Апта басы жағымды жаңалықпен бастау алды. Қаламыздағы Кемел Тоқаев атындағы орта мектебі жанынан қосымша жаңа ғимарат бой көтеріп, оқушы балалардың игілігіне пайдалануға берілді. «Балалар жылы» аясында бой көтерген нысанның ашылуына орай ұйымдастырылған салтанатты шарада ғимараттың лентасы қиылды.
Игі шараға мектеп ұжымы, оқушылар мен ата-аналар қатысты. Шара барысында Жетісу облысының білім басқармасының басшысы Айжан Адамбекова, Қаратал ауданының әкімі Ерлан Исабеков, Қаратал ауданының құрметті азаматы, еңбек ардагері Валентина Спиридонова, белсенді ата-ана Әдемі Доспаева сөз алып, жаңа ғимараттың ашылуымен құттықтап, жас ұрпаққа ізгі тілектерін білдірді.
Өткен жылдың жаз айында бастау алып бүгінде пайдалануға берілген нысанның құрылыс жұмыстарын жүргізген «BI Group» компаниясының өкілі Бексұлтан Ерғалиев мектеп директоры Ляззат Испановаға мектеп кілтін табыстады. Артын ала барша қонақтар іргесі жаңадан қаланған ғимаратқа еніп, заманауи үлгіде жабдықталған оқу кабинеттерімен танысты. Оқушылар жырдан шашу шашып, қуаныш сезімдерін білдіріп жатты.
Жалпы көлемі 2071 шаршы метрді құрайтын мектеп 200 оқушыға арналған. Онда химия бөлмесі (лабораториясымен), физика бөлмесі (лабораториясымен), 2 информатика бөлмесі, 2 мультимедия бөлмесі, қыз балаларға арналған технология сабағы бөлмесі, ұлдарға арналған технология сабағы бөлмесі, химия және физика вертуалды лаборатория, көрермен және спорт залы бар. Барлық сыныптар арнайы әдістемелік құралдармен жабдықталған. Жаңа ғимаратпен бірге мектептің спорт аландары да жаңартылған. Мектептегі шағын футбол, баскетбол және волейбол алаңдары спорттық стандартқа сәйкес салынған.
Аталған білім ордасында ұстаздардың толыққанды жұмыс істеп, оқушыларға сапалы білім мен тәрбие беруге барлық жағдай жасалған. Ел болашағының тұтқасы болар – жас ұрпақтың сапалы білім мен саналы тәрбие алып, өсіп-өркендеуіне жол ашар мектеп болмақ.
Альфита СЕКСЕНБАЕВА
Қаратал ауданы, Жетісу облысы