Біз жаңа қоғамда өмір сүріп жатырмыз. Жаңа қоғамның сипаты іскерлік болса, бұл жолда жетістіктеріміз де аз емес. Ал шешімі күрделі мәселелер де бар. Ол – әлеуметтік мәселе. Бұл салада қоғам өмірінде түбегейлі шешімі табылмай тұрған мәселе ол – жемқорлық. Елімізде осы мәселеге арнайы қабылданған заңдар да, атқарылып жатқан жұмыстар да баршылық, бірақ бұл мәселе әлі толық шешімін тапқан жоқ. Сыбайлас жемқорлықпен күресу бүгінгі күні күрделі мәселесі болып отыр. Қоғамдағы осы індеттің салдарынан еліміздің әр азаматы зардап шегіп отыр десек қателеспейтін шығармыз. Өйткені сыбайлас жемқорлық қоғам өмірінің барлық саласына тарап кеткені белгілі.
Парақорлық мемлекеттік органдардың тиісті қызмет атқаруына кері әсерін тигізіп, беделіне нұқсан келтіреді, заңды қағидаларды теріске шығарып, азаматтардың конституциялық құқықтары мен заңды мүдделерінің бұзылуына түрткі болады. Парадан сақтану жолдарына келер болсақ олар үшеу, әуелі әділ болу, екінші қанағат ету, үшіншіден атқарып жүрген қызметті аманат деп білу. Әрине сыбайлас жемқорлық дәрі беріп емдейтін сырқат емес. Бұл дерттің алдын алып, қоғамға таралу жолдарын кесіп, оның ұлғаюына жол бермеу қажет.Сыбайлас жемқорлықпен пәрменді күресу үшін халықтың құқықтық сауатсыздығын жойып, құқықты түсіндіру жұмысының деңгейі мен сапасын арттыру керектігінің маңызы зор. Күресті әрбір адам өзінен бастауы тиіс. Ол қандай қызмет атқарса да, сол қызметінде «Мен еліме не беремін, осы қоғамға, мемлекеттің дамуы үшін қандай үлес қосамын» – дейтін болса, өз жұмысына, айналасына әділ қарап, таза жұмыс істегенде ғана осы кеселді толық жеңе аламыз деп ойлаймын.
Нұргүл АХМЕТОВА,
Қаратал аудандық қазынашылық басқарма басшысы