Шалғайдағы шопандарға көмек

Жетісу облысының дәрігерлері қыстаулардағы малшылардың денсаулығын тексеру үшін жолға шықты. Алғашқы аялдама Алакөл ауданы болды. Бұл елді мекенде асыл тұқымды жылқы және қой өсіріп отырған 300-ден аса малшы бар екен.

Көптен бері дәрігерге көріне алмай жүрген шопандар тегін медициналық  көмекті қуана қарсы алды.  Екі жылдан бері малдың соңында жүрген Ерлан Елтаев осы күнге дейін өзінің емес бала-шағасының денсаулығына алаңдап келгенін жасырмайды. Өйткені қыстың көзі қырауда қала тұрмақ ауылға түсудің өзі қиын дейді. Сондықтан көп балалы әке кешенді медициналық көмектің келгеніне қатты қуанып отыр.

– Осы Алакөлде мал баққанымызға екі жылдай болды. Көлікпен қыстың күні ауылға қатынау қиындау. Коронавирус пандемиясы кезіндегі шектеулерден кейін бірінші рет болып тұр тексеріс. Сол бала-шағамызбен келіп, денсаулығымызды көрсетіп, бәрін тексеріп жатырмыз,-деді малшы Ерлан Елтаев.

– Біз енді ауыл жаққа, қала жаққа бара алмаймыз. Қолымыз тимейді. Малдан шыға алмаймыз. Енді міне өздері келіп мынадай тексеріс жасап жатыр. Мұндай мүмкіндік бола бермейді ғой. Өте жақсы өтіп жатыр,-деді малшы Арзыгүл Қаби.

Ұлт саулығы мықты болса, қоғам орнықты дамиды. Жетісу өңірінің денсаулық сақтау басқармасы биылдан бастап шалғай аймақтардың тұрғындарына кешенді медициналық көмек көрсетуді қолға алып отыр. Қаратау қыстағына жиналған малшылар  Жетісу облысының әр ауданынан келген білікті мамандарға қаралды.

Талдықорған қаласы облыстық ауруханасының директоры Анарбек Монголхан:               – Қазір біз елді мекеннен 150 км шалғай жерде отгонда, малшыларға медициналық көмек көрсетіп жатырмыз. Алакөл ауданынан, Қабанбай ауылдық ауруханасынан және облыстық балалар ауруханасы және Ақсу аудандық мекемелерінен  15-ке  жуық медициналық мамандар қазір мұнда көмек беріп жатыр,-деді. Атап айтар болсақ, оларды терапевт, хирург, стамотолог, педиатр, лор мен окулист қарады. Электрокардиография, ультрадыбыстық зерттеу, гастроскопия жасалып, рентгенге түсті. Тексеру қорытындысы бойынша қандай да бір науқасқа шалдыққандар болса, дертті асқындырмай ауруханаға жіберіліп ем-дом көрсетіледі, дейді дәрігерлер.

– Денсаулықтарын тексерген кезде қандай да бір кінәрат шығып жатса біз ол кісілердің орнына уақытша басқа кісілерді қойып бірақ та жұмыс орны сақталып ол кісіні, мекеменің атынан емделуге жібереміз. Толық емделіп келген соң сол жұмыс орнына келе береді,-дейді шаруа қожалығының басшысы Өмірбек Ахметов.

Медициналық диагностика тағы екі күнге созылады. Осы уақыт аралығында Алакөл ауданының қыстағында отырған 300-ден аса малшыға тегін медициналық көмек көрсету жоспарланып отыр.

Дереккөз: https://24.kz/

By karatal

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *