Кезектен тыс президент сайлауы күні, яғни 20 қарашада ауданда 5 сәби дүние есігін ашты. Оның екеуі – ұл, үшеуі – қыз бала. Сәбилі болған аналар ерекше күнде босанғандарына дән риза.

Ел демографиясына үлес қосқан аяулы аналар, атап айтсақ Нұрила Жұмақан бесінші нәрестесін босанып, ұлына Ақжол есімін беріпті. Қызын Көркем деп атаған Майнұр Байзакованың бұл төртінші перзенті. Сондай-ақ төртінші нәрестесін бауырына басқан Айгерім Сәтімбай кішкентайына Ханшайым есімін таңдапты. Ал жас ананың бірі Гуля Хасан-Оглы екінші сәбиін Абдуллах деп атапты. Алғаш ана атанған Толқын Айткенова қызына Каусар есімін қойыпты. Көңілдері қуаныш сезімге толы аналар Қаратал аудандық орталық ауруханасының директоры Біржан Құмаров басшылық ететін перзентхана ұжымына ризашылықтарын білдіріп, аналарға медициналық көмекпен қатар жан-жақты қолдау көрсетіп, аналар мен балаларға сый-сияпат ұсынған директордың емдеу ісі жөніндегі орынбасары Зейнегуль Хусаинова, перзентхана меңгерушісі Фарида Валиева, акушер маманы Ирина Баст, балалар медбикесі Шырын Уражанова және басқа да қызметкерлерге алғыстарын айтуда.

«Сайлау күні перзентханамызда қуанышты сәттер көп болды. Барша қазақ еліне екі атқа мінер мен үш бұрымды қосылды. Әдетте күніне 2-3 бала туылатын еді, сайлау күніндегі туу көрсеткіш көңіл қуантты. Бүгінде аналар мен сәбилердің жағдайы жақсы. Сайлаудан ешкім шет қалған жоқ. Аналар көптен күткен сәбилерін қолдарына алып, болашаққа деген зор үмітпен өз таңдауларын жасады. Саяси науқаннан ұжымымыз да қалыс қалмады. Барлығы жұмыстарына білек сыбана кірісе жүріп, ана мен бала денсаулығына қарайлап жүріп, сайлауда да азаматтық позицияларын білдірді. Шыр етіп дүниеге келген барша сәбилер аман болсын! Сайлау күні туылған балалар болашақта еліміздің нағыз патриоты болар деген үміттемін- дейді  директордың емдеу ісі жөніндегі орынбасары Зейнегуль Сатмухамедқызы.

Жалпы кезектен тыс президент сайлауы күні елімізде 824 сәби дүниеге келді. Олардың ішінде 8 егіз, 418 ұл бала, 406 қыз бала бар, деп жазады inbusiness.kz Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз бөліміне сілтеме жасап.

Альфита ОРАЗБЕКҚЫЗЫ

Суретті түсірген: Балгерім ТҰМАН

By karatal

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *