Құрметті оқырман! Тағы бір жылды артта қалдырып, жаңа жылға қадам басуымызға санаулы ғана күндер қалды. Осындай кезеңде өткен күндерімізге есеп беріп, алға жаңа мақсат-міндеттер қоятынымыз анық. Биыл біздің «QARATAL» газетіне – 90 жыл. Яғни, сонау 1932 жылдан бері жарық көретін басылымның тағдыры да сан қилы болғаны ақиқат. Ең бастысы бүгінде газет халықпен бірге. Кез-келген басылым оқырманымен құнды. Ауданымызбен аттас «QARATAL» деген атаумен жарқырап жарық көріп жатқанымыздың өзі қымбатты оқырмандарымыздың арқасы. Өткен жылы газетіміз Республикалық «Шаңырақ» байқауынан жүлделі 2 орынды иеленіп, байқау ұйымдастырушылары тарапынан сый-құрметке ие болған едік. Басылым ұжымы онымен тоқтап қалмай, одан әрі шабыттана еңбек етіп, үлкен жоспарлар құрдық. Бүгінде нәтижесі жоқ емес. Сондықтан да сүйікті оқырмандарымызбен ақжолтай жаңалығымызды бөлісуді жөн көрдім.
Қадірлі оқырман! Басылым қайта тіркеуден өтіп, Жетісу және Алматы облыстарында таралуға рұқсат берілген Қазақстан Республикасы Ақпарат және Қоғамдық даму министрлігі мен Ақпарат комитетінің № KZ34VPY00060430 куәлігіне ие болдық. Алдағы жаңа жылдан бастап газетіміз тек Қаратал ауданы аумағында таралып қана қоймай, жоғарыда аталған қос облыстың әр ауданы мен елді-мекендеріне жол тартпақ. Демек бізге жүктелген міндет пен жауапкершілік те жоғары болмақ. Әр сәтте бізге қолдау білдірген әр жанға шексіз алғыс білдіремін! Мыңдаған оқырмандарымыз бізбен «Қараталым» қарыштай берсін!
Альфита СЕКСЕНБАЕВА, «Қаратал» газеті ЖШС-нің бас редакторы