Адам табиғат дейтін алып ананың бір бөлшегі. Топырағын басып, таза ауасымен тыныстап, мөлдір суын ішіп, жасыл жиегінде демаламыз. Бірақ, осындай керемет байлығымызды қаншалықты қорғап жүрміз? – деген сауал бәрімізді болмаса да біразымызды толғандыратыны сөзсіз. Жер бетіндегі адамзатты қатты ойландыратын және кезек күттірмейтін мәселелердің бірі – табиғатты тиімді пайдаланып, қорғау. Соңғы кезде қоршаған ортаның ластануы, орманның өртке орануы көкейкесті мәселеге айналып отыр. Өйткені техникалық прогрестің және адамның ойланбай жасаған әрекетінің салдарынан өмір сүруге қажетті нәрселердің бәрі ластануда. Орман – қоршаған ортаға өте қажетті аумақ болғандықтан адамдар көбінесе демалуға, таза ауа жұтып, тынығуға барады. Бірақ өкінішке орай, демалушылар қоқыстарын шашып немесе отқа тамақ дайындаған соң артынан қалған шоқты өшірмей кетіп жатады. Соның салдарынан қазіргі таңда көптеген орман өртеніп жатыр. Бұл мәселе тек Қазақстанда ғана емес дүниежүзінде бар. Сондықтан да әр адам ормандағы қауіпсіздік ережелерін жатқа біліп қана қоймай, қатаң тәртіптерді ұстануы керек. Ормандағы ағашты кесуге болмайтынын да білуіміз шарт. Ол ағашты кесу үшін рұқсат қағаз керек. Адамдардың сондай жауапсыздығы үшін талай орманды алқаптар өртке оранып, құстарға да зиянын тигізіп жатыр.
Орман шаруашылығында еңбек еткендіктен төмендегі ақпараттарды айта кеткенді жөн деп ойлаймын. Әрбір орман ағашы өз тіршілігі барысында бір тонна көмірқышқыл газын қайта өңдейді. Есейген ағаш бір жыл көлемінде шамамен бір шақырым жүріп өткен көліктен шыққан көміртекті өңдеуге щамасы келмеуі. Бір ағаш бір жылда 100 метр текше, басқаша 120 кг оттегін тазалап шығарады. 100 метр текше оттегі бір отбасының бір жылдық демалуына жететін ауа. Орманға келген адамның жүрек соғуы минутына жиырма лүпілге дейін азаяды. Демалуы ақырындай түседі. Жүйке тынышталып, адам өзін жеңіл сезіне бастайды. Міне адам ағзасына тигізер осындай пайдасы мол орманды алқаптарға біз неге зиян келтіруіміз керек? Осы тұрғыда барлық адамзат баласына ойлану қажет сияқты. Біз табиғаттың өзін қайта түлететін ұрпақпыз. Әрбір ағашты, әрбір бұтақты, жалғыз дәнді де ыждағаттылықпен сақтау, қамқор болу – басты міндетіміздің бірі деп санаймыз.
Берік НАЗАРБЕК,
Қаратал орманшылығы
№ 24-ші айналым орман күтушісі