Біз жастайымыздан газет-журнал оқып өскен ұрпақтың біріміз. Бүгінгі таңда жаңа технология деп барлығы электронды нұсқаға көшіп жатқаны анық. Ақпараттың заманы болған соң көшпен бірге ілесуіміз керек. Әйтсе де газеттің орны бөлек. Қазір әлеуметтік желіде желдей ескен жаңалықтар өте көп. Бірақ оның ақиқатын анықтау қиын. Мәселен, бала тәрбиесіне келгенде газеттің берері көп. Әсіресе, аудандық басылымнан тәрбиелік маңызы зор мақаланы көп оқимыз. Халқымыздың әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрі де насихатталып тұрады. Бұл жас ұрпақтың ой-өрісін дамытуға ең керекті методикалық құрал деп айтар едім. Ал, интернет желісі мұндай тәрбиені бере алмайды. Өйткені, онда сүзгі жоқ. Әркімнің қолында жеке ұялы телефоны бар. Кез келген жерден анықталмаған ақпаратты жария ете салады. Оны оқыған адамда расымен де осындай екен деген ой қалыптасады. Ал газет барлығын зерделеп, екшеп, оқырманға нақты шынайы ақпаратты береді. Әрине, мен интернетті мүлдем жоққа шығарып отырғаным жоқ. Оның да пайдасы зор.

Қазір жаңа технологиясыз аттап басу қиын. Оны да жақсы меңгеру керек және ақпарат саласына келгенде байыппен, зерделеп ой елегінен өткізіп оқыған абзал. Өздеріңіз білесіздер, әлемде түрлі оқиғалар орын алып жатыр. Көптеген қауіпті кереғар дүниелер бізге де салқынын тигізетіні анық. Осының бәрін реттейтін газет. Осы ретте «Қаратал» газетінің де алар орны ерекше. Біз көпұлтты ауданның біріміз. Мұнда көптеген ұлттың өкілі тұрады. Тұрақтылықты сақтау бағытында газетте жақсы мақалалар жарық көріп тұрады. Бұл ұлтты ұйыстырудың бір жолы. Аймақ экономикасынан бастап, отбасы құндылығына дейін барлығы қамтылған. Сондықтан газет жылдан жылға айтары салмақты, оқырман сүйсіне оқитын мақалаларымен құндылығын арттырып келеді. Электронды басылымдар қанша алға шығып кетті десек те газеттің салмағы басым.

Мария БЕРЛІНБАЕВА, Қаратал ауданының Құрметті азаматы, «Құрмет белгісі» орденінің иегері, еңбек ардагері

By karatal

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *