Алакөл гуманитарлық-техникалық колледжі Жетісу облысының ең көне оқу орындарының бірі, өзінің даңқты жылнамасын 1973 жылдың желтоқсан айынан бастап жүргізіп келеді. Бұл білім ордасы бүгінде білікті де білімді мамандар дайындауда.
Колледж тарихына тоқталсақ, Талдықорған облыстық кәсіптік-техникалық басқармасының 1973 жылғы 25 желтоқсандағы №143 бұйрығының негізінде №122 Үшарал Ауылшаруашылық кәсіптік-техникалық училищесі құрылды. 2008 жылы 16 мамырда №102 қаулысына сәйкес Үшарал қаласындағы №5 кәсіптік мектеп мемлекеттік мекемесі Алакөл ауданы Үшарал қаласындағы №5 кәсіптік лицей мемлекеттік мекемесі болып құрылды. 2013 жылы 15 мамырда Алматы облысының әкімдігінің №138 қаулысына сәйкес «№5 кәсіптік лицей» МКҚК «Алакөл гуманитарлық-техникалық колледжі» болып ауыстырылған.
Қазіргі таңда колледжді Мұхтар Каримов басқарып отыр. Колледждің материалдық- техникалық базасы қазіргі заман талабына сай. Колледжде 3 қабатты типтік оқу ғимараты мен 5 қабатты 500 орындық жатақханасы бар. 17 оқу кабинеті, 2 компьютерлік кабинеті, 3 зертхана, 7 өндірістік цех, 1 аспазшылар лабораториясы, жүргізушілердің жаттығу тренажерлары орнатылған 2 лабораториясы, спортзалы, акт залы, психологиялық қызмет көрсету кабинеті, дәрігерлік бөлме, кітапхана, сонымен қатар 250 орындық асхана бар.
Колледжде мынадай қысқа мерзімді курстар жүргізіледі: «ЖЭЕМ-нің операторы», «ВС, В категориялы автокөлік жүргізушісі», «Газэлектрдәнекерлеуші», «Аспаз», «Шаштараз», «Тігінші», «Тракторшы-машинисі». Колледжде спорттық және мәдени үйірмелер бар. Білім ордасында 72 қызметкер жұмыс істейді, оның ішінде жоғары білімді 31-оқытушы, 1-аға шебер, 9-өндірістік оқыту шебері қызмет атқарады. Өндіріс шеберлерінің 4 жоғары білімді, 5 арнайы орта білімді. Оқытушылардың санаттық құрамы: жоғары санатты -1 оқытушы; бірінші санатты -9 оқытушы мен 1 өндіріс шебері; екінші санатты 8 оқытушы мен 3 өндіріс шебері.
Алакөл гуманитарлық-техникалық колледжінің көптеген оқытушылары мен білімгерлері аудандық, облыстық байқаулардан жүлделі орындарға ие болып отырды. Атап айтсақ: Б.Шаяхметов, Ғ.Сыздықбаев, Ж.Жетписбаев, М.Мукаева, Қ.Байтұғырова Б.Байкалұлы Д.Ракишев, П.Жакупекова сынды оқытушылар мен өндірістік оқыту шеберлері. Сонымен қатар білімгерлер арасында жетістіктер жетіп артылады. Солардың бірі кәсіптік лицей білімгерлер арасында ауылшаруашылық «Тракторист – машинист» мамандығы бойынша өткен облыстық кәсіби шеберлік байқауында өндірістік оқыту шебері, кәсіптік-техникалық білім беру ісінің үздігі Ғ. Сыздықбаевтың шәкірті Рымжанов Азат «Спорт лидері» номинациясы бойынша жүлделі үшінші орынды иеленіп, Жетісу облыстық білім басқармасының грамотасымен марапатталып және ақшалай сыйлыққа ие болды. Ақсу ауданында колледждер арасында өткен облыстық «Ең үздік механизатор» байқауында өндірістік оқыту шебері Байкал Бағдаттың жетекшілігімен 22 топ білімгері Мәди Жүнісов 3 орынды иеленді. 2014 жылы өндірістік оқыту шебері Жандос Жетписбаевтың жетекшілігімен Талдықорған қаласында колледждер арасында өткен облыстық «Ең үздік дәнекерлеуші» сайысында 21 топ білімгері Еркебұлан Асқарбеков «Үздік дәнекерлеуші» номинациясын жеңіп алды. 2013 жылы облыстық кіші ғылыми конференцияға қазақ тілі пәнінің оқытушысы Ж.Күзенбаеваның шәкірті, 32 топ білімгері Данияр Қыдырғалиұлы қатысып, алғыс хатпен марапатталды.
