Алаш арыстарының арасында алтындай жарқырап көпшіліктің көзіне түскені, аңызға айналғаны аз емес. Солардың ішінде бір ұлтты тұтастай ағарту жолында еселі еңбек еткен Ахмет БАЙТҰРСЫНҰЛЫ атамыздың жөні бөлек.
Ахмет Байтұрсынұлы – қазақтың тілі мен тарихына, әдебиеті мен мәдениетіне, ұлттық болмысына айналған ұлы тұлға деуімізге толық негіз бар. Бір тұлғаға қарап-ақ, бір ұлттың рухани деңгейін анықтауға болады дегенді де айтамыз. Мысалға, хакім Абай – бүкіл қазақ үшін жауап бере алады. Ал, Абайға жақын, жетеқабыл бұрынғы-соңғы қаншама тарихи тұлғаларымыздың бар екендігі де рас. Осынау тұлғалар ішінен ерекше бір есте қалары, жарқырап көзге бірден түсері – Ахмет Байтұрсынұлы дер едім. Ол – қайшылықты да қиын қоғамда ғұмыр кешті. Алғашқыда патшалық Ресейдің отарында, кейіннен Кеңес үкіметінің қызыл террорынан көп қудалау көргені, жазықсыз жапа шеккені, сол жолда құрбан болғаны да тарихтың тақтасында тұр. Бірнеше деректерде Ахмет Байтұрсынұлын 1873 жылы туған деп көрсетеді. Ал, оның өзі жазып қалдырған «Өмірбаянында»: «… мешін жылы, 1872 жылы туған, № 5 ауыл, Тосын болысы, Торғай уезі» делінген.
Қай ұлтта болсын, ұстаз – мейірімділік пен жанашырлықтың үлгісі болып, ұлылық ұғымын білдіреді. Ұстаздың алдынан талай ұрпақ түлеп ұшады. Әр шәкірт – сол елдің тұғырлы тұлғасы болмаса да, қарапайым қатардағы азаматына айналары сөзсіз. Бір мемлекетке бір өзі ұстаз болғандар өте сирек. Сол сирек тұлғалардың бірі, бәлкім, бірегейі – Ахмет Байтұрсынұлы еді. Жалпы, Ахмет ата жайлы біршама зерттеулер бар. Еліміз Тәуелсіздік алғаннан бері бұл үрдіс бұқаралық ақпарат құралдарының бәрінде де насихатталып, жеке зерттеу кітаптар да шығып жатыр. Ахмет танушылардың мектебі де біршама игілікті істерді атқарып келеді. Бірақ, бір нәрсені айта кеткен жөн. Хакім Абай секілді, Байтұрсынұлының да байтақ әлемі бар. Оны аралап шығуға қыруар уақыт керек. Түсініп-түйсінуге де соншама. Бір ғажабы, Алаш зиялыларының, Алаш арыстарының бәрі керемет. Шетінен ғұлама, оқып-тоқыған білімдар жандар. Солардың бәрі де Ахмет атаны сыйлап, құрмет тұтқан. Ұлт ұстазы бір сөзінде: «Ел – бүгіншіл, менікі – ертең үшін!» – депті. Ғажап ғибрат. Ол кісінің сол ертеңі – бүгінгі біз және келер ұрпақ. Алаштың атамекен жері, есесі кеткен елі, ана тілі мен барлық ұлттық құндылықтарды сақтап қалу жолында Ахмет Байтұрсынұлының еңбегі аса ауқымды.
Иә, Алаштың Ахметі жайлы айта берсек, ұзай береміз. Қысқасы, Ахмет Байтұрсынұлының ұлан-ғайыр мол мұралары – қазақ руханиятындағы Алаштың алтын көпірі. Біздің ұлттың болашаққа барар өнегелі өткелі де – Алаш зиялыларының айтып кеткен, жазып қалдырған аманаттары десем, артық айтқандық емес. Зиялы адам, зиялы қауым, зиялы қоғам дейтін терең ұғымдарды кешегі Абай, Шоқан, Ыбырай, Шәкәрім, Мәшhүр Жүсіп, Әлихан, Ахмет, Міржақып, Мағжан аталарымыздан іздеп, осынау шуақ шашқан ерекше элитадан рухани қуат алып отырсақ, шіркін! Зиялы адам дегеніміз – жан-жағына нұр шашатын жан иесі екен. «Зия» дейтін сөздің түп-төркіні, мағынасы – Көктен, яғни, Ғарыштан берілетін сәуле, нұр, шуақ hәм жылу мен мейірім.
Түйіндеп айтқанда, осы қасиеттер бойында болған, ойында сақталған Ұлт ұстазының ұлы істерін, мол мұрасын бүгінгі және келер ұрпаққа барынша насихаттап, толық жеткізуге, дұрыстап түсіндіруге атсалысайық. Күллі Алашқа Күн көзіндей нұр сепкен, бір емес-ау, бірнеше дәуірге дем беретін Ахмет атамызды ендігі буын көреген көсем, білімдар баба деп айтқаны жөн.
Көксу аудандық «Тіл» орталығы