Көксу ауданындағы Злиха Тамшыбай ауылының тұрғыны Мануар Батыршақызы сайлау науқанында дауыс беріп, белсенділік танытты.
Мануар апа 1924 жылы туған. Қазір 98 жаста. 10- сынып бітірген соң, 1940 жылы Қарағанды қаласында әскери комисариятқа шақыртылып, 8 ай қару-жарақ қолдануды, алғашқы медициналық санитарлық курсты үйренген. Соғыс жылдарында жер астында моторист-бурильщик болып еңбек еткен.
Ұлы Отан соғысы аяқталғаннан кейін елге оралып, жолдасы Доспай Тесебаевпен қызылша егіп, «Еңбекші» ұжымшарында еңбек еткен.
20 қараша – президент сайлауы күні жасы ұлғайған сайлаушыға арнайы комиссия өкілдері тұрғылықты жеріне қажетті бюллетень мен шыны жәшікті алып барды.
«Жасым ғасырға жуықтаса да денсаулығым жақсы. Елдегі тыныштық пен бірлік, бақуатты тұрмыс жайы үшін өз таңдауымды жасадым»,-деді Мануар апа.
Өмір бойы ауыр жұмыста еңбек еткен әжеміздің 9 баласы, 28 немересі, 25 шөбересі бар.
Жас отбасы дауыс берді

Сайлау күні дауыс беруге асыққандардың бірі Ақжол мен Гүлім Асқарбековтар. 18 жастағы қос сайлаушы бір сыныпта оқыған, жақында отбасын құрған. Екеуі де студент. Ақжол Алматы қаласындағы Дінмұхамед Қонаев атындағы университетте заңгер мамандығы бойынша білім алады. Ал, жары Гүлім Әмірғали Талдықорған қаласындағы І.Жансүгіров атындағы Жетісу Мемлекеттік Университетінде аудармашы мамандығын меңгеруде.
«Біздің кәмелет жасқа толып, отбасын көтерген жылымыз, елдегі сайлаумен тұспа-тұс келгені біз үшін өте қуанышты жайт болды. Бүгіннен бастап, біз өз дауысымызды беріп, еліміздің дамуына үлес қоса аламыз. «Ел болашағы – жастардың қолында» деп Президентіміз айтқандай, әрбір жастың дауыс беруі маңызды. Сол себепті Алматы қаласынан арнайы дауыс беруге ауылыма келдім»,- деді жас сайлаушы Ақжол Асқарбек.
Айта кетейік, Көксу ауданында 26 146 сайлаушы бар. Оның 51-мүмкіндігі шектеулі азаматтар болса, 311 сайлаушы алғаш дауыс беру құқығына ие болып отырған жастар.
Өз тілшіміз