Колледж білімгерлері оқумен қатар спортта да үлкен жетістіктерге қол жеткізіп жүр. Атап айтсақ, 2014 жылы 13 топ білімгері «Самбо» күресінен Татьяна Шальнева Республикалық жарыстардан бірнеше жүлделерге ие болды. Сонымен қатар 23-топ білімгері Махаббат Қайрат «Дзюдо» күресінен республикалық және облыстық жарыстардан 1 орынды иеленіп қайтты. Талдықорған қаласында облыстық бокстан өткен жарыста 21 топ білімгері Мұса Каримов жүлделі 2 орынды иеленді. 2013 жылы Сарқанд қаласында колледж арасында облыстық «Баскетбол» жарысында колледж спортшылары 3 орынға ие болды. 2013 жылы Қапал ауылында колледждер арасында облыстық жарыстарда колледж білімгерлері волейболдан 2 орын алды.
Үкімет тарапынан көңіл бөлініп, жатақхана, шеберхана күрделі жөндеуден өтті, жаңа техникалармен қамтылуда. Бүгінгі таңда теория жағынан, практика жағынан да әр мамандық бойынша жастардың білім алуына толық жағдай жасалған.
2014 жылдан бастап «Тігін өндірісі және киімдерді үлгілеу» мамандығы бойынша білімгерлер дайындалып, тігін цехы мен 5 іс машинасы іске қосылды. Ақылы түрде даярланатын «Шаштараз» мамандығы бойынша кабинет қажетті құрал жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Болашақта осы мамандарды бюджетке кіргізу жоспарланып отыр. Колледж шеберханасында кәсіби білім алу материалдық база жабдықталған. «Аспазшы» мамандығы бойынша 1 шеберхана мен «Жаттығу рестораны» жұмыс жасап тұр. «Ауылшаруашылық өндірісінің тракторист-машинисі» мамандығы бойынша «Слесарлық цех» , «Автомобильге техникалық қызмет көрсету», «Ауылшаруашылық машиналары» лабороториялық іс-тәжірибе кабинеттері, «Газэлектрмендәнекерлеуші» мамандығы бойынша «Газбен дәнекерлеу», «Электрмен дәнекерлеу» шеберханалары жұмыс жасайды.
Колледжде 5 жеңіл автокөлік, 1 жүк автокөлігі 3 автотренажер, 1 МТЗ-82 тракторы талапқа сай жабдықталып, машықтану алаңында кесте бойынша жаттығу жүргізіледі. Колледжде білім мен кәсіпті меңгеруге ауылдық жерден келген білім алушылар жатақханада тегін тұрады. Олардың тыныштығы мен қауіпсіздігі, тәрбиесі Г.Садвакасова, К.Сембаева, сияқты тәжірибелі ұстаздардың жауапкершілігінде. Осы атқарылған жұмыстың жүйелі түрде жүруіне колледж басшысының қосқан үлесі зор. Атап айтсақ, колледжге жаңа техникалар алынды. Спорт зал, асхана, акт залы күрделі жөндеуден өтті. Оқу кабинеттері жаңа заман талабына сай жөнделуде. Ұжым жаңа мамандармен толықтырылды.
«Халықты халықпен, адамды адаммен теңестіретін білім»-деп Мұхтар Әуезов айтқандай, колледж оқытушыларының біліктілігін көрсету мақсатында әдістемелік кабинеттің білім жетілдіру және біліктілік санаттарын көтеруді жоспарлау іс-шаралары іске асырылған.
Колледжде әскери-патриоттық тәрбие беруге де көңіл бөлінеді. Бүгінгі жастарға отансүйгіштік , өз Отанына адал қызмет ету, ұлттық тәрбие беруге Алакөл гуманитарлық техникалық колледжінің барлық ұжымы атсалысуда . Патриоттық сезімінің нысаны Отан, туған өлке деп айтсақ ал оның мазмұны-туған жер, ана тілі қоршаған орта жастардың көкірегіне жылылық, жақындық,туысқандық сезімдерін ұялатады. Жастарға өз Отанына деген патриоттық рух қалыптастыру үшін алдымен бай тарихына, оның болашағына сол жастардың жауапкершілігін сездіретін амал жасау керек. Әрбір жас өздерінің келешегі жолында табанды күрескер екендіктерін сезінуі үшін әр уақытта Отанды қорғау, ұдайы моралдық тұрғыда және жан-жақты даярлықта болуы тиіс.
Алакөл гуманитарлық-техникалық колледжі үздік оқытушылармен жасақталып, жастарға сапалы білім беріп жатыр. Сол жастар ертеңгі күні тәжірибелі маманға айналып, ауданның экономикасы мен әлеуметін арттыруға үлес қосатыны анық.
Асылан МАХАНОВ