшін емтихан тапсырудың қажеті жоқ, бірақ заманауи грек тілін білу немесе курстардан өту қажет.Үздік аттестат мүмкіндігіңізді айтарлықтай арттырады. Оқу ақысы мемлекеттік университеттерде шетелдіктер үшін тегін, тіл үйренудің бірінші жылы ғана ақылы (760–830 еуро). Университетке қабылдау сертификаттар конкурсы негізінде жүзеге асады. Грекияда студенттерге жеңілдіктер беретін жыл сайынғы әкімшілік алым (шамамен 500–700 еуро) бар: оқу материалдары мен жеңілдетілген тарифтермен тамақтануға жұмсалады.

Қабылдау шарттары.  11 сыныпты бітіргеннен кейін грек университетіне түсу үшін Білім министрлігіне өтініш беруіңіз керек, онда өзіңіз қалаған факультеттерді (20-дан көп емес) және орта білім туралы куәлікті көрсетуіңіз керек, содан кейін факультеттердің бірін таңдайсыз. Университетке тікелей өтініш беруге де болады.

Қабылдау емтихандары. Жоқ.

Оқыту тілі. Қазіргі грек тілі. Қабылдау үшін тіл білімін растайтын емтихан тапсыруыңыз керек. Бірінші рет тапсыра алмасаңыз, бір жыл бойы ақылы дайындық курстарына қатысуға тура келеді. Ағылшын тілінде бағдарламалар бар.

Қаржылық қауіпсіздік. Студенттік визаны алу үшін сізге шамамен 5 000 еуро сомадағы шот, сондай-ақ жалдау шарты және оқудың барлық кезеңіне медициналық сақтандыру, ең аз дегенде шамамен 30 000 еуроңыз болуы қажет. Грекиядағы студент үшін айына ең аз дегенде 300 еуро қажет.

Жұмыс. Ресми түрде аптасына 20 сағат жұмыс істеуге болады. Грекияда міндетті түрде лекцияға қатысу талабы жоқ, ең бастысы сессияны жақсы тапсыру.

НОРВЕГИЯ. Норвегиялық студенттердің шамамен 10%-ы – шетелдіктер. Мұнда оқудың артықшылығы – емтихандардың болмауы және ағылшын тілінде оқу мүмкіндігі, кемшілігі – баспана мен тамақтың қымбаттығы. Норвегияның мемлекеттік университеттерінде оқу тегін, бірақ университетке байланысты семестрлік 30–70 еуро төлеу керек.

Қабылдау шарттары. ТМД университетінде бірінші курсты бітіргеннен кейін, ал кейбір университеттерде 11 сыныптан кейін ғана түсуге болады.

Қабылдау емтихандары. Жоқ, бірақ сертификаттар конкурсы бар. Кейбір салалар үшін (медициналық, шығармашылық) қосымша қабылдау сынағы болуы мүмкін.

Оқыту тілі. Ағылшын немесе норвег. Шетелдік студенттер үшін жыл бойы норвег тілін тегін оқытады, соңында Kompetanse Norge немесе Bergenstesten емтиханын тапсыру қажет. Ағылшын тілінде оқу үшін сізге кемінде B2 деңгейіндегі IELTS немесе TOEFL сертификаты қажет.

Қаржылық қауіпсіздік. Норвегия университетінде оқу үшін кемінде 12 000 еуро қажет.  Норвегияда тұру үшін айына орта есеппен 1500 еуро жұмсауға тура келеді. Мысалы, жатақханадағы бір бөлменің құны студентке айына 285–485 еуро, ал бөлмені жалғыз жалға алу 420–631 еуро.

Жұмыс. Оқу кезінде аптасына 20 сағат жұмыс істей аласыз.

P.S. Жазылған елдерде оқу үшін әртүрлі шарт бар, бірақ барлығында дерлік семестрлік төлемді төлеу керек және шотыңызда белгілі бір сома болуы керек. Құжаттарды тапсырар алдында міндетті түрде университеттер мен консулдықтардың веб-сайттарын зерттеңіз, таңдаған елде оқу туралы студенттердің пікірлерін оқыңыз. Еуропа елдерінің көпшілігінде қабылдау емтиханы жоқ, бірақ GPA жиі ескеріледі және мектептегі бағаңыз  жақсы болса, университетке түсу ықтималдығы соғұрлым жоғары болады.

Барлық жерде тілді білу B2 деңгейінен төмен емес немесе тіл курстарында оқыту талап етіледі. Медициналық және шығармашылық мамандықтар үшін әдетте қосымша емтихан тапсыру қажет. Көп елде студенттерге аптасына 20–25 сағат жұмыс істеуге рұқсат етілген. Бұл тұру мен тамақтану құнының бір бөлігін жабуға ғана жететінін ескертеміз.

Дайындаған: Нұрлыхан ЖҰМАХАН

By karatal

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *